
Баршаға белгілі, биылғы 14 наурызда Көкше өңірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтіп, байыпты басқосуда ел өміріндегі ең өзекті мәселелер талқыланды. Президент осыдан үш жыл бұрын наурыз айында жариялаған Жолдауына сай жүргізілген қоғамдық-саяси реформаларға тоқталып, ел дамуына Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын атап өтті.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптарды назардан тыс қалдырмай, өзінің пікірін білдірді. Соның бірі салық реформасына қатысты. «Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек» деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан көтерілген қоғамдық әдепті реттеу; теріс ағымдар мен ұлттық болмысымызға жат идеологияларға, түрлі алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою; отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан мән беру; әйелдер колониясындағы жағдайды түзеп, қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңнаманың жүкті немесе кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдерге қатысты тұсын қайта қарау, кәсіптік- техникалық колледждерді дамыту ісінде жаңа мамандықтарға сұраныс пен еңбек нарығындағы жағдайды ескеру секілді өзекті мәселелерге қолдау білдіріп, өз ойын ортаға салды.
Мемлекет басшысы ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың кемшін тұстарына назар аударып, ішкі саясаттағы ауқымды идеологиялық жұмысты жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқаратынын айтып, өңірлердегі театрларды дамытуға әрі бұл іске бизнес өкілдерін белсенді атсалысуға шақырды. Маңызды жиында бұдан өзге де көптеген міндеттер қамтылды. Ендігі кезекте айқындалған межелердің қалай жүзеге асатынына тоқталсақ.
Осы орайда Президент Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамаларды жүзеге асыру туралы жоспарға қол қойды. 53 тармақтан тұратын бұл құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесіп әзірледі.
Жоспарда Президенттің гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық салалардағы тапсырмаларын орындауға қатысты нақты қадамдар көзделген. Бұл тұрғыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің гуманитарлық бастамаларын жүзеге асыру үшін атқарылатын жобаларды атап көрсетті. Олар:
– «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеу;
Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту;
– Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарын қабылдау,
– Ұлттық цифрлық архив құру;
– бизнес өкілдерін тарта отырып аймақтарда театрларды салу және дамыту, сондай-ақ ұлттық театрларға қолдау көрсету;
– Шетелде Абай институтын ашу;
– Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру қарастырылған.
Ал әлеуметтік-экономикалық жобалардың ішінен мыналарды атап өтуге болады:
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, үш жылда 1300 мектепті жаңғырту;
– ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын ашу, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру;
– Өңірлерді дамыту тұжырымдамасына қатысты тың тәсілдерді енгізу;
– 2025-2026 жылдары ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолын салу және жаңғырту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру және жаңа аэровокзал кешенін салу;
– алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске қосу.
Сонымен қатар шекара маңындағы аудандарды дамыту, ғылым қалашықтарын құру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы жеке заңдар қабылданады.
«Жалпы Президенттің Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамалары мен берген тапсырмалары мемлекеттік органдар үшін де, бүкіл қоғам үшін де еліміздің ұзақ мерзімге арналған даму бағдарын айқындайды», -деді Е. Қарин.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған Президент тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында Үкімет те аянып жатқан жоқ. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалық етуімен дәл осы мәселеге қатысты арнайы кеңес те өткен болатын.
«Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде еліміздің ішкі саясат пен экономика саласындағы таяу келешектегі даму бағдарын айқындап берді. Экономиканың өсуіне, ірі инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға, цифрландыру мен адами капиталды дамытуға қатысты көптеген маңызды мәселелерге назар аударылды. Ең бастысы – Президент тапсырмаларын сапалы орындау», деп атап өтті сол жиында Олжас Бектенов.
Үкіметтің баспасөз қызметі кеңесте министрліктердің жүктелген міндеттерді жүзеге асырудағы тәсілдері тыңдалғанын хабарлады. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканың өсуіне жаңаша серпін беру және өңірлік дамудағы теңгерімсіздіктерді жою, әділ және тиімді салық жүйесін дамыту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жұмыстары туралы баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік саясат тұжырымдамасының жобасы мен шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша жеке заң әзірленеді.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Президенттің тапсырмасы аясында алдағы екі жылда энергия жүйесінің қуатын шамамен 3 ГВт-қа арттыратын бірқатар жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұдан басқа, 2026 жылы Қашағандағы қуаты 1 миллиард текше метр жаңа газ өңдеу зауытын, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын және «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырының екінші желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ атом саласын дамыту мәселелеріне назар аударылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бюджеттік жоспарлау саласына жасанды интеллектіні енгізу және бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін болжаудың зияткерлік моделін әзірлеу туралы баяндады. Сондай-ақ дата-орталықтардың қуатын ауқымды кеңейту жоспарланып оытр, бұл Қазақстанның өңірлік IT-хаб ретіндегі ұстанымын нығайтады.
Көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде «Астана – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 791 шақырым дәлізді енгізу есебінен орталық және батыс өңірлер арасындағы жолды қысқарту жоспарлануда. Ол үшін «Астана – Жантеке», «Жантеке – Егіндікөл», «Арқалық – Торғай» жол учаскелерін жөнделеді. «Ырғыз – Торғай» және «Арқалық – Егіндікөл» арасындағы жолдарды салу қажет. Арқалық әуежайына да реконструкция жасалады: заманауи аэровокзал салу және ұшу-қону жолағын жаңарту көзделіп отыр.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кино саласындағы заңнаманы күшейту бойынша басталған жұмыстар, балаларға арналған қазақ анимациясын дамыту жоспары туралы баяндады. Президенттің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шарттарын қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру туралы тапсырмаларын орындау мақсатында ҮЕҰ өкілдерінің арасынан сараптамалық комиссия құрылды. Сондай-ақ ЮНЕСКО қамқорлығымен Мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленгені атап өтілді.
Білім беру саласында «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде өскелең ұрпақты зорлық-зомбылықтан қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы білім мен медициналық қызмет көрсетуге қол жеткізуге, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер беруге бағытталған арнайы заң әзірленетін болады. Елімізде 11 аутизм орталығы жұмыс істейді, әр аймақта тиісті мекемелер ашу қажеттілігі атап өтілді. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтарды даярлау үшін жағдай жасау да алдағы жоспарлардың қатарында тұр. Сапалы инфрақұрылымды дайындауға ерекше назар аударылатын болады. Мәселен, 1,2 мың орындық халықаралық колледж салу жоспарланған.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболды дамыту шаралары туралы хабарлады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 28 негізгі стадион бар. ALAN футбол алаңдарын жаңарту жобасы аясында соңғы екі жылда 18 алаң реконструкциядан өтті, биыл тағы 9 алаң жаңартылады.
Биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі тапсырмаларды іске асыру туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады. Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісі 35 жыл ішінде 869 мың гектардан 30,9 миллион гектарға дейін кеңейтілді. Жануарлардың сирек кездесетін түрлерін, соның ішінде барысты қорғау және тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысы сияқты жойылып кеткен түрлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта киіктің саны рекордтық 4,1 миллион басқа жетті, одан әрі өсу күтіліп отыр. Табиғатты қорғау шараларын нығайту мақсатында биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасы әзірленуде, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасы шеңберінде экологиялық мәдениетті нығайту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Еліміз агроөнеркәсіптік кешенінде астық пен ұн экспортындағы ұстанымын нығайтуды жалғастырып, терең өңдеу қуатын арттырады. Алдағы 3 жылда 1,5 мың жұмыс орнын ашатын жалпы құны $560 миллион АҚШ долларын құрайтын 3 ірі жоба іске қосылады.
Премьер-министр өз сөзінде Мемлекет басшысы атап өткен бағыттар бойынша сапалы және жедел жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырмалар берілді.
Салық реформасы шеңберінде түзетулердің бірінші пакеті Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.
«Кейбір мәселелерді түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін қосымша ұсыныстар әзірленді. Бұл ретте біз бюджет қаражатын оңтайлы жұмсауға және республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етуге барынша көңіл бөлуіміз керек», деді Олжас Бектенов. Қаржы министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.
Цифрлық даму министрлігіне мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда жаңа цифрлы технологияларды енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмысқа IT-мамандарды тарту қажет.
«Мемлекет басшысы Үкіметке Астанадан Торғай өңірі арқылы Транскаспий көлік дәлізіне шығатын жаңа автожол салуға кірісуді тапсырды. Көлік министрлігі бұрын әзірленген ТЭН мен ЖСҚ-ны жедел жандандырып, қаржыландыру көздерін анықтап, биылдың өзінде құрылысқа кірісуі қажет», деді Премьер-министр.
Ауыл шаруашылық министрлігіне астықты терең өңдеу және экспортты дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеу тапсырылды. ЭТРМ Үкіметке табиғи биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру туралы шешім жобасын енгізуі қажет. Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, әр өңірде туристер үшін тартымдылық нүктелерін танымал ету шараларын пысықтауды талап етеді. Қазақстанның табиғи және мәдени байлығының Ұлттық атласын құру тапсырылды.
ІІМ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп 2025-2030 жылдарға арналған заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманы пысықтауды, сондай-ақ нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі таяу кезеңге арналған жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеуді тапсырды.
Атом энергетикасын, театрларды, киноларды, ғылыми қалаларды дамыту, білім беру, медициналық және спорт нысандарын жаңғырту бойынша бірқатар міндет жүктелді.
Сонымен қатар ТЖМ мен әкімдіктерге ауқымды су тасқынының алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдап, сондай-ақ ахуалға тәулік бойы мониторинг жүргізу тапсырылды.
Ұлттық құрылтай мемлекеттің ашықтық, инклюзия және сындарлы қарым-қатынас қағидаттарына адалдығын білдіреді. Бұл – қоғамдық келісімді нығайтуды, ұлттық мүддені қолдауды және әлеуетті одан әрі арттыру үшін тұрақты платформа құруды көздейтін маңызды қадам. Бұған дейін өткен жиындарда өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, нақты шешімдер қабылданғанын білеміз. Көкше өңірінде өткен байыпты басқосу да ел дамуына тың серпін беретіндігі сөзсіз. Лайым, жүйелі жұмыстардың жемісті жалғаса беруіне тілектеспіз.
Асан Тілемісов