
«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» демекші, құнды қасиеттерді баланың бойына сіңіру, рухани бай тұлғаны қалыптастыру – оның сәби кезінен бастау алады. Әр адамға тән асыл қасиеттердің жиынтығы адамгершілік болса, адамгершілікке бай тұлғаны өсіруде ұлттық дәстүр мен тәрбиеге баса назар аударуымыз қажет. Халқымыздың дәстүрі мен тәрбиесіне, әдет-ғұрпының негізіне үңілер болсақ, түбінде ислам дінінің тамыры жатқандығын байқаймыз. Ұлттық дәстүр мен тәрбиенің негізі- Ислам діні, сондықтан бір-бірімен ұштасып жатқан дәстүр мен дінімізді ажырата алмайтынымыз хақ.
Қазіргі таңда дінді өз мақсаты мен мүддесі үшін пайдаланып, бұғанасы қатып үлгермеген жастарға теріс жолды нұсқайтын теріс діни ағымдардың қарасы көп. Олардың қазақ қоғамы үшін қаупі – басқа алпауыт мемлекеттердің өз идеологияларын кіргізу арқылы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақсыздандыру. Бұндай процесстердің легі орта ғасырда да көрініс тапқан. Мысал ретінде Х-ХІ ғасырларда дін арқылы парсы идеологиясының мәдениетімізге тигізген ықпалының зор болғандығын келтіре аламыз. Бұған дәлел, «пайғамбар», «ораза», «намаз» және тағы да басқа сөздердің қазақ тілі қорына парсы тілінен енуі. Жалпы, қазақ лексиконының қырық пайызға жуығы парсы тілінен енген кірме сөздерден тұрады.
Аталмыш мәселелерді дер кезінде байқаған ғалымдар өз еңбектерін көне түркі тілінде жазып бастап, түркі дүниетанымы мен ислам шариғатын ұштастыруға тырысқан.
Бір жағынан араб мәдениеті, екінші жағынан үнді-пәкістан мәдениеттері кең таралып тұрған қазіргі таңда да тарихтың қайталана бермектігін алға тарта отырып, діни проблемалардың шоғыры биік болып тұрған тұста әл-Фараби, Ахмет Иүгінеки сынды ғұламалар қоғамға ауадай қажет.
Қорыта айтқанда, ХХІ ғасырдағы қазақ ұрпағының басты міндеті – экономикамызды дамыта отырып, ұлттық құндылығымызды қорғап, дамытып, сақтай отырып әлемдік қауымдастыққа кірігу. Егер ұлттық құндылығымызды сақтай алмасақ жаһандануға жұтылып кетеміз. Жаһандануға жұтылып кетпей, мәңгілік ел болып қалу үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қорғай білуіміз керек. Себебі, ұлттық құндылық – ұлттың қазынасы мен тірегі.
Әбілхайыр CАБЫРҰЛЫ,
дінтанушы