Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алмақтың да салмағы бар

Алмақтың да салмағы бар
Автор
Бірнеше жұмыс берушіге тіркеліп, жалақы көлемін жоғары мөлшерде көрсетіп, қомақты қаржыға қол жеткізгісі келген жүкті аналар жауапқа тартылатын болады. Биылғы жылы мұндай әрекетке барып, жалған құжат әзірлеген 113 азаматша құрықталып, үстінен іс қозғалуда.

«Декретке миллионмен» шығамын деп дауға қалмаңыз

«Декретке миллионмен шығу» тақырыбы аясында даулы мәселе туындап, жүкті әйелдердің жәрдемақыны алу мүмкіндігі қиындауда. Себебі ел ішінде жеке кәсіпкер болып бірнеше жерге тіркеліп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жалған құжат өткізген азаматшалардың саны артуда.

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрі болып есептеледі.

Заңнамаға сәйкес, жүйе еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан қол үзу,  жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, бір жарым жасқа толғанға дейінгі бала күтімі секілді әлеуметтік тәуекелдерді қамтиды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорындағы төлем туралы аталған акционерлік қоғам өкілі Гүлбағила Болатбекова «QAZAQSTAN» ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасына берген сұхбатында толықтай түсіндіріп, төлемнің тарихына да тоқталып өтті.

– Төлем 2008 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Алғашында жұмыссыз әйелдерге берілген бұл көмек түрі қызметтегі азаматшаларға да қолжетімді болып өзгерді. Демек жеке кәсіпкер болып жүрген азаматшалар жүктілік кезінде жалақы мөлшерін есептеп, 12 айда түскен әлеуметтік төлемдерді анықтау арқылы тиесілі қаражатқа қол жеткізе алады. Оның алатын ай сайынғы жалақысы 4.2 коэффициентке көбейтіліп, декреттік демалысқа шығу кезіндегі алар қаражатының мөлшері анықталады. 4.2 коэффициент дегеніміз Еңбек кодексінде 70 күн жүкті әйелдің бала босанғанға дейінгі және 56 күн босанғаннан кейінгі, яғни, 126 күнге еңбекке жарамсыздық парағының берілуі. Демек 126 күнді 30 күнге бөлер болсақ 4.2 шығады деген сөз. Барлық құжат расталғаннан кейін қордан төлем тағайындалады. Бұл төлемнен міндетті зейнетақы жарнасы ұсталынады. Төлем азаматшаның жеке шотына аударылады. Сонымен қатар әйел бала босану кезінде ауырлық сезінсе, 2 немесе одан да көп бала туған жағдайда медициналық мекеме 14 күнге еңбекке жарамсыздық парағын береді. Сол анықтаманы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына өткізер болса қосымша қаражат қарастырылады. Мұндай жағдайда да алатын жалақысына қарай төлем тағайындалады. Яғни 14 күнді 30 күнге бөліп, шыққан коэффициентке жалақы мөлшерін көбейткен жағдайда төлем сомасы белгілі болады. Сонымен қатар декретте отырып тағы да бала босанған уақытта декреттік төлемді қайта ала алмайды. Себебі базаға 12 айдың жалақы көрсеткіші тіркелу керек. Ол азаматша бір жыл бойы жұмыс жасамағандықтан оған ешқандай төлем қарастырылмайды. Әрине, жүкті аналарға берілетін өзге төлемдердің бұл мәселеге қатысы жоқ, - деген Гүлбағила Болатбекова соңғы уақытта декретке миллион теңгемен шығу аясында алаяқтық әрекеттердің көбейгенін жасырмады.

Оның сөзінше, бүгінде алаяқтығы әшкере болған  азаматшалар ұсталып, құзырлы органдар мәселенің мән-жайын анықтауда.

– Бүгінде 113 әйелдің үстінен 16 қылмыстық іс қозғалды. Бұл азаматшалардың құрамында белгілі блогерлер, есепшілер және жүкті аналар да бар. Әлеуметтік желілерде декретке бірнеше миллион теңгемен шығу әдістерін үйрететін «заңгерлер» көбейіп кетті. Жасыратыны жоқ, жеке басына бірнеше жалған кәсіпкерлікті тіркеп, жалақысын жоғары мөлшерде көрсетіп, 10-20 миллион теңге көлемінде қаражат алған аналар да бар. Сонымен қатар арнайы ақшаға мұндай қаражатқа қол жеткізуге көмек көрсететін есепші азаматтар да жоқ емес. Мәселен,  құжат қабылдау кезінде бірнеше азаматша бір жұмыс берушінің атынан келгендігі анықталды. Бұл бәрімізге күдік тудырды. Сондай келушілердің құжаттарын тексеру кезінде жалақы түсіп отырған есепшотты сұраған жағдайда бірден бастарын алып қашады. Кейбірі жалақыны қолма-қол алып отырғанын айтып, жалған ақпарат береді. Ал қолма-қол жалақы беріп отырғандығы туралы жұмыс берушіден құжат әкелуін өтінген жағдайда ойланып қалады. Кейін жалған бір жапырақ қағаз алып келіп, сендіргісі келеді. Ол жерде нақты факт көрсетілмейді. Тіпті растама қағазда мекеме мөрі де жоқ. Бірден ол азаматтарға бізден кейін құзырлы органдар тексеріс жүргізетінін, егер олқылық орын алса өздеріне қиын болатынын түсіндірген жағдайда өз кінәларын мойындайды, - деді Гүлбағила Болатбекова.

Расында мұндай алаяқтық әрекеттердің артқаны белгілі. Мәселен 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1,4 миллион адам 958 миллиард теңге шамасында әлеуметтік төлем алған. Мұның ішінде декреттік төлемнің үлесі басым. Осы мәселенің шешімін табу мақсатында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры туралы  арнайы заңға өзгертулер енгізілді. Өзгертулер бойынша мемлекет 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен (ЕТЖ) аспайтын соманы ғана төлейді. Егер табысыңыз осы мөлшерден жоғары болса, төлемдер басқаша есептеледі. 2025 жылғы ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңге болып есептелген жағдайда 7 ЕТЖ мөлшері 595 000 теңгені құрайды. Демек 595 мың теңгені 4.2 коэффициентке көбейткен жағдайда 2 миллион 499 мың теңге болады. Одан зейнетақы жарнасын шегерсек 2 миллион 249 мың 100 теңге шығады. Яғни максималды алу сомасы 2 миллион 249 мың 100 теңге болып отыр.

Дегенмен кәсібін адалынан атқарып,  әлеуметтік төлемдерін уақытылы аударып жүрсе де кейбір  аналар бұл мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр. Аты-жөнін атамауды өтінген Тараз қаласының тұрғыны осылай деп дабыл қағуда.

– Кәсіппен айналысып, жеке кәсіпкер болып тіркелгеніме біраз жыл болды. Жүктілігім анықталған соң Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына құжаттарымды тапсырып, айтылған анықтамаларының барлығын өткіздім. Он екі ай бойы зейнетақы жарнасы да тұрақты түсіп, жалақым да жоғары мөлшерде болды. Алайда аталған мекемедегі мамандар құжатымның дұрыс емес екендігін айтып, бірнеше рет қайтарып жіберді. Нақтылап сұрауға батылым бармады. Барлығы заңды болып тұрса неліктен қабылдамай отырғандарын түсінбеймін. Алайда жақын көршімнің жұмыссыз болса да төрт миллион теңгеге жуық ақша алғанын естідім, - дейді тұрғын.

Осы тақырып аясында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының директоры Нұрахмет Ысқақовпен тілдесіп, мәселенің  ақ-қарасын анықтап көрдік.

– Облысымызда әлеуметтік төлем жүйесімен 273 мыңнан астам адам қамтылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірімізде 80 528 адам 61 миллиард теңге шамасында әлеуметтік төлем алды. Сонымен қатар республикамызда заңсыз әрекеттермен төлем алған 113 әйел бойынша құқық қорғау органдары іс жүргізуде. Осы 113 азаматшаның екеуі біздің облысымыздан екен.  Бірі Тараз қаласының,  екіншісі Меркі ауданының тұрғындары. Бұл кісілермен мамандар тиісті шараларды жүргізуде. Ал жаңағы сауал жолдаған тұрғынға мекемемізге қайта келіп, құжаттарын өткізуді ұсынамыз. Егер де барлық құжаттары дұрыс болып, жалақысы шынайы көрсетілген жағдайда аталған төлем түрін ала алады. Ашығын айту керек, құжаттары заңды азаматшалардың төлемді алмай қалуы мүмкін емес. Ол азаматша заңсыз әрекетке барған болса тексеріс барысында анықталады. Тіпті ол әйелдің үстінен іс қозғалуы да мүмкін. Әрине, ол құзырлы органдардың шешімі арқылы жүзеге асады, - деген Нұрахмет Ысқақов мұндай азаматшаларды кездестірмегенін айтып ақталды.

Дегенмен құжаттың дұрыс немесе бұрыс екендігін құзырлы органдар тексеріп, тиісті шараларды қолданатыны белгілі. Алайда барлығы талапқа сай болса да төлемге қол жеткізе алмай отырған аналарды жоқ деп айтуға келмейді. Тек «Құжаттарыңызды қайта тапсырып, дұрыстығын дәлелдеңіз» деп кеңес береміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар