Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Онлайн дәрігер опа таптырмайды

Онлайн дәрігер опа таптырмайды
Автор
Қазіргі цифрландыру дәуірінде медициналық көмекке онлайн қол жеткізу күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Уақыт үнемдеу, дәрігерге лезде сұрақ қою, кез келген уақытта кеңес алу мүмкіндігі – мұның бәрі интернет арқылы медициналық көмекке жүгінуді жиілетті. Алайда бұл үрдістің өз артықшылықтарымен қатар, кәсіби шектеулері мен жауапкершілігі де бар.

Бірде әлеуметтік желіден жағымсыз видеоны көзіміз шалып қалды. Онда әйел адам қан қысымын түсіреді деген қоспаны интернеттен көріп, өзі үй жағдайында жасап көреді. Алайда бұл «дәрінің» кері әсері тиіп, әйелдің терісі күйіп, қарайып кеткен. Ақыры ол мүлде басқа әрі күрделі емге мұқтаж болып қалған. Бұл – интернеттегі кеңеске соқыр сенімнің нақты мысалы.

Осы мәселеге қатысты Тараз қалалық №2 емхананың бас дәрігерінің оқыту-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ұлболсын Жұмағалиева өз пікірін білдірді.

– Жалпы ақпарат пен нақты медициналық кеңес арасында үлкен айырмашылық бар. Онлайн дәрігер тек жалпы симптомдарды айтып, «мұндай жағдайда дәрігерге көрініңіз» деп кеңес бере алады. Бірақ нақты диагноз қоймай тұрып дәрі ұсыну – медициналық этика мен заңға қайшы. Себебі бір симптомның астарында бірнеше түрлі диагноз жасырынуы мүмкін. Ал әр ағза әртүрлі реакция береді. Онлайн кеңес кезінде пациентті көзбен көрмей, физикалық тексермей, зертханалық немесе инструменталды талдаулар жүргізілмей тұрып ем ұсыну денсаулыққа қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда тек болжам жасауға болады, ал болжам негізінде дәрі-дәрмек беру – қате әрі қауіпті. Тіпті дәрумен ұсынудың өзі – рұқсат етілмейтін әрекет. Көпшілік дәрумендерді зиянсыз деп есептейді. Алайда олардың шамадан тыс дозасы гипервитаминозға әкеліп, бауыр мен бүйрекке зиян келтіруі мүмкін. Бұл шешім зертханалық талдаудан кейін ғана қабылдануы тиіс, – Ұлболсын Бауыржанқызы соңғы жылдары медицинада нутрициология секілді жаңа бағыттар пайда болғанын жеткізді.

Маманның айтуынша, дәрігер мен нутрициологтың кәсіби білімі мен құқықтық мәртебесі екі түрлі. 2024 жылы Қазақстанда нутрициологтардың кәсіби стандарты бекітілді. Бірақ олар науқасты кешенді тексере алмайды, Сондықтан түпкілікті шешімді дәрігер қабылдауы тиіс.

Сонымен қатар кейінгі кезде «Instagram», «TikTok» сынды платформаларда дәрігер кейпіндегі блогерлер көбейіп келеді. Көпшілік солардың кеңесіне сеніп, өздігінен ем қабылдайды.

– Әлеуметтік желідегі жазбалар көбіне жалпылама сипатта болады. Ал нақты диагноз – әр пациентке жеке тәсілмен қойылады. Мысалы, іштің ауырсынуын «дизбактериоз» деп қабылдап, шын мәнінде ол асқынған аппендицит болып шықса ше? Мұндайда уақыт жоғалту өмірге қауіп төндіреді, – дейді дәрігер.

Келесі кезекте электронды рецепт мәселесіне тоқталған дәрігер қазіргі таңда интернет арқылы дәрі жазуға рұқсат бар екенін айтады, бірақ нақты талаптар сақталуы қажет.

– Рецепт тек тіркелген медициналық мекемеде жұмыс істейтін, лицензиясы бар дәрігер тарапынан медициналық ақпараттық жүйе арқылы жазылады. Ол науқастың электрондық денсаулық паспортына тіркеледі. Ал жалған аккаунттар арқылы берілген дәрі-дәрмек заңсыз әрі денсаулыққа қауіпті. Сондай-ақ онлайн кеңес алу кезінде пациент ескеруі тиіс мәселелер бар. Ең алдымен маманның біліктілігіне, лицензиясына және кеңестің ресми түрде берілгеніне назар аудару керек. Сондай-ақ жеке мәліметтердің құпиялылығы да маңызды. Бұл кеңес заң аясында, пациенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып жүргізілуі тиіс. Жалпы телемедицина, электронды денсаулық төлқұжаты, онлайн кеңес сынды мүмкіндіктер медицинаны жаңа деңгейге көтеріп жатқаны сөзсіз. Бірақ бұл жүйелер тек кәсіби мамандардың бақылауында болғанда ғана тиімді. Денсаулық – адамның ең үлкен байлығы. Сондықтан кез келген шешімді қабылдамас бұрын тек дәрігердің кәсіби пікірі негізінде әрекет еткен жөн. Онлайн кеңес – тек бағыт-бағдар. Нақты ем – тек жан-жақты тексеруден кейін тағайындалады, – деп қорытындылады Ұлболсын Бауыржанқызы.

Цифрлы дәуірдің артықшылықтарын дұрыс пайдаланып, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарасақ, қауіптің алдын алып, онлайн кеңестің шынайы пайдасын көре аламыз.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар