
Бас дәрігердің айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты – АИТВ-ның (адамның иммун тапшылығының вирусы) таралу қарқынын бәсеңдету, халықтың бұл инфекция жөніндегі сауаттылығын арттыру, бағытталған ескертулер мен кешенді алдын алу шараларын жүзеге асыру, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайды жүйелі түрде бағалап, қадағалап отыру.
2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында өңірде АИТВ-инфекциясының 44 жағдайы тіркеліпті. Ал 2024 жылдың дәл осы кезеңінде 40 жағдай анықталған. Яғни аурушаңдық көрсеткіші біршама өсіп отыр.
Анықталған деректердің жас ерекшеліктеріне тоқталған спикер ең көп жағдай 30-39 және 40-49 жас аралығындағы азаматтар арасында тіркелгенін айтты.
– Жалпы 44 жағдайдың ішінде 30-39 жас аралығында – 12 адам (27,3 пайыз), 40-49 жаста – 12 адам (27,3 пайыз), 50-59 жаста – 7 адам (15,9 пайыз), 20-29 жас аралығында – 5 адам (11,4 пайыз), ал 60 жастан жоғары жастағы азаматтар арасында 6 жағдай (13,6 пайыз) анықталды. Бұл мәліметтер бізге нақты қауіп тобы мен жұмыс бағытын айқындауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді бас дәрігер.
АИТВ инфекциясының таралуын шектеу мақсатында 2025 жылдың басынан бастап облыс аумағында тұрғындар арасында кең көлемде ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – арнайы мобильді топтың құрылуы.
– Біздің мақсат – халықты толық әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. АИТВ – бұл сот үкімі емес. Ерте анықталған жағдайда өмір сапасын жоғалтпай, толыққанды өмір сүруге болады. Сондықтан да тестілеу қызметін барынша қолжетімді етіп, әр тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бүгінде мобильді топтар шалғай ауылдарға дейін барып, жергілікті тұрғындармен кездесуде, – деді Қыдырбаев Бағлан Жарылқасынұлы.
Сондай-ақ, ол тұрғындарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында АИТВ инфекциясына қарысы тексерілуге шақырды. Тестілеуді облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығында немесе өздерінің тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханаларда тегін өтуге болады.
Брифинг соңында бас дәрігер АИТВ инфекциясы туралы қоғамда қалыптасқан қате түсініктерді жою қажеттігін атап өтті.
– Көп жағдайда адамдар бұл індеттен қорқып, тексерілуге бармайды немесе бұл инфекция тек белгілі бір топқа ғана тән деген жаңсақ пікір де болады. Бұл – қате түсінік. АИТВ – жыныстық жолмен де, қан арқылы да, анадан балаға да берілуі мүмкін. Сондықтан әрбір азамат өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дер кезінде тексеруден өтуі тиіс. Ал біз өз тарапымыздан барынша ашық, қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуге дайынбыз, – деді ол.
Орталық эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында алдағы уақытта да кешенді шараларды жалғастырып, қоғаммен тиімді байланыс орнатуға басымдық бермек.
Айжан ӨЗБЕКОВА