Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еліміздің ішкі-сыртқы нарықтағы әлеуеті қандай?

Еліміздің ішкі-сыртқы нарықтағы әлеуеті қандай?
Автор
Еліміздің ішкі және сыртқы сауда саласында айтарлықтай серпіліс бар. Экономиканың тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы беделіміздің арқасында бүгінде алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынасымыз нығайып, арадағы алыс-беріс айтарлықтай жандана түскен.

ОТАНДЫҚ ЭКСПОРТТАУШЫЛАР САНЫ 800-ДЕН АСТЫ

Әсіресе еліміздің ауылшаруашылық, металлургия және энергетика салаларында экспорттық әлеуеті артып, шетелге сапалы өнімдер жөнелтіліп, жаңа нарықтарды игеруге даңғыл жол ашылуда. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпорындар мен өндірушілер арасында тың серпіліс тудырып, еліміздің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.

Бір айта кетерлігі, еліміздің қайта өңдеу саласында айтарлықтай қарқын жоқ. Десе де Қазақстан бүгінде өңделген өнім экспортын ұлғайтып, дәстүрлі нарықтардағы орнын бекемдей түсуде. Өйткені дәл осы істі жүзеге асыруға еліміз аса мүдделі, яғни заман талабы осы. Себебі жаһандық саудада бәсеке артып, көршілес мемлекеттер өз өндірісін дамытып, дайын өніммен маңайындағы елдердің нарығын жаулап алып жатқанда бізге қол қусырып қарап отыруға болмайды.

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, жаңа экспорттық стратегия өңдеу өнеркәсібін қолдауға, сыртқы нарыққа сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім ұсынуға негізделген. Министрдің мәліметінше, соңғы жылдары қазақстандық экспорттаушылар саны 800-ден асыпты. Қазіргі таңда азық-түлік, металлургия, жеңіл өнеркәсіп сынды салаларда жаңа мүмкіндіктер ашылып, дәстүрлі нарықтармен қатар Қытай, Еуропа, Оңтүстік Азия елдеріне бағытталған экспорт ағыны күшейе түскен. Алайда негізгі түйткіл – өнім жеткізудегі тұрақтылық пен көлемнің жеткіліксіздігінде болса керек. Сол себепті аталған министрлік ендігі жерде экспорттық ағынды біріктіріп, ортақ сауда бағамын қалыптастыруды, ұзақмерзімді келісімдер арқылы отандық тауарды сыртқы нарықта бір брендпен ілгерілетуді көздеп отыр екен.

– Қазіргі уақытта біз үшін басты міндет – дәстүрлі нарықтарда өз позициямызды сақтау, жаңа нарықтарға жол тауып, орнығу. Өкінішке қарай алды-артымызға қарамай, көзсіздікке салыну сауда саясатына жүрмейді. Себебі бүгінде бәсекелестік күшейіп келеді. Мысалы, бір ғана тауар түріне қатысты мысал айтар болсақ, Қазақстан ірі астық экспорттаушы елдердің бірі. Біздің бидай мен ұнның негізгі тұтынушылары – Өзбекстан, Иран, Әзербайжан және басқа да Орталық Азия елдері. Алайда соңғы жылдары бұл нарықтарда да бәсекелестік айтарлықтай артып келеді. Қазіргі таңда Әзербайжан бағыты мен өзге де нарықтарда біздің тауарға балама өнім ұсынатындар қатары көбейіп жатыр. Сондықтан да Қазақстанның экспорттық әлеуетін сақтау әрі ұлғайту үшін жүйелі әрі нақты стратегиялық ұстаным қажет. Экспортты ұлғайту еліміздің экономикалық дамуының негізгі көзі болғандықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым өңделген өнім экспортының үлесін арттыруды басты бағыт ретінде қарастыруды тапсырумен келеді. Бұл дегеніміз жоғары қосылған құны бар, кірісі мол өнім деген сөз. Бір айта кетерлігі, бізде даму бар, сыртқы сауда саясатында еліміз біртіндеп болса да алға жылжып келеді. Соңғы онжылдықта шикізаттық емес экспорттың жалпы экспорт көлеміндегі үлесі 30 пайыздан 35 пайызға дейін көтерілді. Бұл өзгерісті аса үлкен көлем дей алмаймыз, бірақ дегенмен, алға жылжу бар. Еліміз соңғы жылдары сыртқы нарықтарға шығарылатын тауарлардың түрлерін көбейте бастады. Егер бұған дейін біз 2000-ға жуық тауар түрін экспорттасақ, бүгінде бұл көрсеткіш 1200-ден астам нақты позиция бойынша тұрақты өсім көрсетті. Бұл – оң көрсеткіш. Алайда экспорт жай ғана сыртқа шығарылған тауар көлемімен өлшенбей, тауардың сапасы, тұрақты нарыққа қол жеткізу, көңілге қонымды бағамен саудалау секілді мәселелерге қатысты пайдасы болуы керек. Негізінде экономиканың өсуі экспорт арқылы ғана жүзеге асады. Ішкі ынталандыру немесе импортты алмастыру бағыттары экспорт секілді қуатты серпін бере алмайды. Себебі экспорт нарық аясын кеңейтуге, валюта түсімін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашады. Бүгінде еліміздегі 800-ден астам тұрақты экспортерлерді экономиканың драйвері деп атауға болады. Сонымен қатар біз «экспорттық жеделдету» жобаларын талдау бойынша бірқатар жұмыс атқардық. Өйткені, ел іргесіндегі нарықтар біз үшін нағыз табыс көзі. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ елдері көршілес мемлекеттер, яғни жалпы саны 200 миллионнан астам тұтынушысы бар нарықты игеруде. Бұл нарықтарда табан тіреп қалу үшін бізге баға мен сапаның оңтайлы арақатынасын сақтауымыз қажет. Бірақ қазіргі заманда кез келген ел шикізатқа тәуелді болудан арылуды көздеп отырғаны белгілі. Өзбекстан, Ауғанстан сияқты елдер бұрын бізден ұн сатып алса, енді бидайды ғана сатып алып, өздері өңдеуге кірісіп жатыр. Бұл – қалыпты экономикалық эволюция. Біз осындай өзгерістерге дайын болуымыз керек,– дейді Арман Абайұлы.

Бидай экспортында да күрделі жағдай қалыптасып отырғанына  баса мән беруіміз керек. Украина соғыс салдарынан әзірге нарықтан шығып қалғаны белгілі. Ал Ресей бәсекелестік тұрғысынан әлі де белсенді әрекет етіп отырғаны баршаға аян. Бұл ретте министр бидай экспортында жыл сайын тұрақты табысқа кенелеміз деу жалаң үміт екенін айтады.

– Ұзақ мерзімді табысқа жетудің жолы – өңделген өнім экспортына көшу. Жоғары сапалы шикізатты өзіміз өңдеп, қосылған құны жоғары өніммен сыртқы нарыққа шығуымыз керек. Бүгінде бидай сапасы бойынша біз алдыңғы қатардағы елміз. Қазақстандық бидайдың клейковинасы жоғары, фитосанитарлық талаптарға сай. Сондықтан біз бұл артықшылықты тиімді пайдалануымыз қажет. Еуропа нарығы біз үшін тұрақты тұтынушы. Бүгінде олар 500 мың тоннаға дейін өнім сатып алуда, бағымызға орай олардан 1,5-2 миллион тонна көлемінде де сұраныс бар. Мұндағы басты міндет – жоғары сапалы шикізатты жеткізе отырып, біртіндеп терең өңделген өнімге көшу. Бұл – біздің экспорттық саясаттағы бірінші басымдық. Екінші маңызды бағыт – саудадағы шығындарды төмендету. Орта есеппен айтқанда, біздің тауарлардың тасымалдау шығындары 100 доллар шамасында. Бұл Қазақстанның географиялық орнына байланысты. Бізде теңізге шығатын жол жоқ. Ашып айтқанда, мультимодальды тасымал жүйесіне тәуелдіміз. Сондықтан тасымал шығындарын азайту экспорттың тиімділігін арттырудағы басты міндеттердің бірі болып қала береді. Тағы бір өзекті мәселе – ішкі бәсекелестіктің ретсіздігі. Біз экспорттаушыларды біріктіретін бірыңғай жүйе құруымыз қажет. Ұғынықты түрде айтсақ, экспортқа тауар шығаратын компаниялар бір-бірімен тайталасқа түсіп, өзара бағаны түсірмеуі тиіс. Барлығы бір фронтпен, бір саясатпен жұмыс істеуі керек. Мысалы, кейбір жағдайларда салқындатылған еттің экспорттық бағасы 7 доллар болғанда, жүйесіз жеткізулер оны 5 долларға, тіпті 2 долларға дейін түсіріп жібереді. Ал тасымалдың өзі бір келі етке 1 доллардан айналады. Мұндай жағдайда экспорт тиімділігі күрт төмендеп кетеді. Бұның астық нарығына да қатысы бар. Қытай, Өзбекстан, Грузия секілді бірқатар елдер біздің өнімге қызығушылық танытып отыр. Бірақ біз өзара баға бәсекесіне түспеуіміз керек. Сондықтан біз жақында «Экспортты дамыту стратегиясының жаңа тұжырымдамасын» әзірледік. Бұл тұжырымдамада Қытай, Еуропа, жаһандық оңтүстік пен Таяу Шығыс бағыттары қамтылған. Еліміз қазір 20-дан астам тауарлар тобы бойынша экспортты әртараптандыруды көздеп отыр. Бұл стратегияның басты үш ұстанымы бар, ол – біріктіру, өңірлендіру және интернационалдандыру. Біріншіден, экспорттаушыларды біріктіру арқылы олардың күшін шоғырландырамыз. Екіншіден, өңірлік кооперацияны дамытамыз. Үшіншіден, сыртқы нарықтарға бір брендпен шығамыз. «Бәйтерек» холдингі осы бағыттағы шаруаға белсенді араласып жатыр. Қазіргі таңда сауданы ұзақ мерзімді қаржыландыру қоры құрылды. Бұл – жеті жылдан асатын мерзімге берілетін қаржы көзі. Сонымен қатар мемлекеттік кепілдіктер де қарастырылған. Мемлекет бұл орайда сауда саясатына сеніммен қарайды. Мысалы, «KazTrade» сияқты мекемелер біріктірілген өнімді «Made in Kazakhstan» брендімен сатуға дайын. Шетелдік сатып алушы үшін ол өнім қай өңірден шыққаны маңызды емес. Мысалы, бал болсын, басқа өнім болсын, ол Алматы облысынан ба, әлде Шығыс Қазақстаннан ба, айырмасы жоқ. Бастысы сапа мен тұрақты жеткізілім қажет. Алайда бізде әлі де жеткізілімнің тұрақтылығы мен көлемі бойынша қиындықтар кездесуде. Сондықтан алдағы кезеңде басты назар экспорт құрылымын өзгертуге аууы қажет. Қазіргі экспорттың 65 пайызы – шикізат, 35 пайызы – өңделген өнім. Осы арақатынасты өзгертіп, өңделген өнім үлесін арттыруымыз керек. Бұл ретте өңделген өнімнің өзі де көбіне металлургия саласына тиесілі. Демек, бұл да төмен деңгейдегі өңдеу. Біз енді жоғары деңгейдегі өңдеу ісіне көшуді кейінге шегермеуге тиіспіз. Сонымен қатар жаңа нарықтарға шығу және мемлекет тарапынан мақсатты қолдау көрсету де ерекше мәнге ие. Бұл бағытта жүйелі және келісілген жұмысты жалғастыру қажет, – деді А.Шаққалиев.

 

МАУСЫМ АЙЫНДА «ЖАСЫЛ ДӘЛІЗ» ЕНГІЗІЛЕДІ

Көктем шыға сала еліміздің ішкі нарығына ерте пісетін көкөніс пен жеміс-жидектің сырттан лег-легімен ағылатыны жылдағы әдет. Әсіресе оңтүстік өңірлерден жеткізілетін қияр, қызанақ, қырыққабат сынды өнімдер сауда сөрелеріне нарықтағы бағадан жоғары үстемемен жайғасатыны белгілі. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың қалтасына салмақ салып, нарықтағы жалпы баға деңгейіне әсер етеді. Осы ретте халық көптеп тұтынатын азық-түлік түрлерінің құны құбылмалы болады. Салдарынан әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміндегі көкөніс өнімдерінің бағасы шарықтауы ғажап емес. Дегенмен бұл жергілікті билік пен бақылаушы органдардың жіті назарында тұратын мәселе. Әкімдіктер мен тиісті құрылымдар сауда орындарындағы баға өзгерістерін күн сайын қадағалап, негізсіз өсімге жол бермеуге тырысумен әуре болады. Бұған қоса, тұрақтандыру қорлары арқылы көкөніс пен өзге де азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу ісі күшейтіледі. Кейбір қалаларда ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылып, делдалсыз сатылымға жол берілмейді. Мұндай шаралар бір жағынан жергілікті өнім өндірушілерге қолдау болса, екінші жағынан тұтынушының сатып алу қабілетіне нұқсан келтірмеудің тиімді амалы.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше, өткен айдың соңына таман әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,4 пайызды құрапты. Бағаның негізгі өсімі сиыр еті мен көкөністерге тиесілі болған екен. Сондай-ақ күріш пен жұмыртқа 0,3 пайызға, рожки мен қарақұмық бағасы 0,1 пайызға арзандапты.

Сиыр еті бағасына  жүргізілген талдау қорытындысы бойынша өнім жыл басынан 11,9 пайызға қымбаттаған. Осы өнім түріне баға өсімін тежеу мақсатында сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия елден ірі қара малды әкетуге үш айға уақытша тыйым салу туралы шешім қабылдаған көрінеді.

28 сәуірде еліміз бойынша 25,6 мың тонна ерте пісетін көкөністі ішкі нарыққа жеткізуге тиісті келісімшарттар жасалыпты. Оның 11,1 мың тоннасы картоп, 4,7 мың тоннасы сәбіз, 4,3 мың тоннасы пияз және 5,4 мың тоннасы қырыққабат екен. Оңтүстік өңірлер әкімдіктерінің ақпараты бойынша, биылғы маусымда ерте пісетін көкөністердің өнімі мол болады деп күтілуде. Өнімнің негізгі көлемі Түркістан облысына тиесілі көрінеді. Болжамға сәйкес картоп көлемі 216,6 мың тонна, сәбіз – 41,5 мың тонна, пияз – 87,5 мың тонна, қырыққабат – 228,9 мың тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Түркістан облысында 17,5 мың тонна қырыққабат жиналып, оның 1,3 мың тоннасы экспортталыпты. Сонымен қатар Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстарында форвардтық келісімшарттар аясында ерте піскен ақ қырыққабатты жеткізу басталыпты. Ішкі нарықты өніммен толтыру мақсатында жыл басынан бері 80 мың тонна картоп пен 30 мың тонна қырыққабат импортталған. Шекарада кідірістердің алдын алу үшін көкөністерге маусым айының соңына дейін «жасыл дәліз» енгізу туралы шешім қабылданған. Бұл өнім жеткізуді жеделдетуге, логистикалық шығындарды азайтуға, нәтижесінде ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мол мүмкіндік бермек.

Шекара демекші, бүгінгі таңда еліміздің шекаралық аймақтарындағы ауылдардағы сауда орындары отандық тауар өндірушілердің өнімінен кенде болмауы тиіс. Сауда және интеграция министрлігінің отандық өнімнің сөрелердегі үлесін арттыруға бағытталған тиісті жоспары бар. Мәселен, қазіргі талапқа сай кез келген дүкен не сауда орнында азық-түлік өнімдерінің кем дегенде 30 пайызы отандық тауар болуы тиіс. Ал мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер мұны 50 пайызға дейін жеткізуі қажет. Әсіресе шекараға жақын орналасқан сауда нүктелерінде отандық өнімнің үлесі тиісті талаптарға сай болғаны абзал. Осы бағытта жұмыс жандануы үшін еліміздің кейбір аймағында отандық өнімге қатысты өзгерістер орын алып жатқанын айта кетуіміз керек, яғни шекара маңындағы сауда орындарының кейбірінде отандық тауар үлесін 70 пайызға дейін жеткізуге талпыныс жасалуда. Біздің облыстың сауда орындарында да отандық азық-түлік үлесі 30 пайыздан кем емес.

 

«АЛАТАУЛЫҚТАР БАЙ ТҰРАДЫ»

Облысымызда төрт ауданның бірқатар елді мекені шекара маңында орналасқан. Оның ішінде Жуалы ауданындағы Ақтөбе ауылдық округі мен Қызыларық ауылдық округінен бір-бір ауыл бар. Жалпы Қырғыз елімен шектесетін Жуалы ауданының ауылдарында да шекаралық өңірлерді дамыту бағытында байыпты бастамалар жүзеге асырылуда.  Мәселен, Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылы- инфрақұрылымы жүйеленіп, халықтың тіршілігі қалыпты жағдайда тұрған елді мекеннің бірі. Соңғы жылдары бұл ауылда жол жөндеуден бастап, ауылшаруашылығын қолдау, әлеуметтік нысандар салу сынды көптеген істер атқарылған. Қызыларық ауылдық округінің әкімі Марат Қасымбековтің айтуынша, округ аумағында 5 елді мекен бар, оның ішінде шекараға ең жақын орналасқан елді мекен – Алатау ауылы.

Алатау ауылында бүгінде 425 адам тұрады. Ауылда 81 аула, 23 шаруа қожалығы, 34 жеке кәсіпкер тіркелген. Халықтың негізгі күнкөріс көзі – егіншілік пен мал шаруашылығы. Жалпы мал басы – 2105, оның ішінде 535 ірі қара, 1360-ы уақ мал және 210 жылқы бар. Ауылдың инфрақұрылымына келсек, ауызсу мен табиғи газ толық тартылған. Үш көше де жарықтандырылған. Былтыр Мөлтек көшесіне орта жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұған дейін, яғни 2018 жылы Орталық көшесі, 2019 жылы Мөлтек көшесі, 2023 жылы Шет көшесі жарықтандырылған болатын. Өткен жылы барлық тозығы жеткен, сынған электр бағаналары ауыстырылып, көше жарығы толық ретке келтірілді. Ауылшаруашылығын қолдау мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Алатау Береке» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Біздің округ үшін үлкен жетістік саналатын нәтижелі жұмыстың арқасында құрылған аталған кооператив 12 миллион 600 мың теңге көлемінде айналым қаражатын алып, ауыл маңындағы алқаптарға арпа, картоп және жоңышқа екті. Сондай-ақ кооператив 68 миллион 700 мың теңгеге 2 трактор мен 4 тіркеме техникасын сатып алды. Қазір бұл техникалар ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен қызмет көрсетуде. Жер жырту, тұқым себу секілді жұмыстарға жұрт кезекте тұр. Бұрын ондай техниканы сырттан жалдаса, қазір бұл ауылдықтардың өзінде бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2023 жылы 22 ауыл тұрғыны 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, мал шаруашылығын дамытуға кірісті. Бұл да халықтың табысын арттыруға бағытталған нақты нәтиже, – деді Марат Сайлауұлы.

Шекара маңындағы ауылдарды дамытудың маңыздылығы зор. Сондықтан мұндай ауылдардың әлеуетін тек ауылшаруашылығы саласымен шектемей, туризм арқылы да дамытуға болады. Мұны осы ауылдық округтің тәжірибелі жұмысынан байқауға болады. Мысалы, Алатау ауылының аумағында орналасқан «Көксай» демалыс орны- соның бір дәлелі.

– Бұл нысан – жеке инвестиция есебінен дамып келе жатқан туризм бағыты. Демалушылардың көбі көрші Қырғыз Республикасынан, Тараз қаласынан және басқа да аймақтардан келеді. Осыған байланысты биыл «Көксай» демалыс орнына баратын 18 шақырым жолды жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл туризм саласын дамытуға айтарлықтай оң септігін тигізеді. Сондай-ақ ауыл аумағындағы көлік қозғалысын реттеумен қатар бұл туристердің біздің округ аумағына көптеп келуіне жасалған жағдай болып есептеледі. Әлеуметтік жағдайға келсе, ауылда 2022 жылы жаңа мектеп ашылған болатын. Медициналық пункт те жаңа, яғни 2018 жылы салынған. Бірақ бұл елді мекенде әзірге балабақша салу жағынан мүмкіндік болмай тұр. Дегенмен, аталған мәселе мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытында болса да алдағы уақытта шешіледі деген үміттеміз. Шекара маңында орналасқандықтан Алатау елді мекенін дамыту облыстық деңгейдегі маңызды мәселе. Сауда мәселесіне келсек, ауылда екі дүкен бар, бағасы халыққа қолайлы. Ауылдың әлеуеті зор, табиғаты керемет, халқы еңбекқор, – деп сөзін түйіндеді аталған ауылдық округ әкімі.

Осы ретте біз ауыл тұрғыны Назира Байдосовамен де тілдестік. Ол 23 жыл еңбек өтілі бар мектеп мұғалімі екен. «Өзін сүймеген адам ешнәрсені де сүйе алмайды» деген сөзбен ойын сабақтап, бізді елді мекеннің тыныс-тіршілігімен жете таныстырды.

– Ең алдымен әр адам өзінің туған жерін, ауылын, елін жақсы көруі керек. Егер біреу маған «Ауылыңызды не үшін жақсы көресіз?» десе, Мұзафар Әлімбаев айтқандай, мен де ауылымның түнін де, түрін де, топырағы мен ауасын да, бұлбұлын да сүйетінімді айтқан болар едім. Менің ауылым – табиғаты көркем, жұпар иісті жусаны аңқыған елді мекен. Мұндағы тұрғындар өте мейірімді, жастары тәрбиелі. Жастар қашан да үлкенді қадірлеп, жасы үлкені кішісіне қамқорлық танытып жатады. Алатаудың етегінде орналасқан бұл өлке түрлі емдік өсімдіктерге бай. Жылқының саумалы мен қымызының дәмі тіл үйіреді. Ауыл іргесінде шекара бекеті орналасқан, олар еліміздің, ауылдың қауіпсіздігін күндіз-түні қырағылықпен күзетіп, өз міндетін қалтқысыз атқаруда. Мұнда спорт саласында ел мақтанышына айналған азаматтар дүниеге келген. Қазір ауылда жұмыссыздық деген атымен жоқ. Әркім өз шаруасымен айналысады. Мал ұстап, егін егеді. Жайылым жеткілікті. Тұрғындар сиыр, қой, жылқы, тауық ұстап, сонымен жан бағады. Көрші ауылдар «Алатаулықтар бай тұрады» деп айтады екен. Бұл  тұрғындардың еңбекқорлығының нәтижесі деп білемін. Күйеуім мектепте күзетші. Үш ұлым бар, үлкені студент, екеуі мектеп оқушысы. Ауылда шағын дүкен бар, бірақ күнделікті азық-түлікті Бауыржан Момышұлы ауылындағы сауда орнынан бір барғанда молырақ етіп алып келеміз. Аудан орталығы шамамен Алатаудан 20-25 шақырым қашықтықта орналасқан. Жол түскенде дүкендердегі отандық өнімдерге назар аударамын. Күріш, ет, лапша, шұжық – бәрі Қазақстанда жасалған. Азық-түлікті ел «Наржан» деп атап кеткен дүкеннен арзан бағада сатып аламын. Ондағы дүкен иелері өз ісінің шебері, тауардың сапасын да, бағасын да назарда ұстайды. Тауар ол жерге үнемі жаңадан түседі, бағасы да тұрақты. Көңілім толмаған, мерзімі өтіп кеткен өнімге тап болған емеспін. Ауылымызда жазда этноауыл жұмыс істейді, қыста бұл жерге шаңғы тебуге келетіндер көп. Шаңғы тебуді үйрететін арнайы инструкторлар бар. Табиғаты тамсандырған бұл ауылға шетелден де, еліміздің әр өңірінен де демалушылар көптеп келіп жатады. Олар ауылдың табиғатына, тыныс-тіршілігіне сүйсініп, қызығуышылық танытады. Мұндай жылы пікір біздің де көңілімізді марқайтады. Ынтымағы жарасқан, төрт түлігі төскейде түлеген Алатау біз үшін ырыс пен құт-берекенің ордасы, – дейді Назира Әбдуалықызы.

Осы ретте біз ауылдағы «Әділет» дүкенінің иесі Гүлнұр Қазыловамен де телефон арқылы тілдестік. Ол тауарды Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» базарынан көтерме бағамен әкеліп, әр тауардың үстіне 10-15 теңге қосып сататынын айтты. Ауыл тұрғындарының кейбірі қарыз дәптер аштырғанымен, көп ұзатпай төлеп тастайтынын, отбасы ырзығын дүкеншілікті кәсіп ету арқылы айырып отырғанын сөз етті. Жерлестерімен бірге «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, мал бағыты бойынша 2,5 пайызбен қаржы алып, бүгінде шаруашылығын да дөңгелентіп отырған жайы бар. Тұрғындардың пікіріне сүйенсек, алатаулықтардың шекара маңындағы ауылдарды, шекара маңындағы сауданы дамыту мәселесіне қатысты айтар шағымы жоқ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар