Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастар жемқорлыққа қарсы

Жастар жемқорлыққа қарсы
Автор
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенттерімен кездесті. «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» тақырыбында өткен басқосуда жастардың бойында адамгершілік, имандылық сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыру мәселесі кеңінен сөз болды.

Басқосуда алғашқы болып сөз алған Қасымхан Естемесұлы сыбайлас жемқорлық қоғамның дамуын тежейтін, заң мен тәртіп үстемдігін бұзатын қауіпті құбылыс екеніне тоқталды.

– Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» тұжырымдасы құқықтық мемлекеттің іргетасы екенін үнемі айтып келеді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, оның алдын алу, заң үстемдігі мен бұлтартпастығын қамтамасыз ету – мемлекет алдында тұрған басты міндет. Осы орайда жастардың санасына жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған бүгінгідей жұмыстарға да ерекше мән беріледі. Сол сияқты жоғары оқу орындары мен колледждерде жұмыс істейтін 43 «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының жұмыстарын жандандыру қажет деп санаймын. Себебі бүгінгі жастарға қандай бағыт-бағдар берсек, олар ертең сол жолмен жүреді, – деді Қ.Төлендиев.

Негізгі тақырып бойынша баяндама жасаған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, профессор Махмедғали Сарыбековтің сөздері студенттерге үлкен ой салды.

– Сыбайлас жемқорлықпен күресті ең алдымен адам өзінен бастауы тиіс. Бұл – заң аясындағы талап қана емес, ар-ұят, имандылық пен адамгершілікке негізделген өмірлік ұстаным. Бүгінгідей заманда жастардың парасатты тұлға болып қалыптасуы маңызды. Ал саналы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, олардың рухани дүниесін байыту қажет. Алайда жасөспірімдер білімді кітап, газет-журнал емес, интернеттен алғысы келесі. Ғаламтордан миға қаншама ақпарат еніп жатыр. Бірақ жастар оны сараптай бермейді. Қайсысының дұрыс, қайсысының бұрыс екенін ажырата алмайды. Осы ретте Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» шығармасын оқудың тәрбиелік маңызы зор екенін атап өткен жөн. Ондағы терең философиялық тұжырымдар жастардың бойына ұят пен имандылық құндылықтарын сіңіруге ықпал етеді. Сонымен қатар тағы бір қызықты ақпаратпен бөлісе кеткім келіп отыр. Көп адам Абай Құнанбайұлының ақын, ойшыл ғана емес, ел ішіндегі құқықтық мәселелерді реттеген заңгер екенін де біле бермейді. Бұл сөзімізге Қарамолада жазылған «Шар ережелері» дәлел. Абайдың әділдікке негізделген пайымы мен заңдылықты сақтау жайлы ойы қазіргі қоғам үшін де аса өзекті. Қорыта айтарым, жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске үндеудің ең тиімді жолы – оларды біліммен қаруландырып қана қоймай, рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров өз сөзінде ведомство тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар жиында «АMАNАТ» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшыcының орынбасары Уәлихан Болатбек, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының белсенді мүшесі Жания Ерболқызы да тақырып төңірегіндегі орамды ойларын ортаға салды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар