Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерікті өртсөндірушілер елді ойлайды

Ерікті өртсөндірушілер елді ойлайды
Автор
Тілсіз жауға тосқауыл қою-ортақ міндет. Қауіптің алдын алып, өрт сөндіру қызметінің жұмысын жеделдету мақсатында ауылдық округтерде ерікті өртсөндірушілер жасақтары құрылған. Олар алыс елді мекендердегі өрт ошақтарын сөндіруге атсалысып, тосыннан келген апатпен күресте белсенді еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етуде.

Айта кету керек, ерікті өртсөндірушілер жасағының құрамы мен құрал-жабдықтары жыл сайын жаңартылып отырады. Жасақ құрамына әкімдік қызметкерлері, ерікті жастар, ауыл тұрғындары мен түрлі сала мамандары енеді. Өрт оқиғасы туындаған жағдайда олар дереу іске кіріседі. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңір аумағында 377 елді мекен бар. Соның ішінде 106 елді мекен мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің 20 өрт сөндіру бөлімінің қызмет көрсету аймағына кіреді. Ал қалған 271 елді мекенді қорғау жергілікті атқарушы органдар тарапынан 36 өрт сөндіру бекетін кезең-кезеңімен құру арқылы жүзеге асырылмақ.

– Облыс аумағындағы ауылдық округтерде 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылды. Табиғи және техногендік төтенше жағдайларды уақытылы жою үшін облыс аумағында өрт сөндіру қызметінің 20 өрт сөндіру бөлімі бар. Оқушыларды практикалық қауіпсіздік дағдыларына оқыту мақсатында білім беру нысандарында 54062 адамды қамти отырып, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда оқу орындарының ғимараттарынан қауіпсіз эвакуациялау бойынша 928 оқу-жаттығу өткізілді. Еріктілер аудандардың өрт сөндіру бөлімдерінің базасында оқудан өтеді және ТЖД Өрт сөндіру бөлімдерімен бірге өрт-тактикалық жаттығуларға қатысады. Облыс бойынша 229 трактор, 88 мотопомпа, 2163 сабалағыш пен өзге де 1603 құрал-жабдық ерікті өрт сөндірушілер жасағының қолданысына берілген, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Токанов.

Жоғарыда айтылғандай, әр аудандағы жергілікті атқарушы органдар 271 елді мекенді өрттен қорғауды қамтамасыз етіп, барлық ауылдық округтерде ерікті өрт сөндірушілер жасақтарын құру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Бұл жасақтар арнайы киім-кешекпен және қажетті құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілуде. Осы мақсатта аудандық бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, оның тиімді жұмсалуы қатаң бақылауға алынған. Мысалы, Жамбыл ауданында бұл жұмыс өз нәтижесін беріп келеді. Бүгінде ауданда 135 азамат ерікті өрт сөндіруші ретінде тіркеліп, төтенше жағдайлар кезінде кәсіби өрт сөндірушілермен бірге қызыл жалынды ауыздықтау  шараларына белсене қатысып жүр. Жамбыл ауданы әкімдігінің бас инспекторы Тұрсынхан Анарбайдың айтуынша, биыл еріктілер жасағының жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында 6 ауылдық округке 1 миллион 632 мың теңге қаржы бөлінген.

–  Аудан аумағында қазіргі таңда 1388 өрт сөндіру гидранты орнатылған. 13 ауылдық округте ерікті өртсөндірушілер жасағы құрылып, 135 ерікті арнайы киім-кешекпен, 187 өрт сөндіру құралымен және 3 тіркемелі су цистернасымен қамтылған. 2024 жылы ауылдық округтердегі ерікті жасақтарды қолдау мақсатында 2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, 11 ауылдық округке 73 арнайы киім, 88 өрт пен суға төзімді аяқ киім және 1 мотопомпа сатып алынды. Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде өртке жедел ден қою үшін Гродеково және Өрнек ауылдарында өрт сөндіру бекеттері ашылды. Сондай-ақ 2024 жылы осы бекеттердің қажеттіліктеріне 20 миллион 700 мың теңге бөлінсе, биыл  өртсөндірушілерді жалақымен, жанар-жағармаймен және киім-кешекпен қамтамасыз ету мақсатында 36 миллион 138 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған, – дейді Тұрсынхан Серікханұлы.

Жамбыл ауданында әрбір ауылдық округтердегі ерікті өрт сөндіру жасағының әлеуетін жоғарылату мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады екен. Аудан әкімдігі қызметкерінің сөзін нақтылау мақсатында ауылдық округтердегі ерікті өртсөндірушілермен тілдесіп, олардың пікірін білдік.

Ақбастау ауылдық округінің тұрғыны Елдос Жанқоразов – Бірлесу-Еңбек орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол өз қызметімен қатар, ауыл қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып, ерікті өртсөндірушілер жасағының құрамына кіруге келісім берген. Елдостың айтуынша, жауапкершілігі мол мұндай  іске көп адам бірден келісе қоймайды. Әсіресе, ерікті жасаққа көбіне мемлекеттік қызметкерлер ғана ниет білдіреді екен.

– Ерікті өрт сөндірушілер жасағына бірінші жыл тіркеліп тұрған жоқпын.  Жыл сайын тізімді қайта жасақтайтын уақытта мен де сол құрамның қатарынан табыламын. Әрине, тіркелген кезде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі екі күндік оқудан өткізіп, қолымызға бір жапырақ сертификат табыстады. Өрт кезінде киетін арнайы киім-кешек ауыл әкімдігінде сақтаулы тұр. Барлық құралдар да сақадай сай дайын. Осы құрамның қатарында жүргелі бірнеше оқиғаларды да көзімізбен көрдік. Бірде округ аумағындағы кіші Бурыл тауы отқа оранып, өртті таудың басына шығып өшіргенбіз. Жасақ  өкілі ретінде су тасқыны кезінде де көмек қолын создық. Мұндай уақытта тек мен ғана емес барлық ауыл тұрғындары аянып қалмайды, – дейді Елдос Иманғалиұлы.

Ал ауылдық округтердегі ерікті өртсөндірушілердің тізімін, олардың керекті құрал-саймандармен қамтамасыз етілуін сол ауылдағы әскери есеп жүргізушілері бақылауға алады екен. Сондықтан да жоғарыда айтылған мәселелерді қаузай отырып, ауылдық округтің әскери есеп жүргізушілерімен де әңгімелесіп көрдік.

– Ерназар ауылдық округінде жұмыс істеп келе жатқаныма 22 жыл болды. Өрт болған жағдайда өзіміз өшіруге тырысамыз. Әзірге 1-2 жылда мұндай оқиғалар тіркелмеді. Өрт болған жағдайда барлығын бақылауға алып, дереу сөндіру ісіне кірісеміз. Туфлимен жүріп, сондай-ақ арнайы құрал-саймансыз өрт сөндірген ерікті өртсөндіруші жоқ. Барлық жағдай жасалған. Ерназар ауылдық округінде 8 ерікті өртсөндіруші тіркелген. 10 дана арнайы киім мен қолғап, барлық саймандары сақадай сай, толық қамтылған. Өртке қарсы 20 күрек, 20  сабалағыш, 10 шелек, 1 мотопомпа дайын тұр. Сондай-ақ шаруақожалығымен  1 МТЗ тракторын соқасымен бірге пайдалану бойынша келісімшартқа отырғанбыз. Әрине, егер ерікті өртсөндірушілер тарапынан арыз-шағым айтылса, талап қойылса орындауға тырысамыз, – дейді Ерназар ауылдық округінің әскери есеп жүргізушісі Оралбек Болжыров.

Жамбыл ауданындағы барлық ауылдық округте 135 ерікті өртсөндірушінің бар екендігі жоғарыда айтылды. Әрине, көп ауылдық округегі жасақ әртүрлі сала қызметкерлерінен құралған. Ал аудан орталығы– Аса ауылында өзгешелік бар десе де болады. Себебі бұл ауылдық округтегі жасақ құрамы әкімдік қызметкерлерімен толыққан.

– Аса ауылдық округінде 11 ерікті өртсөндіруші тіркелген. Барлығы да арнайы киіммен және құрал-саймандармен қамтылған. Мәселен, басқа киетін каска, резеңке етік, белбеу мен қолғап барлығы жаңа күйінде сақтаулы тұр. Өртсөндірушілер өрт оқиғасы кезінде 1 жаңа мотопомпа, 18 сабалағыш, 6 күрек пен шелек және тағы да басқа құрал-саймандарды қолданады. Бұл жасақтың құрылғанына бірнеше жыл болды. Әр жыл сайын өртсөндірушілер жасағының тізімі жаңартылып, керекті құралдар сатып алынып отырады. Сонымен қатар шаруақожалықтарымен арнайы техникаларды өрт кезінде жұмылдыру бағытында келісімшарт жұмыстары жүргізіледі.

Біздегі ерікті өртсөндірушілер жасағының бір ерекшелігі – барлығы әкімдік қызметкерлері. Оның ішінде әкім де, бас маман да, қарауылдар да өрт кезінде бірлесе әрекет етеді. Мұндай сын сағатында ауыл тұрғындары да сырт  қалмайды, – дейді Аса ауылдық округі әкімінің орынбасары Асқар Маратұлы.

Расында да қызыл жалыннан келер қауіп көп. Сол себепті тілсіз жаумен күресу бірлік пен ынтымақты талап етеді. Жұрт болып жұмылғанда ғана кез келген қиындықты еңсеретініміз анық.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар