
Жалпы ұлттық педагогикада балғындардың болашақ мамандығына бейімділігі ерте кезде ойын барысында айқындалатыны айтылады. Бұл тұжырым негізсіз емес. Айталық, отбасында немесе балабақшада бүлдіршіндердің әдет-қылықтарына зер салып қарап көріңізші. Олар топтасып ойын үстінде әрқайсысы бір-бір рөлді сомдап, ересек өмірге ішкі дайындықтарын іс-әрекеттері арқылы көрсете бастайды. Кейбірі – мұғалім, тағы бірі – дәрігер, құрылысшы, тағы сол сияқты маман иелерінің рөліне еніп кетеді. Бұған әрине, отбасындағы әлеуметтік жағдай да әсер етері сөзсіз. Дегенмен, ойын – олардың ішкі таңдауының белгісі. Сондықтан баланы бейімі бар кәсіпке шеберлік дағдыларын ерте бастан дамытудың маңызы зор.
Байқау барысында балғындар «Аспаздық қызмет» және «Киім дизайнері» бағыттары бойынша жарысқа түсті. 8 балабақшадан келген үміткерлер арасында «Барыс» бөбекжай балабақшасы «Қарлығаш» ересек тобының тәрбиеленушісі Дарын Бақтияр жеңіске жетіп, бірінші орынды олжалады. Ал аспаздық шеберлігін көрсеткен Мадина Әзімхан «Шебер аспаз» номинациясының иегері атанды.
Осылайша, «Барыс» балабақшасының тәрбиеленушілері «BABY SKILLS» жобасында өз қабілет-қарымдарын көрсетіп, табысқа жетті.
Бала – ата-ананың үміті. Білімді, тәрбиелі жас ұрпақ – елдің ертеңі, ұлттың тірегі. Қазақ – қашаннан ұл-қызын еңбекке баулып өсірген халық. Өнер үйренуге ерте бейімдеп, ісмерлік пен шеберлікке үйреткен. Балғындардың белгілі бір кәсіпке бейімділігі бала кезінен байқалады. Осы тұрғыдан алғанда «BABYSKILLS» облыстық чемпионатын – балаларымыздың кәсіби дағдыларды меңгеруіне ықпал ететін бірегей жоба деуге болады.
Раушан АБИЛЬДАЕВА,
«Барыс» бөбекжай балабақшасы
«Қарлығаш» ересек тобының тәрбиешісі