
Іс-шара басталмай тұрып Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлары халқымыздың салт-дәстүрлерінен қойылым көрсетсе, белгілі кәсіпкер, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева қазақ тойындағы ас мәзірінің қандай болуы керектігін айтып, келген қонақтарға дәм таттырды.
Басқосуда «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев алғашқы болып сөз сөйлеп, той мәдениетіне кеңінен тоқталды.
– Той – халқымыздың тұрмысында өз орны бар үлкен қуаныш. Кейбірі оны ұзақ күтсе, кейбірі әр сәтін қуанышқа балап, жиі той беріп жатады. Бұл ретте қазақ даласында заман көшімен той да үлкен бизнеске айналды. Жаңа мүмкіндіктер мен шығармашылық ортаның табыс алаңына айналды. Оны тізгіндейтін асабалар да өз сұранысын көтеру үшін түрлі шоулар ұйымдастырып, елдің көңілін табу үшін сан алуан әрекеттер жасай бастады. Бұл ұлттық болмысымызға бірде жақсы насихат жасаса, енді бірде көңіл түсіріп, дәстүрімізді мазаққа да айналдырған сәттер жоқ емес. Бұл турасында ел ішінде көп ескертулер айтылып, ақсақалдар сөзі тиісті жеріне де жетті. Осы орайда Жамбыл өңірі бастамашы болып той мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтерген болатын. Той басында асаба тұратыны ақиқат. Яғни, халықты есіртетін де, жақсы сөзімен ес кіргізетін де асаба екені мәлім. Сондықтан да жамбылдық асабалар «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігін құрып, бұл ұйым да той тәртібін келтіруге өз септігін тигізуде. Бұл ұйым жұмысының бастамасы болып Наурыз мерекесінің онкүндігі аясында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай «Асабалар алаңы» байқауы өтті. Одан кейін де бірқатар жиындар ұйымдастырылып, әр ауданда өткен басқосуларда бұл бастаманы ел болып қолдады, – деді Ринат Даниярұлы.
Сонымен қатар, жиынға арнайы шақырылған қонақтар қазақ халқының дәстүрлі той мәдениетінің тарихи-этнографиялық негіздері мен қазіргі таңдағы трансформациялық сипаттары жайлы мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда «Қазақ тойының этномәдени негіздері», «Қазіргі той мәдениеті: салтанат па, сән бе?», «Тойдағы ысырапшылдық – ұлттық менталитетке әсері» сынды өзекті тақырыптар төңірегінде ой қозғап, тың пікірлер мен ғылыми тұжырымдар ұсынды. Қазақтың той өткізу дәстүрінің рухани-мәдени болмысын сақтап, заманауи бағытта қалыптастыру мәселесін мақсат еткен жиынға арнайы қатысқан тәжірибелі ардагер асабалар мен жас асабалар да сөз алып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, игі іске ұйытқы болған орталық ұжымына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Жиын соңында ұлттық дәстүрді насихаттап жүрген бірқатар ардагер асабаға «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің арнайы төсбелгісі табысталды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ