Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әкеге апарар жолдың азабы

Әкеге апарар жолдың азабы
Автор
Редакцияға бас сұққан бір әйел өзін Гүлжанар Сәттібекқызы деп таныстырды. Жанары мұңға толы келіншек әкесін іздеп жүр екен. Анасы Күлайна Гүлжанар құрсағында жатқанда ажырасып кеткен көрінеді. Қыз 3 жасқа толғанда, анасы өмірден озыпты.

Шешесі өмірден өткен соң нағашы әжесінің қарауында болған Гүлжанар әжесінің сүйікті қызы болып өседі. Нағашы әжесінің жиеніне деген мейірімінің арқасында оған барлық кестелі көйлек, әсем қуыршақ, тілі дәм үйірер тәттілер бұйыратын. Сондықтан да анасының бауырлары шешесінің бар мейірімін сарқып алған кішкентай қызды аса ұната қойған жоқ. Оны отырса опақ, тұрса сопақ етті. Кішкентай қыздың ішкен-жегенін, отырып-тұрғанын сөз етіп, түртпектеп, әжесі көзін ала бере соққыға жығатын.

Әжесінің жиеніне деген базарлығын да тартып алып, өзін жылатып, бұрышқа тұрғызып қоятын. Кішкентай қыз «Әжеңе айтсаң таяқ жейсің» деген сөзден қатты қорқатын. Ол үйде Гүлжанарды әжесінен басқа ешкім аямайтын. Ол әкесінің кім екенін ді білмеді, ешкім айтып та берген емес. Әкесі жайлы әлдене деуге әжесі қатаң тыйым салған соң, асқар тауы туралы сөз қозғауға жүрегі дауламайтын.

Гүлжанар 14 жасқа толар-толмаста жалғыз жанашыры – әжесі өмірден озады. Нағыз қағажау осы кезден басталды. Тағдырдан теперіш көріп, өмірі өксумен өте бастады. Десе де қаршадай қыз бұл шаңырақта бір жыл әзер шыдайды. Мектепке бару жайына қалып, жоғалған мал, жуылмаған ыдыс, жиналмай қалған төсек үшін жас қыздың шашы жұлынып, талай көзі көгерген. Соңында Гүлжанар анасының бауырларынан көңілі қатты қалып, беті ауған жаққа қашып құтылады.

Қара жолды қақ тіліп, алба-жұлба көнетоз киіммен жылап кетіп бара жатқан қызды жолай бір көлік ала кетеді де, Тараз қаласындағы теміржол бекетіне апарып тастайды.

– Өткен өмірімді ойласам, еріксіз жылай беремін. Расымен «Осыншама ауыртпалықты қалай көтеріп жүргенмін» деп ойланамын. Анам мен әжем өмірден өткен соң, әкемді көргім келді. Әке туралы әңгіме қозғай қалсам таяқ жейтінмін. Қалаға барсам тауып алармын деп ойладым. Алайда 14 жасар қызды қала өмірі тіпті басынан сипай қоймады. Жасы қырыққа таяған жігіт ағасы бар өмірбаянымды естіген соң: «Қызым» деп арқамнан қаққанда «әкемді таптым» деп елжірегенім есімде. «Әкеңнің аты кім еді? Сәттібек болса, мен ғой сенің әкең» деп құшағына алды. Базарға апарып киіндіріп, тамақ алып берді. Сол күні Алматыға алып кетті. Арада көп уақыт өтпей зорлап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі. Аяғым ауырлап, аузымнан ана сүтім кеппей жатып қыз босандым. Алайда дәрігерлер «Қыздың өміріне балта шаппа, тез кетіп қал» деп шығарып салды. Барар жер, басар тауым болмаған соң жеңгетайлықпен айналысатын әлгі еркекке қайта тұтылдым. 19-ға толдым. Бір күні шыдамым таусылып, бесінші қабаттың терезесінен секіріп кеттім. Бірақ аман қалдым. Дегенмен үш жыл бойы жүре алмай, төсекке таңылдым. Кейін аяққа тұрдым. Күндердің күнінде Тараз қаласында тұратын нағашыларыма қайтадан бардым. Олар мені үйіне кіргізбей қойды. Басымнан алған соққының әсері болса керек, талма ауруына душар болдым. Бұрын ыдыс жуып, табыс тауып едім, енді жиі құлай беретін болған соң ешкім жұмысқа алмады. Базарға шығып, амалсыз қайыр тілеуге көштім. Бірде қайыр тілеп отырған жерге жасы өзім құралпы арба итеретін жігіт келді. Көзі жәудіреп қайыр тілеп отырған маған қадала қарады. Көзім қарауытып, шегім шұрылдап отырған. «Қарның ашты ма? Жүр тамақ алып берейін» деп асханаға апарып алдыма ыстық ас қойды. Мен туралы бар деректі білген соң: «Менің сүйген жарым бол. Осы күнге дейін жылағаның бүкіл ғұмырыңа жетеді. Ешқашан жылатпаймын. Аялап өтуге серт беремін» деп бауырына басты. Түс көргендей ертегі ғұмыр сыйлады. Басыма ақ жаулық жауып, беташар рәсімін жасап, туған-туысымен бар жағдайымды жасап бақты. Ал нағашыларым тойыма келуден бас тартты. Міне, сол күннен бері 15 жылдың жүзі болды. Өмірлік серігім маңдайымнан шертпеді. Бар жылы-жұмсағын аузыма тосты. Бір ұл, бір қыз сүйдік. Алайда күйеуімнің де басы ауырып қала береді. Ал менің құлап қалатыным бар. Бір кісілердің жаны ашып берген қуықтай үйінде тегін тұрып жатырмыз. Қызым мен ұлым сот үкімімен балалар үйіне өтті. Сол уақытта ғана менде құжат атаулы ешқашан болмағаны есіме түсті. Құжат жасатып, бүгінде ІІІ топ мүгедектігін алып отырмын. Бар ғұмырым әкемді іздеумен келе жатыр. Алайда ол кісінің туған жер, ата тегін білмеймін. Әкеме апарар жолда көп адастым, – дейді Гүлжанар.

Балалар үйіне жиі барып, қызы мен ұлының жағдайын біліп, базарлық апарып тұратын Гүлжанар әкесін табуды әлі де армандайды. Жиендерін атасына көрсетіп, маңдайынан иіскетсем деп қиялдайды.

Балалары оқу үздігі екенін естіген сайын төбесі көкке жетіп, кеудесін мақтаныш кернейді. «Әкем табылып қалар» деген үмітпен өмір сүретін келіншек, «асқар тауымды бір көрсем, арманым болмас еді» деп іштей егіледі. Күндердің күнінде Сәттібек ақсақал да табылып қалар. Тек сол күнге ертерек жетуді жазсын!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар