Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау – ортақ міндет
- author AR-AY
- Бүгін, 09:37
- 20
Басқосу барысында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, облыс бойынша еңбек инспекциясы департаментінің еңбек заңнамасын бақылау бөлімінің басшысы Еркін Ибраимов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаеваның баяндамалары тыңдалды.
Бауыржан Жанаевтың айтуынша, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың қатысуымен болатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс аумағында «Жасөспірім және заң қауіпсіздігі», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп» сынды іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады. Сонымен қатар арнайы мобильдік топ құрылып, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осылайша жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстық және әкімшілік заңбұзушылықтардың деңгейін төмендетуге бағытталған нақты шаралар қолға алынған.
Полиция қызметкерлері рейд барысында түрлі құқыққа қайшы әрекеттерге барған балалар мен жасөспірімдерді анықтап, олармен профилактикалық әңгіме жүргізген. Мұндай іс-шаралар кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз етіп, олардың қылмыс әлемінен тартынуға мүмкіндік береді.
Тексеру кезінде тыйым салынған заттарды алып жүрген жасөспірімдер де анықталған. Бүгінде мұндай фактілер бойынша тиісті тергеу амалдары басталған.
Жасөспірімдерді қылмыс әлемінен алшақтату үшін ата-аналар балаларының тәртібі мен достарына көңіл бөлуі аса маңызды. Себебі профилактикалық жұмыстың басты бөлігі отбасы тәрбиесінен басталатынын айтып, мамандар дабыл қағуда.
– Бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 208 қолайсыз отбасы және қылмыс пен құқықбұзушылық жасаған 512 кәмелетке толмаған полицияның есебіне алынды. Қазіргі таңда 403 жасөспірім және 246 қолайсыз отбасы есепте тұр. Девианттық тәрбиедегі мінез-құлқына байланысты 22 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке орналастырылды. Бүгінгі таңда облыс бойынша барлық білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы буллинг, әлімжеттік және бопсалау деректерінің алдын алу, оларға ықпал ететін тұлғаларды анықтау мақсатында жұмыстар күшейтілді. Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мақсатында психологтармен бірлесіп сауалнамалар өткізіліп, нақты шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда алдын алу шараларын күшейту, оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын арттыру және ата-аналармен бірлескен профилактикалық кездесулер өткізу жұмыстарын жүйелі түрде атқарудамыз. Сонымен қатар, бейресми көшбасшылармен жеке профилактикалық әңгімелер өткізіліп, олардың мінез-құлық ерекшеліктері мен әлеуметтік ортасы зерделенуде, – деді Бауыржан Жанаев.

Кеңестің қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүруі мен қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеуінің алдын алу мақсатында жергілікті полициямен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар жыныстық сипаттағы қызмет көрсету фактілерінің алдын алып, кәсіпкерлер мен ата-аналарға қатысты заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қолдану керектігі ескертілді.
Балалардың өміріне қауіпсіз жағдай жасау үшін мектептер мен олардың маңындағы нысандарда тәртіпті сақтау, тағам қауіпсіздігін бақылау да назардан тыс қалмайды. Бұл бастамалар ұрпақтың амандығына бағытталған келелі іс. Өйткені әр баланың тыныштығы мен қауіпсіздігі мемлекеттің ертеңіне берік іргетас болып қаланбақ. Баланың жарқын күлкісі мен сенімді болашағы – Отанымыздың ортақ жеңісі.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ



