
Жуырда «AMANAT» партиясының облыстық филиалында өткен «Экологиялық мәселелер» жөніндегі аймақтық кеңестің отырысында өрт қауіпсіздігі мен алдын алу шаралары кеңінен талқыланды. Жиын барысында жаз мезгіліндегі аптап ыстықтың салдарынан туындайтын дала мен орман өрттерімен күрес, өртті дер кезінде ауыздықтау, сондай-ақ төтенше жағдай орын алған сәтте әрекет ету барысындағы кемшіліктерге жол бермеу мәселелеріне назар аударылды.
Өткен жылы өңірдегі мемлекеттік орман қорының аумағында
38 өрт оқиғасы тіркелген екен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5 есеге артқан. Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 13-бабы 1-тармағының 3 тармақшасына және 4-бабының 61-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік орман қорының аумағындағы климат жағдайларын ескере отырып, облыс аумағында 26 наурыздан бастап өрт қауіпті кезеңі бекітілген. Осылай деп сөз бастаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков облыстағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– «Облыс аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу шаралары туралы» облыс әкімінің 2025 жылғы 8 сәуірдегі №79 қаулысы қабылданды. Осыған орай облыс аумағында орман және дала өрттеріне жедел ден қою мақсатында, төтенше жағдайларды жою кезінде уәкілетті органдарды басқару және өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Бекітілген алгоритмге қарамастан, өзара ақпарат алмасу тиісті деңгейде атқарылмай жатыр. Мәселен, Мойынқұм ауданындағы 20 гектар орман өрті 16 сағаттан кейін және Байзақ ауданындағы 0,8 гектар орман өрті 1,5 сағаттан кейін хабарланды. Сол себепті алдағы уақытта осындай кемшіліктер қайталанбас үшін бекітілген алгоритм талаптарын қатаң сақтау бойынша жауапты қызметкерлермен нұсқаулық жүргізілді. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың 1074 шақырымында, облыстық маңызы бар автожолдардың 712 шақырымында және темір жолдың 104 шақырымында, орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жолақтарды жырту жұмыстары жоспарланды. Бұл жұмыстар мамыр айының соңына дейін аяқталу қажет. Сондай-ақ 2024 жылы өртке қарсы жолақтарды жырту жұмыстары аудандарда біршама төмен деңгейде атқарылғандығын айта кеткен жөн. Облыс аумағындағы 9449 өрт гидрантының 1719-ы жұмысқа жарамсыз, яғни 18 пайызын құрап отыр. Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм аудандарында аталған көрсеткіш ең төмен деңгейде. Мәселен, Тараз қаласында 572 гидрант жұмысқа жарамсыз, оның ішінде 197 гидрант картада белгіленген орындарында анықталмады. Байзақ ауданында 367 гидрант, Жамбыл ауданында 337 гидрант және Мойынқұм ауданында 78 гидрант жұмысқа жарамсыз деп танылды, – деді Ералы Нұрғалиұлы.
Сонымен қатар департамент басшысының орынбасары орман және дала өрттерінің алдын алу, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерімен таныстыру іс-шаралары туралы сөз қозғады.
– Облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, аймақтағы 15 орман шаруашылығы мекемесінің өрт қауіпті маусымға дайындығын тексерген болатын. Соның нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталып, тиісті ұйғарымдама толтырылып, мекемелерге ұсынылды. Сонымен қатар тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мақсатында профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Мәселен, облыс аумағындағы 1899 оқу орнында 107141 оқушыны қамтитын 818 интерактивті сабақ өткізілді. Бұдан бөлек 505 ашық сабақ, 169 конкурс ұйымдастырылып, өрт сөндіру бөлімдеріне 82 экскурсия жасалды. Өрт сөндіру бөлімдерінде өткен 39 «Ашық есік күні» іс-шарасына 677 оқушы қатысты. Барлық мектептерде өрт және судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша бейнероликтер көрсетіліп, ата-аналар жиналысы да назардан тыс қалмады. Жалпы саны 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильдік топ құрылып, олар өрт қаупі бар маусым басталғалы 155 рейдтік іс-шараны жүзеге асырды. Құрғақ шөп пен қоқысты өртегені үшін 11 тұлғаға айыппұл салынып, 83 адамға ескерту берілді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасын тауып, бақылауға алынатын болады, – деді Е.Нұрғалиұлы.
Жиында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Үрістенов мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупі бар маусымның өту барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4 миллион 425 мың гектарды, оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 2 миллион 311 мың гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр.
– Өрт қаупі бар маусым 26 наурыздан бастап белгіленгелі орман қорындағы орманшылықтарда 39 өрт бақылау мұнаралары, 16 дана найзағай бұрғыштар жұмыс жағдайына келтірілді. Өрт қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойы кезекшіліктер құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, өрт қаупі бар маусымда облыстың 3 миллион 48 мың гектар орман қорына Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман қорғау» мекемесінің 1 ұшағы (АН-2) және 1 тік ұшақ (AS-350) әуеден бақылау жүргізеді. Сондай-ақ орман қорын күзету мақсатында 72 жеңіл автокөлік орман шаруашылығы мекемелеріндегі кезекшілікке жұмылдырылған. Ағымдағы жылы орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 11 154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 5 500 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыс мамыр айының соңына дейін аяқталады, – дейді Медет Әбдімашұлы.
Дегенмен 2025 жылғы өрт қаупі бар маусым кезеңінде облыстың орман қоры аумағында жалпы аумағы 110,75 гектар болатын 8 орман өрті оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 5,46 гектар орманмен көмкерілген жерлер.
Мұның ішінде тұлғалардың өрт талаптарын сақтамауынан 1 жағдай тіркелсе, 7 жағдайда өрттің шығу себептері белгісіз. Бүгінде өрттің шығу себептерін анықтау жұмыстары жүргізлуде екен.
– Ағымдағы жылы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге қаражат қарастырылды. Бөлінген қаражатқа патрульдеу автокөліктерін, рациялық байланыс құралдарын, пилотсыз ұшу аппараттарын және қосалқы агрегаттар алу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Өнеркәсіпті дамыту қорынан лизингтік қаржыландыру аясында облыстың орман шаруашылығы мекемелеріне жалпы құны 1,8 миллиард теңгеге 60 өрт сөндіру техникасын сатып алу көзделуде. Жалпы облыс аумағындағы орман қорын күзету, қорғау жұмыстары басқарманың тұрақты бақылауында, – дейді Медет Әбдімашұлы.
Басқосу барысында кеңес мүшелері баяндамашыларға бірқатар сұрақтарын қойып, аталған сала бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ