Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Киберәдебиеттің өзіндік бағыты бар

Киберәдебиеттің өзіндік бағыты бар
Автор
Соңғы жылдары «кибер» деген сөзді жиі еститін болдық. Осы сөзді қосып айтсақ, бірден жаңа мағына, жаңа бағыт пайда болады. Өйткені біз адам мен заманауи техниканың, нақтырақ айтқанда жасанды интеллект пен ақпараттық жүйелердің бірігіп, жаңа бір тұтас ағзаға айналған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Кез келген өнер туындысы бүгінде цифрлық технологиямен байланысып жатыр. Осы құралдар арқылы жасалған, таратылған, не өзгеріске ұшыраған туындыны шартты түрде «кибер туынды» деп атауға болады.

Қазіргі таңда «кибер» сөзі әртүрлі салада кеңінен қолданылады. Мәселен, киберқауіпсіздік, кибербуллинг, киберқылмыс, кибермедицина, киберспорт, кибермәдениет, киберфилософия... Осылай жалғастыра беруге болады. Кейінгі уақытта «киберәдебиет» деген ұғым қалыптасып келеді. Бұл – интернетте жазылып, интернет үшін арнайы жасалған әдеби туындыларға берілетін атау. Оны кейде ресейлік әдебиеттанушылар «кибература» деп, ал жалпы интернеттегі әдебиетті «сетература» деп бөліп қарастырады. Қазақшаға аударғанда – «кибер» және «желілік әдебиет» деген қос ұғым шығады.

Желілік әдебиет – ғаламторда жарияланған кез келген әдеби мәтін. Ол қағаз нұсқасына да көшірілуі мүмкін. Яғни жазылған дүниені басып шығарып, классикалық форматқа ауыстыруға болады. Ал киберәдебиет тек цифрлық кеңістікте өмір сүреді. Ол гипермәтінге, гиперсілтемелерге, мультимедиялық элементтерге құрылғандықтан, тек интернетте оқылады. Мысалы, автор шығармасында суреттелген пейзажды сөзбен берудің орнына, тікелей фото немесе сілтеме қоя салады. Музыканы сипаттамай-ақ, оның әуенін ұсынады. Яғни оқырман шығарманы толық сезіну үшін желіге қосулы болуы керек.

Киберәдебиет – тек мәтін емес, ол мультимедиялық, интерактивті, синкретті формадағы туынды. Мұнда көркем мәтінмен қатар аудио, бейне, сурет, анимация сияқты көптеген құралдар бірігеді. Бұл әдебиеттің құрылымын да, қабылдау тәсілін де түбегейлі өзгертеді. Бұрын әдебиетте «интертекст» болса, мұнда «гипертекст», тіпті «интермедиа» бар. Яғни мәтін ішінде басқа мәтін емес, сілтеме арқылы фильм, музыка, фотосурет, тіпті онлайн ойын элементтері де енгізіледі.

Киберәдебиет – тек формалық ізденіс емес. Ол мазмұн жағынан да ерекшеленеді. Көп жағдайда бұл бағыттағы шығармалар қысқа, ықшам болады. Өйткені цифрлық форматтағы оқырман ұзақ мәтінді емес, жылдам әрі визуалды әсерлі ақпаратты қабылдауға бейімделген. Сонымен бірге бұл әдебиетте автор мен оқырман арасындағы шекара жойыла бастайды. Оқырман тек тұтынушы емес, пікір білдіруші, тіпті кейде шығарманың бір бөлігіне айналатын интерактивті қатысушы.

Ал кибермәдениет дегеніміз – осы интернет кеңістігінде қалыптасқан жаңа өмір салты. Онда адамдар әлеуметтік желіде өмір сүреді, виртуалды кейіппен өз болмысын қайта жасайды, мәдени құндылықтарды да сол кеңістікте қалыптастырады. Бұл мәдениет физикалық емес, цифрлық әлемнің ішкі ережелері мен қатынастарына негізделеді. Кибермәдениет – адамдардың ақпарат тұтыну және тарату тәсілін түбегейлі өзгертті. Ауыз әдебиеті дәуірінде елестету, жаттау қабілетіміз мықты болды, жазба әдебиет келгенде есте сақтау әлсіреді. Ал қазіргі киберзаманда жадымыз бұлтты жүйеге, серверлерге ауысты.

Цифрлық қауіпсіздік те бүгінгі қоғамдағы маңызды тақырыптың бірі. Киберқауіпсіздік – бұл деректерді, желілерді, құрылғыларды хакерлік шабуылдардан қорғау үдерісі. Зиянды бағдарламалар, фишинг, DDoS шабуылдары, алаяқтық әрекеттер күн сайын белең алып барады. Сондықтан киберқауіпсіздік тек мамандар үшін емес, әр адам үшін қажет дағдыға айналды.

Сол сияқты кибербуллинг, яғни интернет арқылы қорлау, кемсіту, мазақ ету әрекеттері де көбейіп келеді. Бұл психологиялық қысымның жаңа түрі. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату, біреудің атынан әдепсіз жазба жариялау, әдейі әшкерелеу – мұның бәрі адам психикасына зиян келтіретін факторлар. Кибербуллингпен күресу үшін құқықтық нормалар, әлеуметтік бақылау, интернет мәдениетін көтеру қажет.

Интернет алғаш пайда болғанда жазушылар кітап шығаруға қаражат таппай, шығармаларын желіге жүктеді. Уақыт өте келе бұл бағыт үлкен әдеби тәжірибеге айналды. Цифрлық кеңістік жаңа авторларды танытты, жаңа жанрлар тудырды. Киберәдебиет те осылай пайда болды. Бұл – әдебиеттің тек өзгеруі емес, қайта жаңғыруы. Технология дамыған сайын әдебиеттің де жаңа беттері ашылып жатыр.

Кейбір ғалымдар киберәдебиет – уақытша құбылыс, ол жай формалық жаңашылдық қана десе де, бұл бағыттың өзіндік поэтикасы, қабылдау жүйесі, мазмұны қалыптасып келе жатыр. Біз бұл тенденцияны елемей кете алмаймыз. Өйткені өміріміз түгел цифрлы технологияға тәуелді. Смартфон, компьютер, интернет – біздің күнделікті тіршілігіміздің бөлшегіне айналды. Жазушы да, оқырман да осы кеңістікте өмір сүріп жатыр. Жаңа әдебиет осы ортадан туады. Демек, киберәдебиет, кибермәдениет, киберфилософия – бүгінгі күннің қолданысындағы дүниелер.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар