Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Лудомания – жастардың тағдыры мен қоғам қауіпсіздігіне төнген қатер

Лудомания – жастардың тағдыры мен қоғам қауіпсіздігіне төнген қатер
Автор
Жақында Тараз қаласындағы «Оқушылар сарайында» «Ойынқұмарлық және лудомания» тақырыбында конференция өтті.

Жиынды ашқан облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров құмар ойындардан келетін қауіп үлкен екенін, әлеуметтік дерттің жастар арасында кең таралғанын атап өтті.

– Ойынқұмарлық пен лудомания – жастардың тағдырына балта шауып, қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін қауіпті дерт. Өкініштісі елімізде құмар ойындардың құрығына ілінген жастар көп. Трагедиялық оқиғаның біріне тоқталсам, 2023 жылы қаламыздың жас азаматы Д.Қуанышұлының құмар ойындардың арбауына түсіп, 9 миллион теңгеге қарызға батып, ақыры өз-өзіне қол жұмсады. Биыл да 14 жасар баланың дәл осы себеппен өмірден озуы бәрімізді бейжай қалдырмауы тиіс. Статистика бойынша, 23 кәмелетке толмаған бала үйінен қашып, із-түзсіз жоғалып, кейіннен олардың ойынқұмарлыққа әуестенгені анықталған, – деді Н.Әбіров.

Конференцияда бірқатар сала маманы өз ойларын ортаға салды. Денсаулық сақтау ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Наби Есімов лудоманияның психикалық денсаулыққа тигізетін зардаптарын, оның адамның ерік-жігеріне қалай әсер ететінін ғылыми негізде түсіндіріп өтті.

Ал Талдықорған қаласынан арнайы шақырылған қонақ, 17 жыл бойы құмар ойындар ойнап, бүгінде дұрыс жолға түскен Айбек Бектеміровтің шынайы оқиғасы көпшілікке үлкен ой салды. Айбек құмар ойындар қалай азғыратынын, бір сәттік ләззаттың артында қандай азап пен өкініш жатқанын ашық баяндап берді. Оның сөзі – жас ұрпаққа ғана емес, ата-аналар мен мұғалімдерге де ой салуы тиіс. Қандай қиын жолмен жүріп өтсе де, соңында Айбектің өзіне келіп, қоғамға пайда әкелуге ұмтылғаны – шынайы ерлік.

Одан кейін сөз алған Астана қаласынан келген психолог маман Динара Кожахметова ұялы телефон мен интернеттегі ойындардың жасөспірімдер психологиясына, оқу үлгеріміне және жалпы әлеуметтену процесіне тигізетін теріс әсерін сөз етті.

Ал Алматы қаласынан арнайы келген жоғарғы біліктілік санатындағы дәрігер, республикалық психикалық денсаулық орталығының маманы республика көлемінде 440 мыңға жуық азаматтың құмар ойынға тәуелді екенін, бұл жалпы халықтың 3 пайызын құрайтынын мәлімдеді.

Конференция барысында облыс әкімдігі білім басқармасына оқушылар мен студенттер арасында ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша арнайы сабақтар ұйымдастыру туралы нақты ұсыныс айтылды. Сонымен қатар, call-орталықтар қызметінің халық арасында таныстырылмауы, ондай орталықтың бар екенін тұрғындардың мүлде білмеуі – үлкен кемшілік ретінде аталды.

Облыс прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы конференцияны қорытындылай келе, лудоманияға қарсы күресте құқық қорғау, білім беру және жергілікті басқару органдары арасында бірлескен меморандум бекітілуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар, Тараз қаласында тіркелген 49 компьютерлік клубпен нақты жұмыс жүргізіп, заң талаптарының орындалуын қатаң бақылауға алу туралы тапсырма берді.

Конференциядан кейін жастардың тағдырына алаңдап, ойым сан-саққа кетті. Мұндай дертпен күресте бейқамдыққа жол жоқ. Ойынқұмарлық – адам тағдырын жалмайтын ауыр індет. Бүгін бір баланың тағдырын арашалап қалсақ, ертең бір отбасының көз жасы төгілмейді. Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде мен бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуына, бақылаудың күшеюіне күш салатын боламын. Жастар – ел ертеңі. Ендеше, оларды ойынның емес, өмірдің шынайы мәніне жетелер жолға салайық. Бұл – бәріміздің ортақ парызымыз.

Сатыбалдин МЕЙІРХАН,

облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар