
Жиынды ашқан Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды тілге тиек етті. Ал Серік Жақсылықұлы өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасап, Меркі ауданындағы ахуалға тоқталды.
– Мұндай форматтағы кездесулер бұған дейін арнайы бекітілген кестеге сәйкес Тараз қаласында, Талас және Мойынқұм аудандарында өткізілген болатын. Аталған өңірлерде құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды ұсыныстар мен нақты ойлар ортаға салынып, талқыланды. Енді, міне сол бастама Меркі ауданында жалғасуда. Меркі ауданы бойынша қысқаша статистикалық мәліметтерге тоқталайын, ауданның жалпы халық саны – 88 148. Оның ішінде 25 614-і немесе 29,1 пайызы – жастар. 2025 жылдың алғашқы 4 айында облыс бойынша 1 562 құқықбұзушылық тіркелсе, соның 83-і Меркі ауданына тиесілі. Сонымен қатар аудан көлемінде ересектер арасында 3 суицид фактісі орын алған. Облыс бойынша 538 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, Меркі ауданында 16 оқиға орын алған. Салдарынан 36 адам зардап шегіп, 29 адам жараланып, 2 адам қаза тапқан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 1 583 адам. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен және өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Әрине, бұл тек әкімдік пен құзырлы органдардың жұмысына ғана емес, қоғамның, әрбір азаматтың белсенділігі мен ынтасына да байланысты. Қоғам болып жұмылмайынша, бұл мәселелердің алдын алу қиындық туғызары анық. Аталған мәселелер облыс және аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі ел азаматтарының қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз етуді кез келген реформаның өзегі деп атап өтеді. «Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның тірегі» деген ұстаным біздің жұмысымыздың басты бағдарына айналды. Басқосудың негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтауға деген ортақ жауапкершілікті арттыру. Заңды білу және оны сақтау – өркениетті қоғамның айқын белгісі. Әсіресе жастарымыз заң талаптарын терең меңгеріп, құқықтық сауаттылықтарын арттыра түссе, бұл – ел болашағына салынған маңызды инвестиция. Бұл жиын – біржақты есеп беру емес, керісінше ашық пікір алмасу, өзара сенім мен серіктестікке негізделген диалог алаңы, – деді Серік Сәлемов.
Жиын барысында облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Жанаев жастар арасындағы құқықбұзушылық бойынша баяндама жасады.
– Облыс әкімінің қатысуымен өткен мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік мәселелері бойынша кездесуде инватакси қызметінің жетіспеушілігі туралы мәселе көтерілді. Меркі ауданында бұл қызмет бар болғанымен, оның көлемі жеткіліксіз. Бұл мәселе жергілікті бюджетпен тікелей байланысты. 24 сәуірде облыс әкімдігі мен басқармаларға арнайы ұсыныс берілді, – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев.
Жиынды қорытындылаған Серік Сәлемов алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында осындай іс-шаралар жалғасатынын жеткізді.
Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист,
Меркі ауданы