
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінде физика мұғалімдерін даярлау мамандығы бойынша білім алып жүрген Мұхамедали Саулебеков болашағынан үміт күттіретін өрен. Жас физик қазіргі сәтте қоқысты жинап қоймай, оны қайта өңдеп, пайдалы затқа айналдыруға болатын соны жобаны жүзеге асыру қамымен жүр.
Бір қызығы кейіпкеріміздің әкесі Қанатбек ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болған соң ба, Мұхамедали бала күнінде осы тілді меңгеруге басымдық беріп, физика саласына мүлде қызықпапты. Мектеп қабырғасында жүріп ағылшын пәні бойынша өткен олимпиададан 8, 9 сыныптарда қатарынан жүлделі І орынды иеленген.
Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде білім алып жүргенде физика әлемін жаңа қырынан ашқан ағайы Ержан Койшибековтің өткен сабақтарының арқасында осы салаға қызығушылығы ашыла бастайды. Физика дәрістерін ағылшын тілінде оқуы пәнге деген ынтасын арттыра түседі.
– Колледжде жаратылыстану ғылымдарына байланысты пәндерді тек ағылшын тілінде үйрену өте керемет мүмкіншілік деп санаймын. Себебі дереккөздер үйрену барысында көбірек ақпарат және үйреншікті методикадан бөлек түрлерін қарастыра алдық. Бұл интернет желісі, видео және физикаға байланысты өзім қызығатын салаларға қосымша басқа тілдерде зерттенуіме ықпал етті. Физиканы қызығып үйренуге ықпал еткен ең алғашқы тәлімгерім Ержан Койшибеков Турция, Сингапур және де Европаның бірнеше мемлекетінде оқып келген білікті маман. Ол сондықтан да сабақты барынша креативті, еуропалық тәсіл бойынша өтетін. Жетекшімнің тәрбиесінде жүріп төрт жылда біраз нәрсе үйрендім. Жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығымды оятқан ағайым физиканы бізге түсінікті тілмен үйретті. Менің түсінігімде бұрын физика есеп пен формула болатын. Бірақ тәлімгерім әр дәрісін өмірмен байланыстырып түсіндіріп беретін. Мысалы, «Неліктен телефонды қуаттаймыз?» немесе «Айнада неге бәрі керісінше көрінеді?» деген сауалдар қойып, соған жауап іздеп отыратынбыз. Өз бетімізше ізденіп, жұмыс істеуімізге көп көңіл бөлетін. Сол кезде білімді шыңдау ұстаздың сабақтарына ғана емес, оқушының талпынысына байланысты болатынын түсіндім. Физика ғылымында өзім үлгі тұтатын тұлғалар бар. Олардың арасында бірінші орынға Илон Маскты қояр едім. Иә, ол таза ғалым емес, бірақ ғылымды практикада қолдану жағынан таңқалдырады. Оның «Армандаудан қорықпа, іске кіріс» деген ұстанымы мені алға жетелейді. Шабыт сыйлап, түрлі жобаларды бастауға жігерлентіретін ғалым – Мэрри Кюридің өмір жолы да мен үшін өнеге. Ғалым өз заманының барлық қиындықтарына қарамастан үлкен жаңалық ашты. Ол радиоактивтілік саласының негізін қалап қана қоймай, физика мен химия саласы бойынша Нобель сыйлығын алған жалғыз адам. Сондықтан қай істі болсын қолға алмас бұрын осы тұлғаларға қарап бой түзеймін, – дейді М.Сәулебеков.
Ауқымды жоба жасауды биыл ғана қолға алған өрен «ғылыми салада жұмыс істеу үшін әлі біраз тәжіриебе жинауым керек» деп санайды. Дейтұрғанмен талапты жігіттің білімін арттыруға өзі оқып жүрген университеті де барынша қолдау көрсетіп жүр. Атап айтқанда, 2024-2025 оқу жылында Мұхамедали академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы Польшаға барып, Лодзь университетінде білім алып қайтты. Бұл мүмкіндіктің арқасында жалынды өрен Франция, Германия, Испания, Австрия, Чехия секілді Еуропаның бірнеше елін аралап, сан түрлі әсерге бөленіп келді.
Польшаның Лодзь университетінде ол ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша білімін тереңдетіп, нанофизика, астрофизика және кванттық физика секілді күрделі де қызықты салаларды меңгерді. Білім алып қана қоймай, Мұхамедали шетелдік жоғары оқу орындарында қазақстандық студент ретінде сабақ беріп, еліміздің тарихы, ұлттық дәстүрі мен мәдениеті жайында мазмұнды дәрістер өткізді. Тіпті қазақтың ұлттық тағамдарын таныстырып, шетелдік студенттерге еліміздің болмысын танытуға өз үлесін қосты.
Еуропадағы бұл сапар Мұхамедали үшін тек оқумен шектелген жоқ. Ол тарихи қалаларды аралап, өркениет бесігі саналған орындарды өз көзімен көріп, бұрын кітаптан оқыған әлемнің шынайы болмысын сезініп қайтты. Бұл оның дүниетанымын кеңейтіп, болашақ ғылым жолындағы ұмтылысына тың серпін берген ерекше кезең болды.
Өз кезегінде кейіпкеріміз де өзіне үлкен қолдау көрсетіп отырған жоғары оқу орнының атын шығарып, түрлі жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Дебатпен ағылшын тілінде айналысқанды ұнататын өнерлі жас тіл шеберлері сайысының Алматы, Тараз қалаларында өткен республикалық деңгейдегі байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
– Ерекше мақтанышпен айтатын жетістігім – 2024 жылы халықаралық деңгейде Таразда өткен қолөнершілер көрмесінде аудармашы болғаным. 4 күнге жоспарланған ауқымды көрмеге әлемнің жүзге жуық мемлекетінен қонақтар келгені белгілі. Көрмеде аудармашы ретінде шетелдік қонақтарға жол көрсетіп, өзім де басқа елдердің салт-дәстүрлерімен таныстым. Іс-шара жоғары деңгейде өткеннен кейін марапатталдым, – деген Мұхамедали Қанатбекұлы қазіргі сәтте NASA-ны қызықтырған ғаламдық жобаны қолға алғанын тілге тиек етті.
Тарқатып айтқанда, өнертапқыш өрен 2 айдан бері «Қоқысты ғарышқа шығару» жобасымен айналысып жатыр. Осылайша жас ғалым бар адамзатты алаңдатқан қоқыс мәселесін қалдықтарды ғаламшарға шығару арқылы шешуге бекініп отыр.
– Шынымды айтсам, қалдықтарды ғарышқа тасымалдау идеясы миыма бірден келе қойған жоқ. Бәрі астрономия саласына деген қызығушылығымнан басталды. Ғарыш туралы ізденгенімде, «Apollo» миссиясы тұсында Ай бетінде адамдар 96 қоқыс қапшығын тастап кеткені туралы оқып-білдім. Жағымсыз ақпараттан кейін «Егер біз болашақта Айда немесе Марста өмір сүргіміз келсе немесе сонда барып толыққанды ғылыми зерттеулер жүргізуді қаласақ қазірдің өзінде қоқыспен ластап жатқанымыз жарамайды» деген ойға баттым. Өзіміз өмір сүріп жатқан Жер ғаламшарында да қоқыс мәселесі өзекті болып тұрғаны ешкімшге жасырын емес. Сондықтан айналамызды ластап, экологияға зиянын тигізіп жатқан қалдықтардан «Тиімді тәсіл арқылы қалай құтылуға болады?» деген орынды сұрақ туды. Үлкен ізденістен кейін ойыма «Неге қоқысты ғарышқа шығарып, қайта өңдемеске?» деген идея келді. Осылайша, қоқысты жай ғана шығарып тастау емес, оны қайта қолдану жолдарын зерттей бастадым, – дейді М.Сәулебеков.
Аталмыш жобаның басты мақсаты – Жер ғаламшары және оның серігі Айда пайда болатын барлық қоқыстарды яғни, тағам қалдықтары, ескі киімдер, құрылыс материалдары қайта өңдеп, олардан жаңа пайдалы заттар жасау. Мұндағы міндет қоқысты жою емес, оны қайта әжетке жарату. Ескі киімдерден жаңа құрылыс материалын жасау, тағам қалдықтарынан биогаз шығарып, оны тағы бір мәрте пайдалану.
– Ғарыштағы қоқысты қайта өңдеу үшін біз өте ерекше әдіс-тәсілдер мен технологияларды пайдалану жолдарын қарастырып жатырмыз. Қарапайым тілмен айтқанда, қолданатын әдістер екі негізгі бағытта жүргізіледі. Алғашқы әдіс – прототип жасау. Ол үшін технология бойынша қоқысты жинап, оны автоматты түрде сұрыптайтын арнайы құрылғы ойлап табуымыз керек. Құрылғы қай қоқыс органикалық (тамақ қалдығы), қандай қоқыс бейорганикалық (пластик, металл) екенін өзі анықтай алатын болады. Әрі қарай әртүрлі өңдеу әдістері қолданылып, органикалық қалдықтардан биогаз немесе тыңайтқыш секілді пайдалы заттар өндіріледі. Металл, пластик секілді материалдарды қайта балқытып, жаңа зат жасай аламыз. Екінші әдіс – сандық модель жасау (Digital Twin). Аталмыш тәсіл негізінде компьютерде толық ғарыштық қайта өңдеу жүйесін жасаймыз. Яғни, біз толықтай виртуалды жүйені жасап, оның қалай жұмыс істейтінін, қандай қалдық қай жерге баратынын, қандай нәтижелер беретінін алдын ала көре аламыз. Құрылғыны ғарышта қолдану үшін ол өте ерекше жағдайларға төтеп бере алатындай болады. Ол техникалық талаптарға сай болуы керек. Атап айтқанда, құрылғы аз ғана энергиямен жұмыс істеуі қажет, өйткені ғарышта электр қуаты шектеулі. Екіншіден техника ыстыққа да, қатты суыққа да шыдамды болуы тиіс. Себебі Айда ауа райы күндіз +120 C, ал түнде -170 C дейін өзгеріп тұрады. Үшіншіден құрылғы жеңіл және ықшам болуы керек. Себебі оны ғарышқа жеткізу өте қымбат, –деген өнертапқыш «Жерден ғарышқа тасымалдаған қоқыс қандай әдіспен орналастырылады?» деген сұраққа жауап берді. Ғарыштағы қоқысты жай ғана орбитаға шығарып тастау қауіпті. Сол үшін жас ғалым бірнеше әдістерді қарастырып жатыр. Соның бірі – арнайы контейнерлер. Мұны ұғынықты түрде түсіндіріп өтсек, қоқыс алдымен арнайы вакуумды контейнерлерге жинақталады. Бұл контейнерлер кездейсоқ ұшып кетпеуі үшін ғарыш кеңістігінде бақылауда ұсталады. Қазір ғарышта жұмысын аяқтаған спутниктер мен түрлі құрылғылардың қалдықтары Жердің немесе Айдың айналасында айналып жүр. Уақыт өте келе олар басқа ғарыш аппараттарына соғылып, апатты жағдайлар туғызуы мүмкін. Сондықтан жас ғалымдар орбиталық бақылау тәсілі арқылы қоқысты Күнге қарай бағыттауды жөн көріп отыр. Өйткені Күнге жеткен қалдықтар түгел жанып кетіп, мүлде жойылады. Бұл – ғарышты таза ұстаудың және қауіпсіздікті арттырудың тиімді жолы. Сонымен қатар толық қайта өңдеу әдісі бойынша кейбір қоқыс түрлері әсіресе металл мен пластик орнында қайта өңделіп, жаңа құрылыс материалдарына айналады. Қайта өңдеу арқылы тағам қалдықтары – биогазға, пластик пен металл – қайта балқытылып, одан құрылыс материалдары жасалады. Ең бастысы, кейін ғарышкерлер мен қарапайым адамдар Айға ұшуға мүмкіндік алып жатса, ғарыш базасында сақталған қайта өңделген материалдардың барлығы пайдалануға жарамды болып, сақталып тұра береді. Аса қауіпті немесе қайта өңдеуге келмейтін заттар ғана Күнге жіберіледі. Бұл кезде олар толық жойылады. – Шыны керек, «Біз өз планетамызды тазартамыз деп, жалпы ғарышқа зиян келтіріп алмаймыз ба?» деген сұрақты өзім де жиі қоямын. «NASA» мен басқа тәжірибелі ғалымдар да осы мәселені жақсы түсінеді. Сондықтан қоқысты ретсіз ғарышқа жіберуге қатаң тыйым салынған. Біздің жобада барлық қалдықтар бақылаумен, егжей-тегжейлі есеппен жойылады немесе қайта өңделеді. Ғарыш қоқыстары (space debris) мәселесі өте маңызды болғандықтан, жобаның әр кезеңінде қауіпсіздік ескеріліп отырады. Нақтысын айтқанда, ғарышқа зиян келтіріп алмауға барынша тырысамыз, – дейді Мұхамедали Қанатбекұлы.
Өнертапқыш аталмыш жобасымен «NASA»-ның ресми «LunaRecycle Challenge» байқауына қатысып жатыр. Қазір Мұхамедали жобасының техникалық сипаттамасын дайындап қойған. Келесі қадамда прототип және сандық модельді толық аяқтап, оларды сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. «NASA» байқау қатысушыларынан нақты шешімдер күтетіндіктен жас ғалым сайысқа жай идея емес, нақты жұмыс істейтін жүйе қажет екенін түсініп, жобасына бар ынта-жігерімен кіріскен.
Бір айта кетерлігі, әзірге тек сипаттамасымен танысып үлгерген «NASA» да бұл жобаға қазірдің өзінде қызығушылық танытқан. Өйткені үлкен ғылыми академия болашақта Айда тұрақты база салуды жоспарлап отыр екен. База орналасқан жерден міндетті түрде қоқыс қалдықтары шығады.
– «NASA» үшін ең маңыздысы – ресурстарды үнемдеу және тұрақты өмір сүру жағдайларын жасау. Біздің жоба осы екі мақсатқа да жауап береді. Алпауыт ғылыми академия біздің технологияларымызды кейін Марсқа ұшу миссияларында немесе басқа планеталарда қолданғысы келеді. Болашақта мен жобаны басқа планеталарға да бейімдегім келеді. Яғни, қай планетаға барсақ та, қоқыс мәселесін сол жерде шешетін әмбебап жүйе құру – алдымда тұрған үлкен мақсат. Сондай-ақ ауылдық жерлерде қолдануға болатын шағын қайта өңдеу станцияларын салғым келеді. Сөз соңында тағы бір мәселеге тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Шыны керек, бізде физика саласында өте талантты жастар көп, бірақ олар көбіне шетелге кетуге мәжбүр. Әрине соңғы жылдары ғылымға деген көзқарас өзгеріп келеді. Бірақ ашығын айтқанда, ғылыммен шындап айналысу үшін бізде әлі де көп нәрсе жетіспейді. Зертханалық база жоқтың қасы. Көп университеттерде ескі жабдықтар бар, ал заманауи зерттеу үшін жаңа технология керек. Қаржыландыру аз. Ғылыми жобалар ұзақ жылдар еңбекті талап етеді, ал тұрақты қаржыландыру болмаса, оны аяқтау қиын. Жас ғалымдарды қолдау жүйесі әлсіз. Магистратураны бітіргеннен кейін көп жастар не істерін білмей қалады, – дейді М.Сәулебеков.
Кейіпкеріміз ғылыми білім ала жүріп ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істейді. Жас ғалым жақында университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Еуропада білім алу мүмкіндігіне тағы да ие болды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ