Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жанға жайлылық сыйлайтын «Жайлы мектеп»

Жанға жайлылық сыйлайтын «Жайлы мектеп»
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама заманауи талаптарға сай, оқушылардың жайлылығы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған мектептер желісін қалыптастыруды көздейді.

Жоба аясында республика бойынша жаңа мектептер бой көтеріп, ескі мектептер жаңғыртылып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған инфрақұрылым қалыптасып келеді. Өркениетті елдердегі білім беру стандарттарына сәйкестендірілген бұл мектептерде оқушылар үшін заманауи технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері, жайлы демалыс аймақтары, спорт және шығармашылықпен айналысуға арналған үйірмелер қарастырылған.

Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында ашылған №67 орта мектеп – жарқын жобаның нақты нәтижесінің көрінісі. Өткен жылдың соңында пайдалануға берілген мектеп 1 200 оқушыға арналған. Қазіргі таңда мұнда 747 оқушы бір ауысымда білім алып, 43 педагог қызмет етуде. Олардың қатарында білікті мамандар мен конкурс негізінде іріктелген ұстаздар бар. Мектеп ұжымы тек сапалы білім беруді ғана емес, сонымен қатар оқушылардың рухани-адамгершілік дамуына да баса назар аударуда.

Мектептің материалдық-техникалық базасы да мақтауға тұрарлықтай. Білім ордасында жалпы 59 оқу бөлмесі, 3 информатика кабинеті, робототехника және «STEAM» зертханасы, медициналық пункттер, жайлы кітапхана, 10 коворкинг орталығы, 4 компьютерлік сынып, 2 спортзал, шеберханалар, демалыс аймақтары мен 9 фильтрленген су жүйесі бар. Бұл – оқушылар мен мұғалімдер үшін барынша қолайлы орта қалыптасқанын білдіреді.

Білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысу барысында мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасарының жол бастауымен «STEАM»-зертханасында болдық.

– «STEАM»-заманауи технологиялармен жабдықталған білім беру зертханасы. Зертханада соңғы үлгідегі 3 3D принтермен және VR көзілдірігімен жабдықталған. Соңғы үлгідегі жабдықтардың көмегімен оқушылар инженерлік жобаларын жүзеге асыра алады. «STEАM»-зертханасында робототехника пәнін тереңдетіп оқытамыз. Сондай-ақ зертханада математика, биология, физика, информатика, биология пәндерін ұштастырып, инженерлік білім алады. Сондай-ақ зертханамызда физика пәні бағыты аясында баламалы энергия көздерін өндіруге арналған арнайы құрылғылар қолданылады. Бұл құрылғылар арқылы оқушылар күн, жел және басқа да жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалануды үйренеді. Және де биология пәнінде оқушылар биометриялық жүйелермен жұмыс істейтін құрылғылардың көмегімен тірі ағзалардың жеке белгілерін зерттеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, зертханада сұрыптаушы роботқа арналған «Python» программалау тілінде жазылған арнайы бағдарлама бар. Бұл бағдарлама арқылы оқушылар алгоритм құру, деректерді өңдеу және автоматтандыру дағдыларын меңгереді, – дейді Салтанат Мүбаракова.

STEАM-зертханасынан кейін жаңа құрылғылармен жабдықталған информатика кабинетіне бас сұқтық.

– Информатика кабинеті өрендер үшін шығармашылық ойлау мен технологиялық дағдыларын дамытуға арналған алаң. Бұл пән шеңберінде олар түрлі роботтарды жинақтап, оларды басқару және бағдарламалау негіздерін үйренеді. Программалау бағытында «Python» және «C++» сияқты кеңінен қолданылатын тілдер бойынша теориялық және практикалық білім беріледі. Бұл тілдер арқылы оқушылар роботтардың қозғалысын, әрекетін және өзара байланысын басқаруға арналған бағдарламалармен танысады. Айта кету кетсек, зертханаға берілген роботтардың бір ерекшелігі олардың футбол ойнау қабілеті. Бұл роботтар нақты алгоритмдер арқылы қарсыласты тану, допты бақылау және тактикалық шешім қабылдау сияқты күрделі функцияларды орындай алады. Мұндай жобалар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, инженерлік және ІТ салаларында болашақ кәсіби жолын таңдауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта робототехника кабинетінде FLL (First Lego League) және FTC (FIRST Tech Challenge) категорияларына жататын роботтар жасалуда. Сондай-ақ, 16 жиыннан құралған қашықтықтан басқарылатын сымсыз роботтардың модульдық жиыны бар. Және де зертханамызда ауыр жұмыстар және ауылшаруашылығы саласы үшін «DWOD» роботы жасалуда, – дейді С.Мүбаракова.

Жалпы мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына арналған үйірмелердің айтарлықтай көп екенін байқадық. Домбыра, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, хореография, поэзия сынды 10-ға жуық үйірме бар. Үйірмелерге қатысатын балаларға жеке құрал-жабдық алып келудің қажеті жоқ. Себебі мектеп балаларға қажет болатын үйірмеге арналған құрал жабдықтармен толық жабдықталған.

– Мектебіміздің әр қабатында коворкинг бөлмелері орналасқан. Кітапхана қоры да бай. 27 200 кітап болса, 2 100-і көркем әдебиет, 8 600-і ғылыми бағыттағы, 5 000-ы шетел әдебиеті. Келесі жылы оқушылар саны өсетіндіктен 11 500 оқулыққа тапсырыс бердік. Білім алушылар коворкинг бөлмелеріне кез келген уақытта келіп, кітап оқи алады, – дейді С.Мүбаракова.

Алдағы оқу жылында бірінші сыныпқа 125 оқушы қабылданады деп жоспарланып отырса, осы оқу жылында жайлы мектептен 30 оқушы түлеп ұшқалы отыр.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар