Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бала тәрбиесі баршаға ортақ

Бала тәрбиесі баршаға ортақ
www.istockphoto.com
Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектепте «Әр бала бақытты болуға лайықты» тақырыбында 9-11-сынып оқушылары ата-аналарының қатысуымен жиналыс өтті.

Жиын барысында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Жұмағұлова құмар ойындарға тәуелділік, қыз балалардың тәрбиесі туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ жасөспірімдерге ішімдік ішу, темекі шегу, электронды темекінің адам денсаулығына зияны, жасы кәмелетке толмағандарға ойын-сауық орындарына бармау керектігі, мерекелік отырыстар жасауға болмайтындығы түсіндірілді.

– Балалардың бақытты болуына жағдай жасау – ата-аналардың, мұғалімдердің және қоғамның ортақ міндеті. Оның ішінде жаны гүлдей нәзік қыздардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, мектеп жасынан оларды болашақ ана ретінде дайындау маңызды. «Қыздың жолы – жіңішке» деген аталы сөзге баса назар аударсақ, өмір жолы жаны нәзік қыздардың қадамына, бет алған бағытына тосқауыл болмас үшін олардың тек жақсыдан үлгі алуына ықпал ету керек. Қыз бала болашақта асыл жар, аяулы ана атанған сәтте ибалы келін болып, бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербететінін бойына сіңіру қажет-ақ. Ұрпағымыздың болашағы аяулы аналардың, асқар тау әкелердің қолында болғандықтан, әрбір-ата-ана қызын ырысым, ұлын өрісім деп танып, соған лайық көңіл бөлсе құба-құп, – деді Дина Ақшорақызы.

Ал директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Венера Шынарбекова өзекті мәселелердің бірі оқушылардың түнгі мезгілде көше кезуі екенін тілге тиек етті. Ол түнгі мезгілде көшеде жүрудің соңы қандай қауіп-қатерге алып баруы мүмкін екенін тәптіштеді.

«Аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу және ата-ананың рөлі» тақырыбындағы өз баяндамасында педагог-психолог Мақпал Теберікова мұндай мінез-құлық ұғымының мәніне тоқталды. Оның алдын алу шаралары отбасылық қолдау және баланың қызығушылықтары мен жетістіктеріне көңіл бөлу қажеттілігінен туындайтынын сөз етті.

Кеш соңында ата-аналарға балаларының тәрбиесіне дұрыс атсалысуға арналған кеңестер жазылған жадынамалар таратылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар