Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өмірін өнегемен өрнектеген отбасы

Өмірін өнегемен өрнектеген отбасы
Автор
Ортамызда ондаған жылдар бойы бір-біріне деген ыстық сезімін жоғалтпай, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан, сыйластық пен шынайы махаббаттың символына айналған жұптар аз емес.

Осындай жандардың бірі – 55 жылдан астам уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Маукебаевтар әулеті. Олар – Әлжан ана ауылында тұратын, саналы ғұмырын еңбекпен, өнегемен өрнектеген тағылымды отбасы.

Қазақстанның кең даласын, оның адамдарының дархандығын жүрегіне сіңірген Виктор Қуамбайұлы мен Людмила Петровна жарты ғасырдан астам уақыт бойы бірге өмір сүріп, ерлі-зайыптылық пен ата-аналық борышын адал атқарып келеді.

Виктор Қуамбайұлы – механизатор, ал Людмила Петровна – орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі. Екеуі де еңбекқор, өз ісіне адал жандар. Виктор Маукебаев – ата-анасы да темір тұлпар тізгіндеген тәжірибелі механизаторлар отбасынан шыққан. Ал Людмила Петровна – балаларына рухани құндылықтарды сіңіріп, білім мен адамгершілікке тәрбиелеуді өмірлік ұстаным еткен ұстаз. Ол жас ұрпақты оқытып, адалдыққа, ізгілікке баулып, қоғамға үлкен үлес қосты.

Үш түрлі ұлттың, үш түрлі мәдениет өкілдерінің бір шаңырақ астында тату ғұмыр кешіп отырғаны – қазақ жерінің кеңдігі мен мейірімділігінің айқын көрінісі.

– Біз өзіміз Семей (қазіргі Абай) облысынан көшіп келдік. 1972 жылы Қордай жеріне қоныс аудардық. Ол кезде екеуміздің 2 баламыз болды. Мектепті бітірген соң бірден комбайнға отырып, «Мыңбұлақ» ұжымшарында жұмыс істедім. Кейін киелі Қордай топырағына келіп «Талапты» ұжымшарында еңбек еттім. 2010 жылы зейнетке шықтым. Бірақ үйдегі жұмыс әлі де жеткілікті, – дейді Виктор Маукебаев.

Маукебаевтардың үйі – жылулық пен жайлылықтың үлгісі. Үйге кірген бойда ерекше тыныштық пен тәртіп сезіледі. Ауласы мұнтаздай таза, әр зат өз орнында. Ауланың көзтартар ерекшелігі – қатар-қатар тізілген арша ағаштары. Әр бұтағы мұқият кесілген, жасыл түсі мен тығыз құрылымы аулаға ерекше көрік беріп тұр. Ағаштармен қатар түрлі гүлдер мен көшеттер отырғызылған. Олардың әрқайсысы аула келбетін әсемдеп, біртұтас табиғи ландшафтты қалыптастырады.

Отағасы мен отанасының еңбексүйгіштігі мен ұқыптылығы үйлерінің әр бұрышынан байқалып тұрады. Тазалық пен үйлесімділік – бұл жанұяның өмір салты.

Олардың 2 қызы мен немерелері бүгінде Ресейде тұрады. Дегенмен Қазақстанды ешқашан ұмытқан емес. Туған жерге деген сағыныш жиі-жиі елге алып келеді. Қазақ даласының сұлулығы мен қазақ халқының қонақжайлығы оларды ерекше баурап, әрдайым өзіне тартып тұрады. Тіпті, немерелерінің бірі Қазақстан туралы кітап жазып, елге деген махаббатын шығармашылық арқылы жеткізген. Бұл – жас ұрпақтың да Қазақстанға деген сүйіспеншілігінің жарқын дәлелі.

Олардың 3 баласы да жоғары білім алған. Балалары мен немерелері ата-аналарын мақтан тұтып, олардың адал еңбегін әрдайым құрметтейді. Маукебаевтар отбасының өмір жолы – еңбекқорлықтың, білім мен тәрбиенің, патриотизм мен отбасылық құндылықтардың жарқын үлгісі.

55 жылдан астам уақытты бірге өткізіп, өмірдің талай сынағынан сүрінбей өткен Виктор Қуамбайұлы мен Людмила Петровна – шынайы сүйіспеншілік пен адалдықтың, отбасылық берекенің символы.

Олардың өнегелі өмірі, туған жерге деген махаббаты мен жас ұрпаққа қалдырған тәлімі еліміздің дамуына қосылған зор рухани үлес екені сөзсіз.

Мадина ӨЗБЕКОВА,
журналист,
Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар