
Жиында алғаш сөз алған облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылуы мен «жасыл белдеу» құру бойынша 2025 жылғы жоспардың орындалуы жайын сөз етті. Басқарма басшысының айтуынша, 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспарына сәйкес елді мекендерде абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұған қоса, наурыз-сәуір айларында Тараз қаласы мен аудандарда көктемгі 2 айлық абаттандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық іс-шаралары өткізілген. Тараз қаласы мен аудандарда апта сайын жалпы 9 сенбілік ұйымдастырылыпты. Әр сенбілікте шамамен 9-10 мыңға жуық адам қатысқан. «TazaLike» іс-шарасына қатысты 17 акция аясында көгеріштендіру және санитарлық тазалау жұмыстары атқарылып, 21,6 мың жасыл желек отырғызылыпты.
– «Жасыл белдеу» құру бойынша 2025 жылғы жоспардың орындалуына, «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2000 тал егу» іс-шараларына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Аталған іс-шаралар аясында бүгінгі күнге дейін 286,9 мың көшет отырғызылды. «Жасыл белдеу» іс-шарасының күзгі жоспарында 108 700 көшет отырғызу көзделген. Дегенмен, зерделеу нәтижесінде кейбір ауылдарда тал-дарақтарға бөлінген жер телімдерін қоршау, суғару жүйесін күшейту қажет екендігі анықталды. Сонымен қатар көп жағдайда егілген көшеттердің өнбей қалатыны белгілі болды. Бұл ретте көшеттерді артығымен отырғызу ұсынылады. Себебі олардың бестен бірі ғана өсіп-өнуі, бой көтеруі мүмкін. Осы орайда, күз айларында отырғызылған көшеттерді қайта қарап, өсіп-өнбеген жағдайда толықтыру қажет, – деді Ғалым Исабайұлы.
Басқосу барысында «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі саналатын «Telegram-бот» арқылы түскен өтінімдерден нәтиже шығаруда кейбір ауданның белсенділігі төмен екені, кездейсоқ қоқыстар жиі кездесетіні айтылды. Осы тектес кемшіліктер бойынша Тараз қаласы мен Талас, Қордай, Т.Рысқұлов секілді бірқатар ауданның аты аталды. Мойынқұм ауданы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен айналысатын мекеменің жоқтығы сынға алынды.
Өз кезегінде облыс әкімі Тараз қаласы мен тиісті аудан әкімдерінен жауап алды. Мысалы, Тараз қаласының «Ұлы дала» ықшамауданындағы егілген жасыл желектерді күтіп ұстау, суғаруға қатысты сын-ескертпе әлеуметтік желілерде қоғам талқысына түскен болатын. Себебі ондағы көшетттердің біразы қурап қалған көрінеді.
– Қала тұрғындарының және ұйымдардың тарапынан түскен өтініштер уақытылы қаралып, тиісті шешімдер қабылданды «Ұлы дала» ықшамауданында көктемде егілген көшеттердің 70 пайызы көгеріп тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (былтыр – 90 пайыз) төмен көрсеткіш. Оның басты себебі – ауа райының қолайсыздығы. Алайда қураған көшеттердің орнына мердігер ұйымның есебінен қайтадан жаңа көшеттер отырғызылады, – деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне тазалық пен экологиялық тәртіпті сақтауды, ауылдық округ әкімдерінің жұмысын күшейтуді, кездейсоқ тасталған қоқысқа қарсы күресті жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындардың шағымдарына жедел жауап беру, қоғамдық бақылауды арттыру және өңірдегі санитарлық ахуалды жақсарту мақсатында «Telegram-бот»-ты халық арасында кеңінен насихаттау міндеттелді.
Бұдан кейінгі қаралған мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков баяндама жасады.
– Биылғы оқу жылын 23 мамырда 523 орта білім беру ұйымындағы 250 мыңға жуық оқушы аяқтайды. Атап айтқанда 9-сыныпты 23 462 оқушы, 11-сыныпты 14 570 оқушы бітіргелі отыр. Барлық білім бөлімдерінің басшыларына, мектеп директорларына ата-аналардан қаражат жинауға, аниматорлар, агенттіктер мен жеке студияларды тартуға, көлік жалдап, шерулер ұйымдастыруға тыйым салынатындығы қатаң ескертілді. Іс-шара өтетін күні кезекшілер бекітіліп, полиция департаментімен бірлесе отырып мобильді топтардың түнгі рейдтері ұйымдастырылады. 9-сыныпта қорытынды бітіру емтихандары 29 мамыр-10 маусым аралығында 4 пәннен, 11-сыныпта 30 мамыр-16 маусым аралығында 5 пәннен өткізіледі. Барлық емтихандар мектептерде өтеді. Биылғы оқу жылында 714 мектеп бітіруші «Алтын белгіге», 990 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. «Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын облыс әкімдігі білім басқармасы жанынан құрылған комиссия қарайды. Облыс аумағында 2 Ұлттық бірыңғай тестілеу пункті Жоғары білім және ғылым министрлігімен бекітіліп, тестілеу өткізіліп жатыр. 2025 жылғы ҰБТ электронды форматта, компьютерлік тест түрінде «1 тестіленуші – 1 компьютер, 2 камера» қағидаты бойынша электрондық форматта өтеді. Ұлттық бірыңғай тестілеудің екеуі қаңтар, наурыз айында өтсе, мамыр, шілде айында өтетін тестілеуге қатысушылар мемлекеттік білім беру грантын алу үшін конкурсқа 2 рет қатыса алады. 11-сыныпты бітіретін 14 570 түлектің 12 091-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді. Жазғы кезеңде балалардың демалысын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру үшін ведомствоаралық 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, облыстық штаб құрылды. Балалардың сауықтыруын ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 786,6 миллион теңге қаражат қарастырылды. Жазғы демалыс пен сауықтыру шараларымен 1-10-сынып оқушыларын қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде қала сыртындағы лагерьлермен 7 469, яғни көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылады. Облыстағы 12 қала сыртындағы сауықтыру лагері мен орталықтардың жетеуі балаларды қабылдау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ал 407 мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьлер өз жұмыстарын 2 маусымнан бастайды. Оған әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылар бойынша 33 607 баланы қамту жоспарланған. Сонымен қатар облыстың 593 баласы «Қазақстан халқы» қорының демеушілігі есебінен қала сыртындағы лагерьлерде сауықтырылатын болады. Облыстың 1 300-ден астам оқушысы Алматы, Түркістан облыстарындағы лагерьлерде демалады. 5-9-сынып оқушылары арасынан республикалық және облыстық деңгейдегі түрлі байқаулар мен жарыстарда жеңіске жеткен 295 оқушы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барады, – деген Нұрбек Әбубекұлы жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты атқарылатын шаралар барысына да тоқталды.
Жиында аймақ басшысы жаз мезгіліндегі балалар қауіпсіздігі мен олардың демалысын ұйымдастыру мәселесіне айрықша назар аударды. Білім басқармасы басшысына бұл бағыттағы жұмыстарды жан-жақты бақылауда ұстау тапсырылды. Атап айтқанда, жазғы демалыс лагерьлерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдын ала дайындық шараларын сапалы жүргізу, ас мәзірінің құндылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз ету, медициналық бақылау мен санитарлық талаптардың толық орындалуы қажеттігі баса айтылды. Сонымен бірге лагерь қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары, бөгде адамдардың кіру тәртібі және санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың жүйелі жүргізілуін қатаң бақылауда ұстауды сөз етті. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектердің көлікпен шеру ұйымдастыруына, автокөлікті тізгіндеу арқылы көшеде салтанатты жағдайда жүріп өтуіне және мерекелік іс-шараларды тойханалар мен басқа орындарда да атап өтуіне қатаң түрде тыйым салу қажеттігін ескертті. Бұл ретте оқушылар мен ата-аналарға қауіпсіздік ережелері жөнінде алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізу артық болмайтынын атап өтті.
– Жазғы оқушылар лагерінің сыйымдылығын арттыру, оқушылардың өз өңіріміздің демалыс орындарында алаңсыз тынығуына жағдай жасау – негізгі міндеттердің бірі. Жергілікті демалыс нысандарын қолжетімді әрі жайлы ету арқылы балалардың сапалы демалуына мүмкіндік жасалуы тиіс. Ата-аналармен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жауапкершілік туралы ақпарат берілуі қажет. Облыстық полиция департаменті осы бағытта тиісті шараларды қабылдауы керек. Әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қолға алынуы тиіс. Бұл ретте мектеп оқушыларының заңды өкілдерімен бірлескен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып, жазғы демалысты тиімді өткізу жолдары қарастырылғаны жөн. Облыста балалардың демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер бар. Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – ең басты басымдықтардың бірі. Осыған байланысты барлық жауапты мекемелер тарапынан қауіпсіздік шаралары ерекше назарда болуы қажет, – деген Ербол Қарашөкеев жауаптыларға бірқатар міндеттеме жүктеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ