
Дін дегеніміздің өзі адамның талбесіктен жер бесікке жеткенше өзімен бірге жүретін, жан-дүниесіне әсер ететін әлеуеті мол дүние. Сондықтан қандай да бір зайырлы мемлекет дінге қатысты өзінің ұлттық заңнамасын түпкілікті айқындап алуға міндетті.
1992 жылы тәуелсіздік алғаннан кейінгі аз уақыттың ішінде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңның қабылдану себебі де сол еді. Өйткені, ол өз саласында қоғамды түрлі қыспақтардан қорғауға әсер етуі тиіс еді. Ол дер кезінде қабылданған құжат болғанымен, кемшіл тұстары да аз болмады.
Соны пайдаланған түрлі дәстүрлі емес діндердің ағымдары, олардың ішінде қоғам дамуына, ұлттық қауіпсіздігімізге, адамдардың денсаулығына кері әсер ететін діни ұйымдар елімізде көбейіп, көңіл алаңдатарлық жағдайға жетті деп айтуға болады.
Мәселен, тәуелсіздік жылдарының басында ел аумағында барлығы 300-ге жуық діни бірлестік болса, 2010 жылдарға қарай олардың саны 4 500-ге жеткен болатын. Солардың кейбірі сол кездегі қолданыстағы заңның әлсіз тұсын пайдаланып, елдің ішінде іріткі салуға әрекет ете бастаған. Әсіресе, тіркелу мәселесінің барынша солқылдақтығы, сырттан келетін миссионерлерге шектеулердің болмауы, олардың әкеліп, таратып жатқан діни әдебиеттерінің мазмұнына ешкімнің назар аудармауы, міне осының бәрі діни бағыттағы ахуалдың барынша күрделенуіне жол берді. Тіпті, дін саласымен айналысатын уәкілетті мемлекеттік органның да түрлі министрліктерге беріліп келуі бұл істерді реттеуде тұрақты мүмкіншілік тудырмады. Осылардың бәрі сайып келгенде жоғарыда айтқан кемшіліктерді туғызды.
Сондықтан осыдан бұрын қабылданған құжатты қайта қарап, толықтырып, өркениетті мемлекеттің заңнамалық нормаларына жақындатып жетілдіру қажет.
Дін туралы жаңа заңды дайындау шаралары 2006-2009 жылдары өте қарқынды, жан-жақты жүргізіліп, 2011 жылдың аяғында қабылданғанға дейін көп уақыт алды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда қоғамның күтіп отырған басты-басты мәселелері айқындалып, біздің қалыптасқан діни наным-сенімімізге, ата-бабадан қалыптасқан дәстүрімізге, отбасылық ынтымағымызға кедергі келтіріп, түрлі жолдарға итермелейтін зиянды діни ағымдарға тыйым салуға үлкен көмек болды.
Құжатқа зиянды ағымдардың жұмысына өркениетті жолмен тосқауыл қоя алатын тетіктер енгізілді деп айта аламын. Ол – діни бірлестіктер мен миссионерлердің қайта тіркелуін талап етіп, реттейтін норманың енгізілуі.
Әрине, бұл құжат төрт құбыласы түгел заңнама ретінде ғасырлар бойы өміршеңдігін жоғалтпайды деуге келмейді. Оның да жетілдіруді қажет ететін тұстары болуы мүмкін.
Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң дін саласында жауапкершілік қатынастардың қалыптасуында өз міндетін орындады. Дегенмен, 2011 жылдан бері дін саласында әлемдік деңгейдегі жағымсыз үрдістер күшейе түсті. Дін саласына қатысты соңғы жылдары әлемде орын алып жатқан құбылыстар қоғамдық қатынастар жүйесі мен мемлекеттік құрылымды түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін екенін көрсетуде. Біздің елімізде қоғамның жағдайы мен оның діни саладағы сұраныстары өзгерді. Діншіл адамдардың үлесі артты, діни аудиторияға шетелден ықпал ету едәуір күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері әсер етуде. Сондықтан, дамуымыздың жаңа кезеңінде діни қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру заман талабына айналып отыр.
Бұл мәселенің қазіргі жағдайдағы өзектілігін ескере отырып, Үкімет діни қызмет саласындағы заңнаманы, атап айтқанда «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарын енгізу; деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен оңалту жұмысын заңнамалық қамтамасыз ету; діни әдебиеттерді, ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттарды таратуға мүмкіндік беретін субъектілердің тізбесін әзірлеу; интернет-ресурстар; қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге шектеулер енгізу және тағы басқаларын жетілдіруді көздеуде.
Еркебұлан АҚБАЙ,
облыс әкімдігі
дін істері басқармасының
бөлім басшысы