Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Úmit» жобасы үздіктер қатарында

«Úmit» жобасы үздіктер қатарында
Автор
Ғылым-білім дамып, өркениет өрлеп тұрған заманда білімді, білгір ұрпақ қалыптасуы заңдылық. Егемен еліміздің ертеңі, кемел келешегіміздің кепілі болған жастар жаңашылдық пен ғылымға әуес. Еліміздің әр өңірінде талантымен талайды тамсандырып, білімімен көзге түсіп жүрген жастар да жоқ емес. Солардың қатарында Тараз төріндегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Барысхан Қалдыбай мен Қанат Тәжіхан да бар.

Жуырда өнертапқыш өрендер «Úmit» ақылды құрылғысын жасап шығарды. Тараздық оқушылар ойлап тапқан жоба Орталық Азиядағы жасанды интеллект жобалары арасында жеңімпаз атанды. Бәсі биік «AICA Awards» 2025 байқауына бес мемлекеттен 60-тан астам жоба қатысқан. Солардың арасынан суырылып шығып, сайыстың бас бәйгесін иеленген отандық стартаптың пайдасы ұшан-теңіз.

Бір айта кетерлігі, аталмыш жоба үздік деп танылған «AICA AWARDS» – Орталық Азиядағы толығымен жасанды интеллектіге арналған бірінші марапат. Алгебраның негізін қалаушы ұлы математик Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезмидің есімімен аталатын байқаудың негізін Орталық Азия жасанды интеллект қауымдастығы құрған. Білім беру, денсаулық сақтау, агротехнология және бизнес салаларындағы жасанды зейінге негізделген өнертабыстарды қолдауға арналған жүлде Орталық Азия аймағын ғаламдық ЖИ хабына айналдыруды көздейді.

Аталған байқауда «Úmit» жобасы тек инновациялығы үшін ғана емес, сонымен қатар практикалық қолдану мүмкіндігінің жоғары болуы жағынан да назарға алынған. 5 елдің инвесторлары мен өнеркәсіп көшбасшыларын қамтитын сараптамалық қазылар алқасының көп сатылы іріктеуінен өткен өнертабысқа көптің көзі түсіп отыр екен.

Барысхан Қалдыбайдың айтуынша, жігіттер «Úmit» жобасын 2022 жылы қолға алған.

– Қазіргі таңда ақылды технологиялардың мүмкіндігі шексіз екенін көз көріп жүр. Солардың ішінде ми-компьютер интерфейсі (МКИ) немесе қарапайым тілмен айтқанда, ми сигналдарын қолдану арқылы жұмыс істейтін технологияларды ерекше атап айтуға болады. Бірақ бұл сала енді ғана дамып келе жатқандықтан, дәл қазіргі уақытта жаппай қолданысқа ене қойған жоқ. Оған қоса, жұмыс істеу көрсеткіші мен технологияның күрделілігі әлі де сәйкес келе бермейді. Ал миға операция жасау кез келген адамға сай келе бермейді және ұзақ оңалтуды (реабилитацияны) қажет етеді. Операцияны қажет етпейтін инвазивті емес шешімдер көбіне ауыр әрі қателіктерге жиі жол береді. Ал көзбен басқару жүйелері көбінесе тек бөлме ішінде ғана жұмыс істейді, себебі олар сырттан түсетін күн сәулесіне төзімсіз. Сондай-ақ, арнайы камераларды дәл көздің үстінде ұстап тұрудың да көп жағдайда ыңғайсыз екені белгілі. Оған қоса, көзбен қажетсіз қимылдар жасау – адам табиғатына тән нәрсе, сондықтан басқа жаққа қарап отырып басқару қиындық тудырады. Бұл технологиялардың әлі күнге дейін ауқымды қолданысқа енбегені түсінікті. Себебі, денеге киілетін үлкен қондырғылар, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, көп жағдайда ыңғайсыздық тудырады, ал операция жасау өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Ал біз дайындаған «UMIT» ақылды құрылғысы кез келген адамның ауыз қуысына арнайы ыңғайластырылып жасалады, өте жеңіл әрі ешқандай үйренуді қажет етпейді. Көздің қызметіне кедергі келтірмейді және ең бастысы, миға операция жасауды қажет ететін қымбат технологиялардан да жоғары тиімділік көрсетеді. Бұл – шын мәнінде, күнделікті өмірде қолдануға болатын, ауызға салып пайдаланатын «тышқан» тәрізді құрылғы. Біздің тіліміз өте сезімтал бұлшықеттерден тұрады, яғни оның қимылы өте анық болады. Соның арқасында біз бұл құралмен дәлдігі жоғары процестерді еш қиналмай-ақ орындай аламыз. Ақылды құрылғыны әзірлеу барысында біз Қазақстанның оңалту орталықтарына барып, ол жердегі өмірді өз көзімізбен көрдік. Шынын айтқанда, оңалту орталықтары – армандар өшетін орын екеніне куә болдық. Қолдарының әлсіздігінен смартфон ұстай алмайтын, ауруына байланысты өмірінің соңына дейін мүгедектер арбасына таңылған, әрбір қимылы үшін біреудің көмегіне мұқтаж жандарды көрдік. Міне, сондықтан біз «UMIT»-ті жасап шығаруға бекіндік. «UMIT» – бас пен тілдің қимылы арқылы цифрлық құрылғыларды басқаруға арналған интерактивті ауызғап (капа). Басқару неліктен бас пен тіл арқылы жүзеге асырылады деген сұраққа жауап бере өтсем, оңалту орталықтарындағы зерттеулеріміз барысында біз цифрлық құрылғылармен өзара әрекеттесу туралы түсінігімізді толығымен өзгертуге мүмкіндік берген өте қызықты жайттарды анықтадық. Нәтижелер көрсеткендей, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың 90 пайызы басы мен тілін қимылдата алу қабілетін сақтайды екен. Осы жайт біздің құрылғымыздың негізгі ерекшелігіне айналды. Бұл құрылғы оңайлықпен дайын бола салмады. Жобамыздың сәтті шығуының, үздік шығуының артында сәтсіздіктерден, қайта-қайта жасалған сынақтардан, ұйқысыз түндер мен үмітсіздіктер жатыр. Зерттеулер көрсеткендей, церебралды сал ауруы, склероз, сал ауруы, және ампутацияланған аяқ-қолдар дерттері салдарынан жыл сайын 1 миллион адам мүгедек болып қалады екен. «UMIT»-тің мақсаты – осы адамдарға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Шынын айтсақ, біздің алғашқы прототипіміз мүлдем жарамсыз болды. Сондықтан біз басынан бастап, тырнақтай ғана көлемде өзіміздің микрочипімізді жасап шықтық. Оған «IMU», «Bluetooth», «USB-C» секілді барлық қажетті технологияларды сыйдырдық. Түзетулердің бәрі енгізілген соң, біз құрылғымызды алғаш рет сынап көрдік. Қолдың көмегінсіз мүгедектер арбасын басқару – мүгедектігі бар жандарға да, өзімізге де ерекше әсер сыйлады. Ең бастысы, оны қолдану қиын емес екен. Түсінікті, ыңғайлы, бірден үйреніп кете беруге болады. Бір айта кетерлігі біз Стивен Хокингтің мысалынан шабыт алдық, ол арбасын ерні арқылы басқарған, – дейді Б.Қалдыбай.

Бұл құрылғы әрбір қолданушы үшін жеке жасалады. Бірінші кезеңде капа адамның аузына дәл сәйкес келуі, сөйлеуге кедергі жасамауы және ұзақ уақыт қолдануға жарамды болуы үшін аузынан қалып алынады. Оның корпусы ұзақ уақыт қолдануға қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ететін гипоаллергенді, биосәйкестік пластиктен жасалған.

Корпустың ішінде негізгі компоненттер – микроконтроллер, сенсорлар мен датчиктер оқшауланып орналастырылған. Мұндай құрылым электрониканы сыртқы әсерлерден қорғайды және құрылғының ықшам болуын қамтамасыз етеді. Капа пайдаланушыға цифрлық құрылғылар мен мүгедектер арбасын басқарудың екі әдісін ұсынады: тіл қозғалысы және бас қозғалысы арқылы. Екі әдіс те мүмкіндігінше дәл, интуитивті және ыңғайлы етіп жасалған, жүйені толық бақылауды қамтамасыз етеді. Капаның ішіндегі сенсорлар тілдің әрбір қозғалысын тіркеп, оны командаларға айналдырады. Мысалы, тілді алға жылжыту – экрандағы курсорды жоғары қозғайды, артқа – төмен, ал тілді солға немесе оңға бұру курсорды сәйкес бағытта жылжытады. Пайдаланушы курсорды кез келген бағытта – диагональ, шеңбер немесе күрделі траектория бойынша да дәл компьютерлік тышқан сияқты еркін жылжыта алады. Бұл оған виртуалды пернетақтаны ашуға, мәтін теруге және кез келген тапсырманы еш шектеусіз орындауға мүмкіндік береді.

Тіл арқылы мүгедектер арбасын да басқаруға болады. Мысалы, тілді алға қозғау – арбаны алға жылжытады, ал басқа командалар қолданушының жеке қажеттіліктеріне бейімделе алады, бұл басқаруды табиғи және интуитивті етеді.

Бас қозғалыстары арқылы басқару – гаджеттермен өзара әрекеттесудің балама тәсілі. Жүйе басты аздап еңкейткен қозғалыстарды да тіркейді, бұл компьютерлік тышқан әрекеттерін дәл қайталауға мүмкіндік береді. Мысалы, басты оңға еңкейту курсорды оңға жылжытады, солға – солға, ал алға және артқа жылжулар курсорды жоғары немесе төмен қозғайды. Курсор экрандағы әрекеттерді толық қайталайды. Басты алға еңкейту – арбаны алға жылжытады, ал оңға және солға бұру қозғалыс бағытын анықтайды. Құрылғы басты бастапқы күйде бекітеді, бұл басқару командаларын минималды қозғалыстармен іске қосуға мүмкіндік береді, әрі жайлылық пен дәлдікті қамтамасыз етеді.

Құрылғы қосымша түрде пайдаланушының жеке қажеттіліктеріне бейімделетін бағдарламаланатын батырмалармен жабдықталған. Бұл батырмалар режимдерді ауыстыру, функцияларды іске қосу немесе басқа тапсырмаларды орындау үшін пайдаланылуы мүмкін, бұл құрылғыны әмбебап және икемді етеді.

Құрылғының аккумуляторы 8 сағаттық белсенді жұмысқа жетеді, бұл оны жұмыс күні немесе оқу сессиясы бойы пайдалануға мүмкіндік береді.

– Ақылды құрылғы мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмыс істеу, оқу, жаңа дағдыларды меңгеру, қарым-қатынас жасау секілді үлкен мүмкіндіктер сыйлайды. Интерактивті капа арқылы бағдарламалау, видеомонтаж, дизайнмен айналысуға, фриланс жасауға немесе клиент сұрақтарына жауап беретін менеджер не оператор ретінде қашықтан жұмыс істеуге болады. Мүмкіндіктер тек қолданушының қиялына және құрылғыны қайда қолданғысы келетініне байланысты. Қысқаша айтқанда капа арқылы қол-аяғы қимылдамайтын азаматтар жасанды интеллект негізінде бас және тіл қимылы арқылы телефон, ноутбук, теледидар, планшет секілді цифрлық құралдарды және мүгедектер арбасын басқара алады. Былайша айтқанда, бұл мүгедектігі бар адамдарға арналған пульттің бір түрі,– деп түсіндіріп өтті жоба авторы Қ.Тәжіхан.

Барысхан Қалдыбай болса жобаның уақыт машинасы немесе ой күшімен басқару туралы қиял емес, шын мәнінде адамдарға көмектесетін ең тиімді және өміршең шешімдердің бірі екенін тілге тиек етті.

– Бұл жолда біз 2 жылдан астам уақыт тер төктік. Бұл құрылғыны жасау барысында біз сенсорларды басқару, уытсыз әрі ыңғайлы материал табу, шағын әрі қуатты микрочип дайындау сияқты көптеген қиындықтарға тап болдық. Соған қарамастан, екі жыл ішінде алғашқы прототипті дайындап, кейін жасанды интеллектпен жетілдірілген жаңа нұсқасын шығардық. Ерекше айтып өтерлігі, ақылды құрылғының кейбір шетелдік аналогтары тек көзбен немесе дауыспен басқаруға бағытталған. Ал «Úmit» олардың бірнеше функцияларын біріктіріп, қазақша да, ағылшынша да жұмыс істейтін етіп жасалған. Үлкен еңбектің жемісі болған соң, жобада жеңімпаз атанғанымызда кеудемізді қуаныш пен мақтаныш кернеді. Алдағы уақытта біз халықаралық грант байқауларына қатысып, дайын өнімді өндіруге қолдау алу жолында тынбай еңбек етпекпіз. «AICA AWARDS» байқауы «Úmit» жобасы жәй екі оқушы ойлап шығарған стартап емес Орталық Азия аймағындағы ең озық ЖИ жобаларының бірі екенін дәлелдеді. Ендігі кезектегі біздің мақсатымыз – инвесторлар мен серіктестер табу. Олардың қолдауымен өз зертханамызды ашып, құрал-жабдықтар сатып алып, өндірістік желіні іске қосқымыз келеді. Осылайша біз әлемдегі барлық мүгедектігі бар азаматтардың ғылым мен білімнің туындысын пайдаланып, өмірлерін барынша жеңілдеткенін қалаймыз. Аты айтып тұрғандай, «Úmit» барша мұқтаж жанға үміт сыйласа екен дейміз, – дейді Барысхан.

Өнертапқыш өрендердің менторы Давид Туганов та жобаға үлкен үлес қосты. Ол құрылғының бөлшектерін жетілдіруге көмектесті, маркетинг бойынша құнды кеңестер берді және жаңа шешімдерді іздеуге шабыт берді.

Жігіттердің алдағы жоспары – «Iteachme» және «Inclusive Аcademy» сияқты ұйымдармен ынтымақтастық орнатып, технологияны олардың білім беру бағдарламаларына енгізу.

– Осы жобаны жасап, оны жетілдірі түсуге шабыттандырған – біз реабилитациялық орталықтарда кездестірген мүмкіндігі шектеулі балалар. Технологиядың дамуы өздерінің өмірлерін өзгерте алатынын түсінген сәтте, балалардың көздерінде үміт оты жанғанын көрдік. Біз сөйлескен 100-ден астам бала жобамызға үміт артып отыр. Біз оларды бұл сенімнен айырғымыз келмейді. Біздің мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі әрбір балаға тәуелсіз болуға, шектеулерді еңсеруге және армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік беру, – деп қосып өтті Қ.Тәжіхан.

«Úmit» жобасы ресми түрде патенттелген. Бұл өнертабыс тек ғылыми тұрғыда емес, заңды түрде де қорғалған, яғни келешекте өндіріске енгізуге және сатылымға шығаруға толық құқық береді.

Қазір жоба авторлары құрылғыны толық автоматтандырып, қолдануға барынша ыңғайлы етіп жасауды көздеп отыр. Сонымен қатар олар инвесторлар мен серіктестер тарту арқылы «Úmit»-ті халықаралық нарыққа шығармақ. Жақында жігіттер жобаның жетілдірілген прототипі жасалып шықты. Қанат пен Барысханның айтуынша, жаңа прототип бұрынғы нұсқаларға қарағанда сенімдірек, жылдамырақ және ыңғайлырақ. Негізгі артықшылығы – жасанды интеллектті қолдануында. Осылайша арнайы жүйе тек қолданушының тапсырмаларына жауап беріп қана қоймай, өздігінен үйренуге және пайдаланушы адамның іс-әрекетін алдын ала болжауға икемделген.

Қазір жас стартапшылар өз жобаларын кеңейту және сатылымға шығару үшін инвесторлар іздеуде.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар