Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

101 жастағы майдангер

101 жастағы майдангер
Автор
9 мамыр – халқымыздың ерлігі мен қайсарлығын еске салатын қасиетті мереке. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Биыл өңірімізде бар болғаны 5 қана майдангер Жеңістің 80 жылдығын қарсы алып отыр. Солардың бірі – Шалданбай Шаңбаев ақсақал. Биыл ғасырдан асып, 101 жасқа толған майдангердің өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге.

Шалданбай Шаңбаев 1924 жылы 10 ақпанда Т.Рысқұлов ауданына қарасты Жанатұрмыс ауылында дүниеге келген. Ол 1930 жылдардағы нәубетті өз көзімен көріп, сол кезеңнің сынақтарынан сүрінбей өткен жан. Ашаршылықтың ауыр кезеңдерін еске алған қария: «Сол кездің қиындығы сұмдық еді. Тамақ табу мұң, ел азып-тозып кетті. Бірақ қазақ төзімді халық қой, бір-біріне сүйеу болып, аман қалдық. Бүгінде шүкір, ұрпақтарым тоқ, бейбіт заманда өмір сүріп жатыр», деп толғанады.

1942 жылы 18 жасқа толған Шалданбай Шаңбаев майдан даласына аттанады Алдымен Волга өзенінің жағасында төрт айлық әскери дайындықтан өтеді. Сол жылдың желтоқсан айында ол 227-атқыштар полкінің қатарында Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысады. Қыс мезгілінің қатал ауа райына қарамастан, жаумен шайқасып, Отан қорғау жолында жан аямай күреседі.

Сталинград майданының қақ ортасында болған Шалданбай Шаңбаев неміс басқыншыларының қаланы жермен-жексен еткенін өз көзімен көрді. Бомба жарылыстары мен үздіксіз атқылаудан қала түгі қалмай күйреген. Алайда кеңес жауынгерлері жауға тойтарыс беріп, 1943 жылдың басында қарсы шабуылға көшеді. Осылайша ол Котельниково, Запорожье, Одесса қалаларын азат ету ісіне белсене араласып, Румыния мен Венгрия аумағындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысады.

– Соғыста кім дос, кім жау екенін түсіну қиын еді. Бір сәтте жаныңдағы серігіңнен айырылып қаласың. Қар жауған түндерде окоптың түбінде бүрсеңдеп отырып, таңды қарсы алатын едік. Бірақ елге оралу үміті бізді алға жетеледі, – дейді майдангер.

Ұлы Отан соғысының ардагері Германияның Франкфурт-на-Одер қаласында Жеңісті қарсы алды. Соғыста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Шалданбай Шаңбаев II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен және өзге де бірнеше марапаттармен наградталды.

1945 жылы соғыс аяқталған соң кейіпкеріміз туған жеріне оралады. Бірақ бейбіт өмір де өзінің қиындығын көрсетті. Өкінішке қарай, оның ағасы майданнан қайтпай, артында төрт баласы жетім қалды. Өзінің оқуын жалғастыру мүмкіндігі бола тұра, ардагер еңбекке араласып, ағасының ұл-қыздарын өз балаларымен бірге бағып-қағып өсірді. Алдымен тракторист, кейін бухгалтер мамандығын меңгеріп, ауылшаруашылығы саласында абыройлы еңбек етті. Еңбекқорлығы мен адалдығының арқасында ауданның құрметті азаматтарының қатарына қосылды.

Бүгінде Шалданбай ата үлкен әулеттің ақылшысы болып отыр. Жан жары Мәкен ана 2019 жылы 19 сәуірде дүниеден өткен. Жолдасы екеуі 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. 49 немересі, 102 шөбересі, 5 шөпшегі бар. Жақында бұл әулетте ерекше қуаныш орын алды, яғни қарияның 103-ші ұрпағы дүниеге келді.

– Атамыз – өте мейірімді. Тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтады. Кейде шай үстінде майданда көрген оқиғаларын әңгімелеп, Отанға, елге-жерге адал қызмет етуді дәріптеп отырады. Адамгершілік, сабырлылық, шүкіршілік – осы үш қасиетті бізге өмірлік ұстаным етіп берді, – дейді келіндері.

Ал майдангердің ұлы Толқынбек: «Әкеміз біз үшін үлкен тұлға. Ол өмірдің талай сынағынан сүрінбей өтті, соғыста да, бейбіт күнде де күресе білді. Бізге әрдайым адалдық пен еңбектің маңыздылығын үйретіп келеді. Бүгінде біз үшін оның амандығынан артық ештеңе жоқ», дейді.

Биыл Шалданбай ата 101-ші көктемін қарсы алды. Ақпан айында туған күніне орай Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов қарияның шаңырағына арнайы барып, майдангерді құттықтады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың құттықтау хатын табыстады. Аудан басшысы ғасыр жасаған қарияның Жеңісті жақындатуға қосқан үлесін, ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегін атап өтіп, ризашылығын білдірді. Өз кезегінде ардагер де жастық шағы мен майданда бастан кешкен естеліктерімен бөлісіп, ақ батасын берген еді.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар