Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Сабантой» сән-салтанатымен тойланды

«Сабантой» сән-салтанатымен тойланды
Автор
Тараздағы «Мамыр» саябағында «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы «Сабантой» ұлттық мерекесін тойлады.

Тарихы тереңге тартатын мереке – ежелгі егіншілік маусымының аяқталуына арналған татар-башқұрт халқының салт-дәстүрге бай ұлттық думаны. Сонау ғасырлар қойнауынан жеткен «Сабантой» бүгінгі күні бейбітшілік пен берекенің, татулық пен ынтымақтың символына айналып отыр.

Мерекелік іс-шараға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Көпшілік тек көңіл көтеріп, ән-жыр тыңдап қана қоймай, татар мен башқұрт халқының бай мәдениетімен, салт-дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысты.

Іс-шара облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ақсақалы, ел ардақтысы Рәфкәт Измайловтың ақ батасымен ашылды. Ақсақал «Сабантой» мерекесінің маңызын атап өтіп, ынтымақ пен татулыққа бағытталған ізгі тілегін жеткізді.

Ал екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылда еңбек еткен ардагер Миннигуль Ишболдина «Казахстан – наш общий дом» атты жүрекжарды өлеңін тебірене оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Келесі кезекте сөз алған «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова «Сабантойдың» бейбітшілік пен достықты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілі Алпысбай Смайылов, өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері де жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Салтанатты кештің сәнін Татарстан Республикасынан арнайы шақырылған халықаралық байқаулардың лауреаты Альбина Мусина келтірді. Әншінің орындауындағы лирикалық әндер үлкен-кішінің жүрек қылын тербеді.

Іс-шара аясында тек татар-башқұрт халқының ұлттық ойындары емес, түрлі этностардың ұлттық биі мен әндері ұсынылды. Бұл – ел ішіндегі түрлі ұлт пен ұлыстың мәдениетіне деген құрметтің, ортақ рухани бірліктің айқын көрінісі іспетті болды. Кішкентай балалар мен жасөспірімдерге арналған қызықты жарыстар, ұлттық ойындар, қолөнер көрмелері және дәмі тіл үйірер тағамдар жәрмеңкесі мерекенің мазмұнын байыта түсті.

«Сабантойдың» ерекше сәттерінің бірі – Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановтың арнайы мерекелік құттықтау хатының «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, қоғам белсендісі Фарида Нақышқа табысталуы болды. Бұл – екі ел арасындағы бауырластық байланыстар мен мәдени қарым-қатынастың тереңдігін айғақтайтын маңызды белгі ретінде қабылданды.

Тараз төрінде аталып өткен «Сабантой» мерекесі – түрлі ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырған, татулық пен бірліктің тамырын тереңдете түскен ерекше мәдени оқиға болды. Мұндай іс-шаралар – бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстан халқының ауызбіршілігі мен рухани тұтастығының жарқын көрінісі.

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар