
Бүгінде облысымызда 5 соғыс ардагері қалыпты. Барлығы да Тараз қаласында тұрады. Атап айтқанда, олардың қатарында Мүтәліп Ережепбаев, Геннадий Иванов, Иван Макеев, Григорий Нещеретнев және Шалданбай Шаңбаев бар. Мереке қарсаңында Мүтәліп Ережепбаевтың үйіне арнайы барып, әңгімелескен едік.
1926 жылы 23 наурызда Талас ауданы, Қарой ауылында дүниеге келген М.Ережепбайұлы 1943-1944 жылдары ұстаздық қызмет атқарған. 1944 жылдың қазан айында армия қатарына алынған. Кёнигсберг қаласы маңындағы ұрысқа, Берлин шайқастарына қатысқан. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін Брест қамалын қалпына келтіруге қатысқан. 1950-1956 жылдары Талас аудандық «Кеңес» атқару комитетінде нұсқаушы, кадр және құпия бөлімдерінің меңгерушісі, 1956-1958 жылдары аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде жауапты хатшы, редактор қызметтерін атқарған. «Еңбек ардагері», Талас ауданының Құрметті азаматы.
Біз майдангердің үйіне барғанда қарияның үлкен қызы Жансәуле Мүтәліпқызы Астанадан қонаққа келіпті. Ардагердің қызының жүзінен қуаныштың лебі есіп тұрды. Сөйтсек, бүгінде журналистер мерекеде болмаса, жайшылықта бұл үйге бас сұқпайтын көрінеді. Айтуынша, қария кейде көзтаныс журналистер жайлы сұрап отырады екен. Жансәуле әкесін мақтаныш тұтатынын, кезінде әке жолын қуып журналистік жолды таңдау ойына келгенін айтып қалды.
– Үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Тұла бойы тұңғышым мен үш қызым қасымда. Баланың үлкені Нұртәліп жұбайы Қымбатпен бірге теміржолдың арғы бетінде (За линией) тұрады. Қыздың үлкені Жансәуле Астана қаласының тұрғыны. Оның мамандығы есепші-экономист болғанымен, әкесі секілді бойында ақындық-жазушылық қасиеті бар. Осы қызым «Қос анам» атты өлеңдер мен әңгімелер жинағы топтастырылған бір кітап шығарып, соны әкесінің тоқсан жылдығына тосынсый ретінде тарту етті. Атаңның да бас-аяғы 6 кітабы бар. Қазір қолымда кіші қызым Манзураның отбасы бар, барлығымыз бірге тұрып жатырмыз. Ортаншы қызым Зәуре жастық шағымыздың куәсі болған Ақкөл ауылының тұрғыны. Мереке қарсаңында жан-жақтағы ұл-қыздардың үйге жиналып жатқан беті осы еді, – деді Тынышбала апа.
Жалпы М.Ережепбаевқа бойындағы шешендік пен ақындық қабілет атадан дарыған екен. Әкесі Ережепбайдың көріпкелдігімен, қобызшылығымен аты шыққан. Әкесін заң адамдарының ұстап әкетуіне осы қасиеттері себеп болыпты. Мүтәліп ақсақалда жас кезінен-ақ айтысқа, жыр-термеге ден қойып, шығармашылыққа бет бұрып, өлеңді өміріне серік еткен жан. Сұрапыл соғыстың, от-жалынның ортасында жүріп те қолынан қаламын тастаған жоқ.
Ол кезінде өз елінің өсіп-өркендеуіне, мәдениетіне сүбелі үлес қосқан адам. Облыс пен аудан тарихына қатысты тың деректер, көне құжаттар, газет тігінділері үйінде әлі сақтаулы тұр. Оларды жинақтап, шашау шығармай сақтап жүруі майдангердің жанкешті еңбегінің бір көрінісі.
Шығармашылығы да толымды. Бұған дейін республикалық және жергілікті баспалардан «Ата қоныс», «Өлеңім – өмірім», «Он бірінші белес», «Талас – өрлеу мекені», «Аңызға айналған ақиқат» атты жыр жинақтары жарық көрген. Одан бөлек «Жамбыл жолы» және «От пен оқтан оралғандар» жинақтары да оқырманнан оң бағасын алған.
Бүгінде қанша жерден «адамның орташа өмір сүру жасы ұзарып келе жатыр» деп масаттанғанымызбен, ауырмай-сырқамай ұзақ ғұмыр кешу екінің біріне бұйыра бермейді. 16-18 жасында майданға аттанған бозбалалардың өзінің бүгінде жасы бірғасырдың маңайында. Ал біздің кейіпкеріміз биыл 99 жаста. Бір жылы кем ғасыр жасау оңай емес. Осыдан үш жыл бұрын әңігімелескенімізде ардагердің құлағы жап-жақсы еститін. Осы жолы өмірлік серігі Тынышбала апаның, үлкен қызы Жансәуленің қарияның құлағына кезек-кезек айқайлауымен әңгіме дүкен құра алдық. Құлағы ауыр еститіні болмаса, қария әлі тың көрінді.
– 1941 жылы әскерге өз еркіммен баруға өтініш білдіргеніммен, тек 1944 жылдың мамырында 18 жасымда әскер қатарына алындым. Жауынгерлік дайындықтан кейін Кёнигсберг маңындағы ұрыстарға қатыстым. Шайқастың бірінде жараланып, госпитальде емделіп, қайта сапқа қосылдым. Соғысты Берлинге дейін барып аяқтадым. Әскердегі қызметім 1950 жылға дейін жалғасты, шенім – майор, – деді Мүтәліп Ережепбайұлы.
Майдангер жастайынан анасы Бекпатшамен бірге тұрмыстың тауқыметін тартқан адам. Әкесі Ережепбайға екі рет «халық жауы» деген айып тағылып, соңында сегіз жылға айдалып кетте барған. Соғыстан кейінгі жылдары әкесін іздеумен жүріп, түрлі мекемелерге хат жолдаған. Тіпті КСРО-ның сол кездегі бірінші хатшысы Н.Хрущевтің атына да арыз жазған. Ақыры әкесінің ату жазасына кесілгенін естіп, кейін оның ақталғаны жөнінде құжатқа да қол жеткізуі, әкеге деген құрметтің үлкен белгісі болса керек.
Ардагер Тараз қаласындағы «Астана» ықшамауданынан өзіне мемлекет тарапынан берілген екі бөлмелі пәтерде тұрады. Таза ауаға мүлде шықпайды екен. Дәрігерлер Ұлы Отан соғысы ардагеріне азот жетіспейтінін айтып, мүмкін болса жер үйде тұруға, таза ауада жиі серуендеуге кеңес беріпті.
Әңгіме-дүкен барысында екінші сыныпта оқитын немересі Ибрахим Мүтәліпті де сөзге тарттық. Тектіден қалған жалғыз тұяқтан 30-ға жуық немере, елуге жуық шөбере тараса, Ибрахим Жандос Мүтәліпұлының баласы. Ол атасының өлеңдерін жатқа оқып, Ұлы Отан соғысы ардагерінің немересі болу мақтаныш екенін жеткізді. Біз қайтарда қария қолын жайып: «Еліміз тыныш болсын! Аман болыңдар, адамдық қасиеттеріңді жоғалтпаңдар», деп бата берді.
Қарияның «Адамдық қасиеттеріңді жоғалтпаңдар» деуі журналистер қауымына айтылып жатқандай көрінді. Себебі бұрнағы жылы бір әріптесіміздің осы қариямен болған сұхбаттың ішінде сөзден жаңылысқан жерін қиып алып, бейнежазбаны «Күлсең кәріге күл» деген тақырыппен әлеуметтік желіге жүктегенінен хабарымыз бар еді. Кейін қарияның отбасы осы мәселеге ренжулі деп естігенбіз. Майдангер мүмкін соны естіп немесе мынадай бейбіт күнде өз қадірін өзі қашырған, абырой емес атақ қуған, қарабасының қамын ойлағандардың кейпіне қарап, соларды меңзеуі де мүмкін. Қалай десек те мына заманда кез келгенімізге жеңісті жақындатқан және ұрпақа бейбіт өмір силаған осындай ақсақалдардың ақ батасы да, ақылы да артық етпейді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ