
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН
Жалпы тыныштық пен тұрақтылықты берекенің бастауына балаған аудан халқы дамудың даңғыл жолынан таймауға өз үлестерін қосуда. Негізі Жамбыл ауданында өндіріс пен қайта өңдеу салаларын дамыту, өнім көлемін ұлғайту, инвестициялық жобаларды іске асыру және инфрақұрылымдық әлеуетті арттыру секілді экономиканың негізгі бағыттарына қатысты шаруалар тың серпін алған. Мәселен, мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалардың нәтижесінде ауданда индустриялды-инновациялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, кәсіпкерлік бағыт кеңге құлаш жаюда. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы, жол жөндеу, әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып, ауданның экономикалық деңгейі жаңа реңк алды.
Ауданда бүгінде 12 шағын өнеркәсіп нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында «Амангелді МӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Суперфарм» ЖШС, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС сынды іргелі кәсіпорындар бар. Осы жылдың 4 айында өнеркәсіп саласында 50 миллиард 200 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 97,9 пайызды құрады. Атап айтқанда, «Амангелді МӨЗ» ЖШС 15 миллиард 176 миллион 500 мың теңгеге 110,2 мың тонна гипс тасын өндірсе, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС 1 миллиард 53 миллион теңгеге 415,2 мың тонна өнім шығарды. Ал «Суперфарм» ЖШС 100,9 миллион дана матадан жасалмайтын медициналық бұйым өндіріп, өнім көлемі 8 миллиард 684 миллион теңгеге жетті. Бұл бағытта «Ерсад» серіктестігі де белсенділік танытып, 461 миллион 200 мың теңгеге 360,2 миллион дана медициналық бұйым өндірді. Сонымен қатар «КазУпакТрейд» ЖШС арқылы 693 миллион 900 мың теңгеге 19,3 мың тонна гипс өнімдері өндірілді.
Осы жылдың есепті кезеңінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 36 миллиард 900 миллион теңгені құрап, өсім 136,7 пайызға қалыптасты. Оның ішінде жеке инвестициялар 31 миллиард 500 миллион теңгеге жетіп, 126,2 пайызды көрсетті. Биыл жалпы құны 45 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Нәтижесінде 431 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл жобалардың үшеуі жалпы сомасы 21 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын ірі нысандар. Алдағы уақытта олар Тараз қаласының құрамына өтеді. Тарқата айтқанда, «Алел Агро» 16 миллиард теңгенің, «TRZ Agro» ЖШС 1 миллиард 600 миллион теңгенің, «Alit Holding» ЖШС 3 миллиард 600 миллион теңгенің жобасын жүзеге асырады.
Ауылшаруашылығы саласында 7 жоба іске асырылмақ. Олардың жалпы құны – 7 миллиард 700 миллион теңге. Бұл жобалар нәтижесінде 56 жаңа жұмыс орны ашылады. Айша бибі ауылдық округі аумағында «Ализа» ЖШС жылына 10 мың тонна көкөністі ұзақ мерзімді сақтайтын қойма салып жатыр. Жобаның құны – 1 миллиард 900 миллион теңге. 8 жұмыс орны қарастырылған. Электр желісі мен газ құбырын тартуға аудандық бюджеттен тиісінше 48,7 миллион және 8,7 миллион теңге бөлінген. Өрнек ауылында «Момбек» шаруа қожалығы тәулігіне 10 тонна сүт өндіретін ферма құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 2 миллиард 900 миллион теңге. Осы арқылы 15 адам жұмысқа тартылады. Қөлқайнар ауылында дәл осындай қуаттағы ферма «АзНұр» шаруа қожалығы тарапынан салынуда. Құны – 1 миллиард 800 миллион теңге. Ақбастау ауылында жеке кәсіпкер Шавкат Рыжыбаев жылына 240 мың балапан өсіретін құс фабрикасын қолға алған. Жобаның құны шамамен 1 миллиард теңге. Гродекова ауылында Дариғаш Ақылбекова жылына 90 тонна сүт өңдейтін цех салуда. Осы ауылда «Карим Жансерик» шаруа қожалығы жылына 10 тонна балық өсіретін бассейн құрылысын қолға алды. Ал «Жуманов Салтанат» шаруа қожалығы жылына 35 тонна балық өсіруге арналған бассейн жобасын жүзеге асыруда.
Бірлесу-Еңбек ауылында «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС гипсокартон және құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт құрылысын бастағалы отыр. Зауыт жылына 22 миллион шаршы метр өнім шығарады. 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылысқа 28 гектар жер телімі бөлінді. Зауыт 2026 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады.
Ауданның туризм әлеуеті де кеңеюде. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің аудан аумағындағы 58-шақырымының бойында үш жоба қолға алынған. Көлқайнарда «Арзан Сити – 3» жол бойында қызмет көрсету орталығы ашылды. Құны – 700 миллион теңге. Мұнда 500 адамға арналған кафе, 28 адам түнейтін қонақүй, дүкен, монша бар. «Таң Петройл» ЖШС дәл осы дәліз бойында жанармай құю бекетінің, асхана мен дүкен құрылысын жүргізуде. Айша бибі ауылында жеке кәсіпкер Нұргелді Жолдасов Күйік асуына таяу маңда жанармай құю бекетін, асхана, кемпинг пен дүкеннен тұратын кешен салуды жоспарлап отыр. Оның құны – 600 миллион теңге. Айша бибі ауылында «АЕК Аса» ЖШС күн электр стансасының құрылысын аяқтады. Қуаты – жылына 20 МВт. Құны шамамен 25 миллиард теңге болса, жалпы аумағы – 300 гектар. Осы аймақта «Juru» компаниясы 25 шақырым әуе электр желісін тартуды көздеп отыр. Жоба 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталып, 2027 жылдың басында аяқталады. Желі «КЕГОК» акционерлік қоғамының 500 кВ қосалқы стансасына қосылады. Сонымен қатар осы қосалқы стансаны кеңейту жобасы да жоспарлануда.
АУДАН ГАЗ ЖӘНЕ АУЫЗСУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛЕДІ
Ауданда 6 749 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп тұрған 5 932 субъектіде 10 408 адам жұмыс атқаруда. Онда 13,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 9,2 миллиард теңгеге 289 жоба қаржыландырылып, 296 жұмыс орны ашылды.
Ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жыл басынан бері 17 миллиард 700 миллион теңгеге құрылыс жүргізіліп, нақты көлем индексі 127,1 пайызды құрады. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 9 миллиард 700 миллион теңгеге 35 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілді. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған 9 жобаға 3 миллиард 100 миллион теңге, облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылған 11 жобаға 893 миллион 500 мың теңге, ал аудандық бюджет арқылы іске қосылған 14 жобаға 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы арқылы қаржыландырылған 11 нысанның құрылысына 4 миллиард 200 миллион теңге бағытталды. Ашып айтқанда, Ерназар ауылында ауызсу құбыры, Өрнек, Қаракемер, Бесағаш ауылдарында спорт кешені салынды. Аса ауылында музей, Ақбұлым ауылында мәдениет үйі бой көтеріп, Шайқорық, Аса, Жұма ауылдары электрмен қамтылды. Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат ауылдарында магистралды газ құбырын тарту, Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау, Қаратау ауылдарында медициналық пункттердің құрылысы мен Аса ауылында мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Шайдана, Бәйтерек ауылдарында мектеп, Бектөбе, Қызылшарық, Жаңаөткел, Өрнек-Жұма ауыл. ауыз су құбыры, Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат, Сеңгірбай ауылдарында ауылішілік газ құбырын тарту, Аса ауылында орталық кітапхана, орталық архив, жасөспірімдерге арналған демалыс орталығы, Қызылқайнар ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталуда.
Бұдан бөлек, Қостөбе ауылында 1,4 миллиард теңгеге мектеп, Бесағашта 644 миллион теңгеге және Шәкен Ниязбеков ауылында 541 миллион теңгеге мәдениет үйінің құрылысы басталды.
Аудан бойынша пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй көлемі 78 743 шаршы метрді құрап, жоспар 101,4 пайызға орындалды. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 1 716 адам тіркелген. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 127 бала, әлеуметтік әлсіз топтағы 598 азамат, көпбалалы 677 отбасы және 303 мемлекеттік қызметші бар. Бұдан бөлек, республикалық бюджет есебінен әлеуметтік осал топтар үшін аудан орталығы Аса ауылынан 40 отбасыға жалпы сомасы 621,5 миллион теңгеге тұрғын үйлер сатып алынды. Ал 2025 жылы бұл бағытта республикалық бюджеттен тағы 228 миллион теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ «Асар» жобасы аясында тұрмысы төмен отбасына Шайқорық ауылынан бір үй салынып берілді.
Ауданда жеке тұрғын үй құрылысын салу үшіні жер телімін алуға 11 769 адам кезекте тұр. Осыған орай 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқаптарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылып, кезектілік тәртібімен барлығы 1 864 жер учаскесі үлестірілді. Атап айтқанда, Бірлесу-Еңбек ауылында 130 жер телімі, Тастөбеде – 79, Бесжылдықта – 97, Айша бибіде – 382, Бектөбеде – 143, Қызылқайнарда – 222 және Аса ауылында 811 жер учаскесі кезекте тұрған азаматтарға таратылды.
Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту бойынша 31 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұл жалпы халықтың 98,9 пайызы (51 256 адам) таза ауызсуға қол жеткізгенін білдіреді. 2024 жылы Бесағаш,Түрксіб пен Ерназар ауылдарындағы ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Жаңаөткел, Қызылшарық, Бектөбе және Өрнек, Жұма ауылдарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда осы жылы орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Газдандыру мәселесіне келсек, ауданға қарасты 31 елді мекеннің 27-сі табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 87,1 пайызды құрап отыр. Тоғызтарау, Жаңаөткел және Құмсуат елді мекендеріне магистралды газ тарту жобасы аяқталып, оған 439 миллион теңге жұмсалды. Сонымен қатар Бесағаш және Қаратау ауылдарындағы «Шөлдала» шекара заставалары газ желісіне қосылды. Биыл Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат және Сеңгірбай елді мекендерінде ішкі газ жүйесінің құрылысы жүргізілмек. Осы жобалар аяқталған соң ауданның газбен қамтылу деңгейі 100 пайызды құрайтын болады.
АУЫЛІШІЛІК КӨШЕЛЕРДІҢ ДЕНІ АСФАЛЬТТАЛҒАН
Аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 332,2 шақырымды құрайды. Оның 58 шақырымы – республикалық, 103,2 шақырымы – облыстық, ал 171 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар санатына кіреді. Өткен жылы аудандық маңызы бар автожолдарды орташа жөндеу жұмыстарына 513,5 миллион теңге бөлініп, 4 жоба жүзеге асырылды.
Бұған қоса, бірнеше жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан Аса ауылынан «Аса» теміржол стансасына өтетін жаяу жүргіншілер көпірі жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Құны 360 миллион теңгені құраған бұл жобаның қаржысы толықтай аудандық бюджеттен қарастырылды. Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Дорожник» саяжайындағы Аса өзенінің үстінен көпір салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жұмыстарға 8,5 миллион теңге бөлінген.
2025 жылы аудандық маңызы бар автожолдардың тағы 22,1 шақырымы орта жөндеуден өтпек. Бұл бағытта жалпы құны 584,5 миллион теңгені құрайтын 5 жоба қолға алынды.
Аудандағы 13 ауылдық округке қарасты 31 елді мекенде жалпы ұзындығы 243,15 шақырым болатын 308 көше мен бұрылыс бар. Оның ішінде 242 көше 222,1 шақырымды, 66 бұрылыс 21,05 шақырымды құрайды. Өткен жылы ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 1,2 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 39,8 шақырымды қамтитын 26 жоба іске асырылды. Бұл жұмыстар 57 көше мен 22 бұрылысты қамтыды. Аталған жобалардың 17-сі аудандық бюджет есебінен қаржыландырылып, 575 миллион теңге жұмсалса, 9 жоба «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 669,3 миллион теңгеге жүзеге асты. Осы жылы да ауылішілік жолдарды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Алдағы жылы 15 жоба іске асып, 627,1 миллион теңгеге 15,2 шақырым жол жөнделмек. Оның ішінде 14 көше мен 5 бұрылысты қамтитын аталған жобалардың алтауына аудандық бюджеттен 68,5 миллион теңгеге қаралды. 9-ы «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 558,6 миллион теңгеге қаржыландырылып отыр.
Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында теміржол стансаларының аумағында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдарындағы үйлерді электрмен жабдықтау құрылысы аяқталды. Сондай-ақ 15 елді мекеннің 43 көшесіне жарықтандыру орнатылды. Мәселен, Шайдана, Гродиково, Тоғызтарау, Сұлутөр, Құмтиын ауылдарында бір-бір көше жарықтандырылса, мұндай жұмыстар Аса, Ащыбұлақ, Қаракемер, Жамбыл, Бірлесу-Еңбек елді мекендерінің әрқайсысында екі көшеге жүргізілді. Сол секілді Жалпақтөбе мен Еңбекте – 3, Түрксібте – 4, Айша бибіде – 6, Өрнекте 12 көше жарықтандырылды. Жалпы осы көшелердің жарықтандырылуына 347,8 миллион теңге бөлінді. Бұдан бөлек, 10 елді мекендегі 18 көшенің ескі бағаналары мен желілері жаңартылды. Атап айтқанда, Жасөркен, Қызылқайнар, Қаракемер ауылдарында бір-бір көшеде, Асада – 2, Сұлутөрде – 6, Гродеково, Қызылдихан ауылдарында 7 көшеде жаңарту жұмыстары жүргізіліп, оған 146,7 миллион теңге жұмсалды. Сонымен қатар Аса ауылындағы Қайнар көшесі, Қаракемер және Құмтиын елді мекендерінен бір-бір көшеге жаңа трансформатор орнатылып, істен шығу қаупі бар желілерге қосымша 3 трансформатор дайындалды. Бұл мақсатқа 31,6 миллион теңге бөлінді. Ал көше шамдары істен шыққан жағдайда қалпына келтіруге арналған шығындарға 46,5 миллион теңге қарастырылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасын табуда. Жыл ішінде 11 елді мекеннің 30 көшесі жарықтандырылып, 141,2 миллион теңге игерілмек. Атап айтсақ, Қоңыртөбе, Құмтиын, Бірлесу-Еңбек ауылдарында бір-бір көше, Айша бибіде, Тоғызтарауда, Гродековода екі-екіден, Ащыбұлақта, Ерназарда, Рахатта үш-үштен, Тастөбеде – 5, Бесағашта 7 көше қамтылады. Қызылқайнарда – 3, Жалпақтөбеде 5 көше бойынша ауылішілік бағаналар мен әуе желілері тартылып немесе ауыстырылады. Бұл жұмысқа 26,1 миллион теңге бөлінген. Ал көшедегі жарық шамдарының бұзылғандарын қалпына келтіруге 32,4 миллион теңге қарастырылып отыр.
Жалпы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019-2022 жылдары 70 жоба іске асырылып, тұрақты 183 жұмыс орны ашылған болатын. Бұл жобамен 5 тіректі, 12 спутниктік елді мекен қамтылды. 2024 жылы 1,6 миллиард теңгеге 15 жоба іске асырылды. 5 жоба 2023 жылдан өтпелі. Биылғы жылға жалпы 631,3 миллион теңге бөлініп отыр. Бүгінгі таңда Ақбұлым ауылынан мәдениет үйінің құрылысы, Аса, Жұма, Шайқорық ауылдарында үйлерді электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қызылқайнар ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы 2025 жылға өтпелі. Ауылішілік көше жолдарын жөндеу бойынша 634,9 миллион теңгеге 7 ауылдық округте 9 жоба іске асырылды. Бұл жұмыстар қазір толығымен аяқталды. 2025 жылы 782,2 миллион теңгеге 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде Тастөбе ауылында бір спорт кешенінің, Қызылқайнар және Бесағаш ауылындағы мәдениет үйлерінің құрылысы бар. Сонымен қатар ауылішілік көше жолдарын жөндеу бойынша 558,5 миллион теңгеге 8 ауылдық округте 9 жоба іске асырылады.
2024 жылы облыс әкімдігі құрылыс басқармасы арқылы Бәйтерек ауылында 100 орындық және Шайдана ауылында 150 орындық мектептердің құрылысы басталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірлесу-Еңбек ауылында жеке балабақша ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 22 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, Гродеково орта мектебіне ауызсу жүйесі тартылып (8,3 миллион теңге), Төле би және №2 орта мектептердің қазандықтары табиғи газға ауыстырылды. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында 29 жаңа модификациялық кабинет (5 химия, 6 физика, 7 биология, 1 STEM, 1 робототехника, 9 технология) орнатылды. Бұл мақсатқа 233,7 миллион теңге бөлінді. Осы жылы 2024 жылдан өтпелі Бәйтерек ауылындағы 100 орындық, Шайдана ауылындағы 150 орындық және Тоғызтарау ауылындағы орта мектептің жапсарлас құрылыстары аяқталады. Қостөбе ауылында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар Құмтиын, Тастөбе, Бесағаш, Еңбек, Ерназар, Қаракемер ауылындағы мектептер мен Аса ауылындағы «Балдырған» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыстық бюджеттен 311,4 миллион теңгеге 16 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Өткен жылы облыстық бюджет арқылы Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау елді мекендерінде медициналық пункттер мен Қаратау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жылы Гродеково ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Былтыр аудандық бюджет есебінен Аса ауылында мұражай ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, биыл орталық кітапхана, орталық архив және жасөспірімдерге арналған демалыс орталығына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар биыл аяқталады. Ақбұлым ауылында да мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қызылқайнар ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда, ол биыл пайдалануға беріледі. Аса ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілді. Сонымен қатар Өрнек және Ерназар ауылдарының кітапханаларына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ащыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар ауылдық кітапханаларының жылу жүйелері табиғи газға қосылды. Ерназар және Шайдана ауылдық клубтары да газбен қамтылған. Биыл Қаракемер ауылындағы кітапхана ғимаратына 19,6 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Бірлесу-Еңбек ауылында мәдениет үйінің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізуге 8 миллион теңге бөлінді. Еңбек ауылында демеушілер есебінен спорт кешені салынды. Жаңаөткел мен Қызылшарық ауылдарына шағын футбол алаңшалары орнатылды. Шоқай, Гродеково, Жамбыл, Еңбек, Қостөбе және Жалпақтөбе ауылдарындағы футбол алаңшаларына жасанды төсеніш төселді. Аса, Шәкен Ниязбеков, Қапал және Қызылдихан ауылдарында балалар ойын алаңшалары орнатылды. Осы жылы Айша бибі ауылындағы шағын футбол алаңшасының жасанды төсемі жаңартылады. Аса ауылындағы Ғ.Мұратбаев және Абай көшелеріндегі №28 көпқабатты үйдің ауласына, сондай-ақ Бірлесу-Еңбек ауылына балалар ойын алаңшасы салынады. Ал Қызылқайнар ауылында спорт кешені құрылысы үшін жобалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Алдағы жылдары Ерназар, Тоғызтарау, Бірлесу-Еңбек, Ащыбұлақ, Шайдана, Шәкен Ниязбеков және Шоқай ауылдарында ангарлық үлгідегі спорт кешендерін орнату спорт басқармасымен бірлесіп жоспарға енгізілуде.
Аудан халқының 33,3 пайызын жастар құрайды. Өрендерімізді қолдау бағытында ауданда жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікке баулу, волонтерлік мәдениетті дамыту, әлеуметтік және шығармашылық бастамаларды жүзеге асыру секілді тағы да басқа бағыттар бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда. Осы арқылы аудан жастарының экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік алып отырмыз.
Жалпы жоғарыда сөз етілген жұмыстар мен өзге де салалар бойынша атқарылған шаруалар ауданның экономикалық даму үдерісіне серпін беріп отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын таба береді.
Ерлан ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ,
Жамбыл ауданының әкімі