Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дежавю естің қателігі ме, әлде...

Дежавю естің қателігі ме, әлде...
Автор
Кейде болып жатқан оқиғаны бұған дейін бастан өткергендей, әлде түсімізде көргендей сезімде боламыз. Былайша айтқанда, «бұл сәтті мен бұрын көрген сияқтымын» деген ерекше күйге түсеміз. Бұл сезімді көпшілігіміз өмірімізде кемінде бір рет бастан кешкенбіз. Ғылымда мұндай құбылыс «дежавю» деп аталады. Француз тілінен аударғанда бұл сөз «көріп қойғанмын» деген мағына береді. Яғни бұл – дәл қазіргі мезет бұрынғы бір көріністің немесе сезімнің қайталануы секілді көрінетін психикалық құбылыс.

Зерттеулерге сүйенсек, адамдардың шамамен 97 пайызы өмірінде бір рет болсын дежавюді бастан өткерген. Ол санаулы секундтарға ғана созылады және көбіне түсініксіз күйде өтеді. Дежавю кезінде адам алдағы сәтте не болатынын алдын ала сезгендей күй кешеді. Қарсы алдында тұрған адамның не айтпақ болғанын, не істейтінін іштей болжап тұрады. Бұл сезім әдетте бірнеше секундтан он минутқа дейін жалғасады. Бірақ оның нақты неден пайда болатынына ғылым нақты жауап бере алмай келеді.

Қазіргі заманғы нейробиология мен психология дежавюді мидың есте сақтау және қабылдау орталықтарының уақытша сәйкессіздігімен түсіндіреді. Бұл кезде мидың сенсорлық сигналы – яғни «бұл дәл қазір болып жатыр» деген белгі мен ұзақмерзімді жады – «бұны бұрыннан білемін» деген белгі бір мезетте іске қосылады. Нәтижесінде ми жаңа ақпаратты бұрынғы таныс көрініспен шатастырып, адамда алдамшы таныс сезім туады. Яғни дежавю – естің уақытша жаңылысы деп түсіндіріледі. Бұл теорияны нейробиологтар тәжірибелер арқылы дәлелдеуге тырысуда.

Ғалымдар дежавюді екіге бөледі. Патологиялық дежавю – көбінесе эпилепсия немесе басқа да неврологиялық ауытқулармен байланысты. Екіншісі непатологиялық дежавю – дені сау адамдардың көпшілігінде кездесетін қалыпты құбылыс.

Сондай-ақ, жиі саяхаттайтындар, көркем фильмдерді көп көретіндер мен шығармашылықпен айналысатындар дежавюді жиі бастан өткереді. Жасы ұлғайған сайын бұл құбылыстың жиілігі азаяды.

Бұл құбылысқа діни тұрғыдан келетін болсақ, исламда дежавю туралы Құранда да, хадистерде де нақты айтылмаған. Дегенмен, діни ғалымдар бұны адамның рухани әлемімен, тағдырмен, түс жоруымен байланыстыра түсіндіреді.

– Мұның астарында «Ләухул-Махфуз» – тағдыр кітабы жатыр. Адам ұйықтап жатқанда түс көреді. Сол түс әлемінде Ләухул-Махфуздан кейбір сәулелер түсіп отырады. Егер ишаратпен келсе, жори аласың, ал егер тікелей берілсе, болашақта болатын оқиға түсіңде көрсетіледі. Бірақ ол санаға сақталмайды. Ал дежавю кезінде сол түс әлемінде көрген сәт санада жылт етіп жаңғырады. Бұл адамның тағдыры мен Алланың басқаруына берілгендігінің белгісі, – дейді Нұр-Мүбәрак университетінің профессоры, теология ғылымының кандидаты Мұхиддин Паттеев.

Мұхиддин Исаұлының пайымдауынша, дежавю – жай ғана нейробиологиялық құбылыс емес, ол адамның рухани жадына қатысты. Киноның трейлерін алдын ала көру сияқты – біз оқиғаның толық нұсқасын ұмытамыз, бірақ әлдебір сәті есімізде қалады. Уақыты келгенде сана оны жаңғыртады. Бұл – тағдыр мен Алланың бақылауын мойындауға итермелейтін рухани ескерту.

Кейбір ағымдар мен парапсихологтар дежавюді телепатиямен, қайта туу теориясымен, рух көшімен, тіпті магиямен байланыстырады. Алайда бұлардың ешбірінің ғылыми дәлелі жоқ, ал ислам діні мұндай сенімдерді адасу деп есептейді. Дежавюді адамның шынайы рухани жағдайымен, тағдырға иман етуімен түсіндіру әлдеқайда қисынды. Бұл құбылыс арқылы адам өз жаратылысындағы әлсіздік пен таным шекарасын түсініп, Тәңірдің құдіретін тереңірек сезінуге мүмкіндік алады.

Метафизикалық әлем – адамзат үшін ең аз зерттелген сала. Бұл дүниеде бізге көрінбейтін, бірақ әсер ететін сансыз күштер мен заңдылықтар бар. Адам миының мүмкіндіктері әлі толық зерттеліп болмағаны – дежавю сияқты құбылыстардың сырын ашуға кедергі болып отыр.

Сонымен, дежавю – бір жағынан ғылым үшін жұмбақ құбылыс, екінші жағынан адамның рухани әлемінің тереңдігін танытатын ерекше сезім. Ғылым оны естің жаңылысы десе, руханият оны тағдырмен байланысқан ишарат деп түсіндіреді. Мұндай құбылысты басынан өткерген әр адам өзінің ішкі жан дүниесі мен сенім әлеміне қарай әртүрлі қабылдайды.

Алайда бір нәрсе анық – дежавю адамға өз болмысы мен жаратылысына ой жүгіртіп, сананы оятуға себеп бола алады. Оны жай ғана кездейсоқтық деп қарау – шынайы сырын жасырып қояды. Бәлкім, дежавю – бізге берілген табиғи ескерту, рухани серпіліс шығар…

 

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар