
Таяуда кеңестің бірінші отырысы облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өтті. Онда қала мен аудан орталықтарында қызмет етіп жатқан емшара кабинеттерінің заңдылығы талқыға түсті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, облыс көлемінде 107 емшара кабинеті жұмыс істеп жатса, оның 42-сі ғана (31-і Тараз қаласында) заңды түрде «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету» бойынша лицензия алған. Қалған 65-і, яғни 60,7 пайызы ешбір рұқсатсыз жұмысын дөңгелетіп жатыр екен. Олардың басым көпшілігі дәріханалар жанынан ашылыпты. Бір ескеретін жәйт - олардың ешбірінде дәрігер жоқ, емшараларды орта буын медицина қызметкерлері, яғни мейіргерлер өткізіп жатыр. Олар тек бұлшық еттерге, тері астына екпе жасаумен шектелмей, көк тамырға да дәрі-дәрмектер салуда. Оның кейде немен аяқталатынын мына бір фактілермен көз жеткізуге болады. Тек биылғы үш айда Тараз қаласында бірнеше пациенттерде анафилактикалық шок (дәрі-дәрмектің кері әсерінен есінен танып, тынысы тарылып, жүрек тоқтап қалу) оқиғасы тіркеліпті. Мысалы, 29 жасар азамат 29 қаңтарда сағат 11:40-та Тараз қаласы, N8 ықшамаудандағы емшара кабинетіне барып, дәрігердің тағайындауынсыз тұмауға қарсы «Цефазолин» антибиотигін сынама алынбай қабылдаған. Антибиотик егілгеннен кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, сол жердегі медбике алғашқы медициналық көмекті толық көрсете алмай, жедел жәрдем станцасының көмегіне жүгінген. Яғни, шокқа қарсы және реанимациялық іс-шаралар дер кезінде жасалынбаған, жедел жәрдем бригадасы келгенше науқас сол жерде қайтыс болады.
Тағы бір қайғылы жағдай 2 ақпанда Абай даңғылы бойында орналасқан емшара кабинетінде орын алды. 1974 жылғы азаматқа «Цефтриаксон» дәрісі егілгеннен кейін анафилактикалық шок болып, науқас аяқ астынан өмірден озады.
Сондай-ақ, 2 ақпан күні Қонаев көшесінде орналасқан емшара кабинетінде 1985 жылғы азаматша «Левамак» дәрісінен кейін анафилактикалық шок болып, әрең дегенде өлім аузынан аман қалған. Осы жағдайлардан кейін облыс аумағындағы емшара кабинеттерінің мәселесі қоғамдық кеңес мүшелерімен қаралып, бұл нысандар құжаттарының қаншалықты заңды екеніне көз жеткізу үшін тексеру жұмыстары басталды. Сонда осындай орындарды ашқан азаматтардың басым көпшілігінің пациенттердің жағдайын ойламай, пайда табу жағына көңіл бөлгендігі анықталды. Жақында Тараз қалалық қоғамдық кеңесі облыстағы емшара кабинеттерінің қызметін зерделеп қайтыпты. Бірден айту керек, тексерудің қорытындысы адам шошырлық.
Осыдан кейін денсаулық сақтау саласындағы кейбір қызметтерге бақылаудың жоқ екені, табыс табу мақсатында жекеменшік медициналық мекемелердің қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып, өздеріне тиесілі емес қызметтерді де көрсете бергені белгілі болып отыр. Негізі 2020 жылғы 30 қарашада қабылданған ҚР Денсаулық сақтау министрінің №ҚР ДСМ 223/2020 бұйрығында медициналық мекемелер мен емшара кабинеттерінің дәрігерге дейін қызмет көрсету шектерін айқындайтын нақты талаптар белгіленген. Әйтсе де бұл зерделеуде ең көп кездескен заңсыздықтың бірі – инъекциялық процедураларды лицензиясы және арнайы медициналық дайындығы жоқ қызметкерлердің атқаруы болды.
2021-2024 жылдар аралығында жүздеген кәсіпкерге «Медициналық көмек», оның ішінде, «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету» бойынша медициналық лицензиялар берілген. Алайда денсаулық сақтау саласы бойынша берілген жарнамаларды зерделеу барысында «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету» бойынша лицензия алған кәсіпкерлер осы көмек түрін көрсетпей, емшара кабинетінің қызметтерін атқарып жатқандығы анықталды. Демек емшара кабинеттерінің сыртқы ақпараттық атаулары ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 30 қарашасындағы №223/2020 бұйрығы бойынша алған лицензияларына сәйкес «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету кабинеті» деген атауға өзгертілуі тиіс.
Зерделеу жұмыстары жүргізілген Байзақ, Жуалы, Шу аудандарындағы емшара кабинеттерінің барлығының дерлік науқастарға заңсыз, ешбір лицензиясыз инъекциялық қызметтер көрсетіп жатқаны анықталды. Тек Шу қаласы, Қонаев көшесі, 14 мекенжайындағы «ВЕРАФАРМ» ЖШС-іне қарасты «Семь и Я» мекемесінің ғана «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету» туралы лицензиясы бар болып шықты.
ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 30 наурыздағы №49 «Қазақстан Республикасында медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес емшара кабинеттері тек медициналық, фельдшерлік акушерлік пункттердің, дәрігерлік амбулаторияның (отбасылық денсаулық орталығы), медициналық санитариялық алғашқы көмек орталығының, емхана және ауруханалардың құрамында болуы керек.
Бөлек тұрған емшара кабинетінің жұмысы заңға қайшы болып есептеледі. Осы орайда біз жекеменшік нысандарда дәрігердің мөрі қойылмаған рецептпен инъекциялық емшара жасай беру күнделікті әдетке айналып кеткеніне куә болдық. Демек бұл мәселе толық бақылаудан шығып кеткен деуге негіз бар. Қысқасы, осы саладағы қызметтердің заңдылығын зерделей келе емшара кабинеттерінің атауларын қызмет түріне алған лицензиясына сәйкестендіріп, «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету кабинеті» деп ауыстырылуын, емшара кабинеттерінде арнайы кеңес беретін дәрігер штатының қарастырылуын талап еткен жөн. Сонымен қатар нысан медициналық құрылғылармен жарақтандырылуы, дәрігердің мөрі қойылған рецепт арқылы ғана инъекциялық шаралар жүргізілуі, емшара кабинеттерінде оқыс жағдай орын ала қалған жағдайда, сапалы қызмет көрсетуі үшін «Шұғыл медициналық көмек көрсету дағдылары» және «Жүрек қан тамырлары қызметінің жіті бұзылуы және жүрек тоқтаған кезіндегі қарқынды терапия алгоритміне» дайындық (BLS (Basic Life Support) және ACLS (Advanced Cardiac Life Support)) сертификаттары болуы тиіс. Емшара кабинеттерінде олардың қызметіне рұқсат беретін лицензия көрнекті орында ілініп тұруы қажет.
Талдау көрсеткендей, базбір процедуралық кабинеттерде емшаралар дәрігердің тағайындауынсыз жүзеге асырылған. Бұл – пациент өміріне тікелей қауіп төндіреді деген сөз. Мына жарық дүниеде адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан да пайда табамын деп біреудің денсаулығымен, тіпті өмірімен ойнауға болмас. Осы орайда кәсіпкерлер өздері ашқан емшара кабинеттерінің қызметін заңдастырып, оған қажетті мәселелерді тез арада шешкені дұрыс.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, денсаулық сақтау
саласының үздігі