
Бұрын әрқайсысы өзі үшін ғана шешім қабылдаған екі бөлек адамда енді бәрі ортақ. Ақыл тоқтата бастаған әр адам мұны жете ойласа керек. Табыс, шаңырақ, бала, бәрі-бәрі екеуінің ортақ жемісіне айналады. Үйдің тыныс-тіршілігі, туған-туыс, тіпті проблема да ортаға тасталып, бірге шешіледі. Әрі сол қым-қуыт тіршіліктің өзінен жылу тауып, қиындықты бірге жеңіп, болашаққа бірге қадам жасауға ұмтылғандар ғана өмірінің соңына дейін бірге болады.
«Үйлену оңай – үй болу қиын» деген сөздің түп-төркінін расында әркім өз басынан кешіргеннен кейін ғана терең түсіне бастайды. Өмірдің ащы-тұщысының дәмін бірге татып, бастары бір жастықта түйіскен екеудің біріккен одағында кедергі көптеп кездесетінін ұғады. Материалдық, психологиялық, денсаулыққа қатысты болсын, қиындық пен қуаныш, күйзеліс пен шаттық кезектесіп, бірінен кейін бірі туындауы мүмкін екенін сезінеді.
Сондай сәтте мөп-мөлдір махаббат шаң-шұң ұрысқа ұласып, бой жылытар сұлу сөздер суық ызғар шашып, сезім атаулының көбесі шетінен сетінеп, махабаттың айнасы шытынап кетуі де ықтимал. Сол бір шым-шытырық сәтте ашуын ақылға жеңдіріп, сабырға бой алдырғандар ғана мұндай келеңсіз жағдайлардан оп-оңай сытылып шығады.
Ал бір-бірінің ісін мінеуге немесе бір-біріне жұп болуға емес, жұдырық ала жүгіруге, сүрінгенде сүйеуге емес, аяқтан шалуға ұмтылғандар екі жаққа кетері анық. Мұндайда ер-азаматтар ащы суға бой алдырып, кейде ең жақын деп жүрген асыл жарына қол жұмсап жібереді. Ал ең сорақысы соны әдетке айналдырудың салдарынан жанұясының шырқы бұзылады.
Соғылған соққы, айтылған ауыр сөзден есеңгіреп жүріп төркінін жағалауды ар санайтын келіншектер бар. Енді бірінің ол жаққа сыймайтынына көзі жетеді. Міне, осылай барар жер, басар тауы қалмаған ана мен балаға облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы есігін айқара ашады.
Өмірдің қиын жағдайына түскен балалы келіншектерге бұл үй арқасүйер азаматы мен қара шаңырағының орнын алмастырып, жанына жылылық сыйлайды. Киер киім, ішер аспен қамтылып, балалары да қараусыз қалмайды. Қалауынша түрлі курстарға қатысып, мамандық игеруге де көмектеседі.
Облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы бүгінде 8 бағыт бойынша қызмет ұсынады. Қиындыққа тап болып есігін қаққан әйелдерге орталық мамандарының кеңесі беріліп, уақытша, яғни 6 ай мерзімге дейін баспанамен қамтамасыз етіледі. Оңалуға және әлеуметтік бейімделуіне көмектеседі. Жатар орынмен қамтып, қолдау көрсетумен қатар әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық және құқықтық кеңес береді.
Былтыр наурыз айынан бастап орталық 27 төсек-орыннан 51 төсек- орынға ұлғайтылған. Мұнда бүгінгі таңда 25, оның ішінде 9 әйел, 16 кәмелетке толмаған жасөспірім бала қызмет алуда. Ең бастысы көңіліне қаяу түсіп, жанарын мұң шалған ана мен баланы демеп, күйзелістен шығуға көмектеседі.
Әлеуметтік-психологиялық қызмет түрі бойынша мотивациялық қолдау көрсетіліп, жүйкені тыныштандыру үшін музыка терапиясымен қатар, өзін-өзі бағалау диагностикасы жүргізіледі. Мамандар әлеуметтік ортамен әрекеттесу кезінде туындайтын проблемаларын анықтап және оларды мақсатқа айналдыруға көмектеседі.
Орталыққа қабылданған қызмет алушылардың жалпы отбасылық жағдайы талқыланып, жанжалдың белгілері мен себептерін анықталады. Яғни, қызмет алушылар мен туыстарын қосу мақсатында және отбасының берік болуына қатысты профилактикалық әңгімелесу, кеңес беру жұмыстары барынша жүргізіледі.
Қызмет алушылар түрлі тренинг, сұхбат, консультация, релаксациялық, аффирмациялық, АРТ-терапия мен мотивациялық жұмыстардан кейін, эмоционалды қысымды түсіру және агрессивтілік деңгейін төмендетуді, өзінің мінез-құлқын ырықты басқаруға үйренеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде көңіл күйлері тұрақталып, өзіне деген сенімі жоғарылайды. Алға қойған мақсатына кол жеткізуге ұмтылыстары байқалады.
Агрессияны әлсіздендірудің қауіпсіз әдістеріне үйрету үшін көңілдерін түрлі ойындармен аулап, балалардың ашу-ызасын қолайлы формада көрсету әдісі де жүргізіледі. Әртүрлі ситуацияларда отбасында әбден қысым көрген балғындар тығырықтан шығар жолда өзіне ие болу әдістерін меңгереді. Мекеме қызметкерлерінің жұмыла істеген еңбектерінің нәтижесінде орталықтағы қызмет алушылардың өмірге деген көзқарасы тұрақталып, өзіне деген сенімі оянып, өзгере бастайды.
– Бұрын үлкендер отбасында ұрыс-керіс болмау үшін ерлі-зайыптының «бірі асыңқы болса, екіншісі басыңқы болсын» деп жиі айтып отыратын. Осы сөздің мәні өте тереңде жатыр. Кішіпейілділік танытқаннан ешкім кішірейіп қалмайды, керісінше абыройы биіктеп, кісілігі өсетіні анық деп ойлаймын.
Біздің орталыққа түрлі жағдайда қиындықтың шырмауына түскен әйелдер хабарласады. Күйеуінен таяқ жеп, жақындарынан қолдау таппағандардың жанына түскен жара олардың жанын жегідей жейді. Психологиялық тұрғыдан күйзеліске түсіп, жүйке жүйелері де сыр бере бастайды. Сөйтіп олар кейде түрлі келеңсіздікке душар болып, қамығып жатады.
Бірде күйеуімен сөзге келіп, екі жасар қызын құшақтап шығып кеткен талдықорғандық бір әйел абдырап көшеде жүріп қалады. Сөйтіп жүріп Жамбыл ауданының бір ауылына барады. «Қызымды қалай асыраймын?» деген сұрақ маза бермеген соң «ең оңайы тастап кету керек» деп топшылайды. Дәл сол ойын жүзеге асырып, өзі қалқада тұрып, кішкентай қызды бір үйдің есігінің алдына тастап кетеді.
Өзі тәртіп сақшыларына қоңырау шалып, шақырады. Соңында тәртіп сақшылары келіп, қызды алып кетіп бара жатқанда қыздың шыр етіп жылағанынан есін жиып, арттарынан жүгіре жөнеледі. Алайда бәрі кеш еді. Қыз балалар үйіне өтіп кетеді де, қызмет алушы әйел осы орталыққа орналастырылды. Бұл психологиялық күйзелістен болған оқиға.
Осы оқиғаның соңында әйел өз қызына деген махаббатын көрсете білді. Әйел аналық құқығынан айырылған жоқ. Белгілі уақыт берілді. Сол уақыт аралығында айыппұл төлеуі тиіс болған еді. Бүгінде тиісті айыппұлды толық төлеп, қызын құшағына алу үшін ол әйел күні-түні жұмыс істеп, қажетті қаражат жинап, қызын қолына алды. Өзі орталықтан ес жиып, етек-жеңін жинап алған соң жалдамалы пәтерге шықты. Бүгінде ана мен бала бірге тұрып жатыр.
Жалпы қыз баласы мейірімді, адал болып келеді. Олар тек қатты күйзелістен, психологиялық тұрғыдан соққы алғандықтан, осындай келеңсіздіктерге жол беріп қояды. Әрине әдейі емес. Әбден шаршап, шалдығып, күйзелістен шалыс басып, қателескен шақта мұндай қадамға абайсызда барып қалады. Негізі жаны нәзік жандардың өзіне аялы алақан, нәзік мейірім қажет. Әйтпесе осылай жүйкесі тозып, адасып қалатындары өкінішті, – дейді орталық психологі Гүлжан Омарова.
Осы орталықта тұрып жатқан Айғаным есімді қызмет алушы өз өмірбаянын хат арқылы білдірген болатын. Сол бір сырға толы ерекше жазбада кейіпкеріміз ақтарыла сыр айтып, тағдыры туралы тебірене баяндаған екен. Әлгі хатта: «Менің тағдырым қыздарға сабақ болсын деген ниетпен өздеріңізге хат жолдауды ұйғардым. Бәрін басынан бастар болсам, «Қиындық көрген нәзікжандыларға көмектесетін орталық бар» деп естіп, екі баламды ертіп, түн жамыла сол жерге бардым. Психолог және әлеуметтік қызметкерлер жылы қарсы алып, аса қамқорлықпен сол мекемеге орналастырды. Мен өз үйімнен, анамнан қашып кеткен едім.
Неге бәрі осылай болды? Сонша адасатындай неден қателестім, қай жерде шалыс бастым?! Мен де кеше ғана қауызын жаңа ашқан, өмірі әппақ гүлдей жайқалған жауқазын гүл едім ғой. Анам екінші рет тұрмыс құрды. Ал мен өгей әкемен тіл табыса алмадым. Анамның көңіліне қарап, ренжіткім келмей екі жыл бірге тұрдым. Бірге туған бауырым да бөлек шығып кетті. Күндер өтіп жатты. Бірде өгей әкем ішіп келгендіктен, үйде қатты айқай-шу болды. Анам ештеңе дей алмады, оны көріп мен де жақ ашпадым. Қайда барарымды білмесем де ыза, ашумен үйден шығып кеттім.
Кейін сол күйзелістің салдарынан автобус ішінде бір жігітпен танысып, соның жетегінде кеттім. Ол «аламын» деген соң, жылы сөзге зәру басым табан астында ойланбастан тұрмысқа шықтым. «Бәрі жақсы болады» деп ойладым. Әрине басында бәрі жап-жақсы басталды. Екі ұл бала өмірге келді. Жеті жыл бірге тұрдық. Өзім аспазшы болып жұмыс істедім. Күйеуім құрылыс жұмыстарында еңбек ету арқылы отбасын асырады. Қаражатты молынан тапты. Бірақ өкінішке қарай күн өткен сайын ішімдікке әуес бола бастады. Тапқан табысын ащы суға жұмсап қоятын. Ішкенімен қоймай, маған қол көтеруге шықты. Барар жерім болмаған соң шыдап, таяқ жеп жүре бердім. Бірде «өлдім» дегеніме қарамай сабап тастады. Сол сәтте ғана дәл осылай шыдап жүре берсем, бір күні бір жерім майып болатынын түсіндім. Ұра берген соң, оған деген махаббатым суып кетті. Сөйтіп, екі және алты жасар баламды ертіп, осы орталыққа пана іздеп келдім.
Мұнда көкірегімнен ешкім итермеді. Қайта жылы қарсы алып, бар қиындығымды ұмытуға көмектесті. Жолдасыммен хабарласып та тұрамын. Бірақ ол өмірге қайта оралғым келмейді. Екі баламның әкесін жамандыққа қимаймын. Сыртынан саулығын тілеп қоямын. Орталықта қашанғы тұрамын?!» делінген.
Сондай-ақ ол «Алдағы уақытта қайда барамын, не істеймін» деген ой жиі мазалағанын, бір танысы «ауылға анама көмекші, әрі қарайласатын келіншек керек. Айлық төлейді, тамағы, жатар орны тегін. Қарапайым қазақ отбасы, сендерге өз балаларындай қарайды» деп сендіргенін айтады. Қайда барарын білмей жүрген ол қуанып кетіп, оларға ілесіп, Талас ауданындағы бір елді мекеннен бірақ шығыпты. Ары қарай хаттағы мәтінді сөзбе-сөз келтірсек: «Мен барған үйдің жағдайы жақсы еді. Дүкені, шаруашылығы, бәрі бар. Ай сайын айлық алып отырдым. Балабақша, мектеп, бәрінің қаражатын төлеп, расымен жағдайымды жасап жүрді. Бір жыл тұрдым. Барлық жұмысты істедім, бірақ өкінішке қарай мені ешқайда жібермей қойды. Соңында ұрыспай-таласпай, бар алғысымды айтып, қалаға қайтып кеттім.
Аяулы сіңлілерім, тағдырларыңды ешкімге сеніп тапсырмаңдар. Мені басқасын былай қойғанда, дүниеге алып келген анамның өзі тастап кетті. Ал ғұмыры жаңа басталған қырмызы қыздарға менің өмірбаяным үлгі болса екен. Әлемді тербетуге арналған ардақты жүректеріңді әлдекім аяқасты етпесін. Ақырын жүріп, анық басыңдар дегім келеді», деп сөзін аяқтапты хат иесі Айғаным.
Осы орайда ойымызға Қабан жыраудың «Бақыт қайдан келесің?» деген сұраққа қайтарған жауабы ойға оралды.
– Берекесіз адамнан,
Ата-анасы наданнан,
Үркіп, қашып келемін.
– Бақыт қайдан келесің?
– Мақтанып көңілін өсірген,
Білгішпін деп есірген,
Есірік ұлдан келемін.
– Бақыт қайда барасың?
Бал-бұл жанған көрікті,
Ұл мен қызы серікті,
Берекелі үйге барамын.
Бақыт қайда барасың?
Ұлы, қызы есейген,
Ауызбіршілік күшейген
Келінді үйге барамын, – деген жыр жолдарында талай тәлім жатыр.
Берекесі мол үйден бақыттың қашпайтыны анық. Ендеше, әрбір отбасы өз берекесін өзі қашырмаса дейміз.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ