
Облысымызда ерекше білім алуды қажет ететін балаларға білім беру, түзету-оңалту қызметтерін көрсететін 26 арнайы мекеме жұмыс істейді.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы 9 355 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіліп, межеленген көрсеткіш 85 пайызға толық орындалды. Биыл 3 айдың ішінде 3 030 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілді. Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мемлекеттік білім беру мекемелерінің саны жылдан-жылға артып келеді. Өңірде «Жамбыл облысындағы ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған» Жол картасы бекітілген. Жол картасына сәйкес тиісті жоспар әзірленіп, 2025 жылға дейін мүмкіндігі шектеулі балалар көп шоғырланған Тараз қаласы мен аудандардағы жалпы білім беретін мектептерден инклюзивті қолдау кабинеттерін ашу жоспарланған болатын. Жоспарға сәйкес былтыр Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептен ерекше білім алуды қажет ететін балаларды қолдау кабинеті, Меркі ауданындағы №18 А.Қосанұлы атындағы орта мектептен ресурстық орталық ашылып, материалдық-техникалық базасы жабдықталды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл Сарысу және Талас аудандарында да жалғасады. Сонымен қатар Тараз қаласындағы 2 түзету кабинеті мен Қордай ауданындағы түзету кабинетінде «Дара» қайырымдылық қоры мен «Шеврон» компаниясының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте қолдау қызметтері ашылды. Қазіргі таңда аталған кабинеттерде 3 жасқа дейінгі 165 бүлдіршін ерте қолдау қызметімен қамтылған. 2024-2025 оқу жылында Тараз қаласындағы жалпы білім беретін №19 балабақшадан арнайы 2 топ ашу және облыс орталығында 0-18 жас аралығындағы бала санының артуына орай №3 психологиялық-медициналық -педагогикалық консультация орталығын ашу қажеттілігі бар. Осы жылдың соңына дейін орталықты ашу жоспарланып отыр, – деген облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Набира Сүйманова жалпы білім беретін мектептердегі инклюзивті білім беретін 4 653 педагогтің 2 354-і, үйден оқытатын 5 217 педагогтің 2 912-і біліктілік арттыру курстарынан өткенін, 236 арнайы маманның 220-ы білімдерін жетілдіргенін атап өтті.
Жалпы 2024-2025 оқу жылына инклюзивті білім беруде қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамту мақсатында 12 миллион 725 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылып, игерілген.
– Былтыр «Асыл Мирас» аутизм орталығының жанынан 2 қабатты қосымша ғимарат салу жоспарланған болатын. Нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптамасы дайын. 2025-2026 оқу жылына қосымша ғимараттың құрылысы басталады деп күтілуде. Облыстағы 4 арнайы мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базаларын нығайту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен жалпы құны 90,8 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, 4 интернат қажетті интерактивті панель және оқу кабинеттерімен қамтылған. Сондай-ақ биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап облыстағы 2 арнайы мектеп-интернатқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады, – дейді Н.Сүйманова.
Осы орайда көзінде ақауы бар балаларға арналған №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатына ат басын бұрған едік. Тағдыр тәлкегіне түсіп, көз кемістігінен зардап шеккен балғындарға арналған білім ошағы 1995 жылы құрылған. Бүгінгі таңда мектеп-интернатта 97 бала оқып, тәрбиеленуде. Оқу ордасында оқушыларға қажетті барлық жағдай жасалған. Мұндағы жеткіншектер киім және оқулықтармен толық қамтылған. Мекеменің материалдық-техникалық базасы барлық талапқа сай жабдықталған. Балаларға дәрігерлік және арнайы мамандардың жан-жақты көмегі көрсетіледі. Сонымен қатар олар «Шоу даун», «Голбол», тоғызқұмалақ, шахмат, домбыра, вокал, хореографияға сынды түрлі үйірмелерге қатысады. Мекемеде балаларға толыққанды білім беру мақсатында 72 педагогикалық қызметкер жұмыс атқарады.
Арнайы білім беру жүйесінің қазіргі даму кезеңінде мектеп-интернаттарда ерекше білімді қажет ететін балалармен жүргізілетін түзету жұмыстары өзекті мәселе ретінде қарастырылып, сонымен қатар оны дамыту басты назарға алынғаны ерекше көңіл қуантады. Оқу үрдісіне қойылған қазіргі заман талаптары мұғалімдердің алдына ерекше білімді қажет ететін баланың жан-жақты дамып, алған білімдерін іс жүзінде қолдана білуге үйрету міндетін қойып отыр.
– Көзінің көру қабілетінде ақауы бар баланы дұрыс бағыттап оқыту оның жалпы дамуына, әрі қарай қоғамдық өмірге бейімделуіне, көздегі кемшіліктен болған басқа да физиологиялық, психологиялық жетіспеушіліктің орнын толтыруға ықпал етеді. Зағип және көзі нашар көретін баланың күнделікті өмірі күрделі және көп деңгейлі. Интернаттағы балғындар білім алумен, кеңістікті бағдарлаумен, қоршаған орта шындығын қабылдауымен өз күн тәртібін қадағалап, реттейді. Осының барлығы олардан жылдам ойлауды, ерекше мұқияттылықты, икемділікті, тез есте сақтауды және тағы да басқа қатынастарды талап етеді. Негізі бұл талаптар баланың психологиялық, физиологиялық шамасына қарай реттеледі. Оқу және еңбек талаптарының сәйкессіздігі психологиялық, физиологиялық ағза қасиеттерінің ауруларына және қатты ашушаңдыққа әкеледі. Мұны оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда қатаң түрде ескеру қажет. Сондықтан оқу-тәрбие іс-шаралары дұрыс бағытта жүргізілсе, баланың дамуы да өз деңгейінде болатындығын атап өтуге болады. Тифлопедагогиканың алдына қойған мақсаты – әрбір баланы оқытып, тәрбиелеуде жүйелі түрде түзету жұмыстарын жүргізу және ауытқушылықтың орнын толтыру. Баланың көру қабілетін сақтап, көз ақауын, естуін, сезуін, яғни барлық көмекші сезімдер жүйесін пайдалана отырып, психологиялық жағдайына да терең мән беру маңызды. Қоғамның жаңа даму кезеңіндегі тифлопедагогика және тифлопсихология мәселелері туралы әңгімені зағип жандарға шарасыз, бейшара адамдарша қарау секілді ескі түсініктерден бас тарту тұрғысынан бастау керек. Өкінішке қарай мұндай көзқарастар педагогикалық ұжымдардың өзінде қазіргі күнге дейін сақталып келеді. Кез келген бала үлкендер тарапынан жүйелі тәрбиені көбірек қажет етеді. Тифлопедагогикалық талаптар міндеттерді қою және шешу арқылы жүзеге асырылады. Бұл міндеттердің шешімі, олардың сапасы мен нәтижесі, педагогтардың біліктілігі мен кәсіби сауаттылығына байланысты. Түзету мектебінің әрбір педагогі балалар психологиясының негіздерін, анатомия және физиологияны, сондай-ақ дефектология негіздерін меңгермей түзету жұмыстарының міндеттерін шеше алмайды. Дефектология ғылымы дәлелдегендей, егер түзету жұмысы процестері ғылыми ұйымдастырылған түрде жүргізілсе, кез келген зағип және нашар көретін баланы бөлектенуден немесе оңашаланудан шығарып алуға болады, – дейді №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының директоры Эльмира Жақсылықова.
Мамандардың айуынша, бүгінгі таңда тифлопедагогикада маман тапшылығы үлкен мәселе болып тұр. Сабақ беруші мұғалім дефектология принциптері мен заңдылықтарын білмесе, ол көзі көрмейтін немесе нашар көретін баланың даму процестерін ғылыми сауатты ұйымдастыра да, басқара да алмайды.
Келесі кезекте мектеп-интернатта білім алып жүрген Айсана Сағындық есімді оқушыны сөзге тартып, ағынан жарыла, ақтарыла айтқан әңгімесіне құлақ түрдік.
– Ерекше балаларды білім нәрімен сусындатқан интернаттың әр ұстазына алғысым шексіз. Ерекше бала болғанымызға қарамай, бар ынта-ықыласымен білім беріп, өнерге баулып жүр. Мен ән салғанды қатты ұнатамын. Болашақта үлкен сахналарда өнер көрсетуді армандаймын. Ұстаздарымыздан алған білім, тәрбие бізді биікке самғатып, болашақта шыңдарды бағындыруға жетелейді. Зағип жандардың қолынан түк келмейді деп ойлау бос сөз. Мысалы, мен тамақ істей аламын. Ұялы телефонымды құр қолданып қана қоймай, тіпті монтаж жасай беремін. Адамдарды даусынан мінезін дөп басып біле аламын, – дейді Айсана.
Мектеп-интернатта білім алып жүрген әр оқушының ата-анасы мен ұстаздарына деген ізет-ілтипаты, білім ошағына деген алғысы зор екені байқалады.
– Балаларымыз ән айтуға, сурет салуға, қолөнерге, спортқа өте бейімді. Тәрбиеленушілеріміз вокал, хореография, домбыра үйірмелеріне қызығушылықпен қатысып, бірінен кейін бірі биіктерден көрінуде. Оқыту мен тәрбиелеу процесінде ұжымдық жаттығулар, ойын, көптеген саяхат сабақтары ұйымдастырылады. Өйткені баланың тез жалығып, шаршамауы қарастырылған. Мүмкіндігінше логикалық жаттығулар жүргізіледі. Ұстаздар оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру үшін ойлау белсенділігіне көңіл аударады. Зейінін ынталандырып, жан толғанысын тұрақтандырады. Пәнаралық байланысты мейлінше кеңейту мақсатында кіріктірілген сабақ түрлері оқу жоспарына ендірілген. Математика мен кеңістікті бағдарлау, гуманитарлық пәндер мен мимика және пантомимика, әлеуметтік тұрмыстық бағдарлау мен еңбек сабақтарының байланысын нығайту өте пайдалы. Бұл бағыт балаларға сабақтардағы тақырыпты жете түсіну және сабақты бекіту кезеңдерін бірнеше рет қайталауға көмектеседі. Бала қызығушылығын ояту үшін сабақ бейнелі болуы керек. Себебі бейнелі сабақ тұлғаны еңбекке баулиды, қол моторикасының дамуына ықпал етеді. Өмірді жаңа бастаған балғындарға дер кезінде көмек көрсетілсе, мадақтап, марапаттаса, оның көңілі тұрақтанады, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге ынталанады және жаңа жағдайларға бейімделгіш болады. «Зағиптың қолында болмаған нәрсе, оның есінде де болмайды» деген қағиданы басшылыққа ала отырып күнделікті оқу процесінде оқушы тақырыпты толық меңгеруі үшін сезу қабілеттеріне арналған әртүрлі материалдар үлгілерінің жиынтығын пайдаланамыз. Қолдан жасаған әртүрлі геометриялық фигуралар, конструкторлар, табиғи материалдарды қолдарымен ұстап, сезінуі арқылы бала тақырыпты толығымен түсініп, меңгереді. Қол саусақтарының майда бұлшықеттерін және шамалауды дамыту үшін алуан түрлі дидактикалық ойындар жүргізіледі, – дейді Эльмира Сауқымбекқызы.
Ұстаздардың айтуынша, мектеп-интернатта сабақ барысында ерекше балаларға көп тыйым салынбайды. Бала ойын толық жеткізуі үшін жағдай жасалып, оларға еркіндік беріледі. Мұғалім қолданатын көрнекі құралдардың жасыл және сарғыш түсті болуы ескеріледі.
Зағип және көру қабілеті зақымдалған балалар үшін қазіргі заманға сай жоғары деңгейде жүргізілген түзету-педагогикалық көмек баланың қоғамда өзін толыққанды азамат ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Мұндағы мұғалімдер сындарлы оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін түрлендіріп сабақ өтуге дағдыланған.
Мектеп-интернат қоғамдастық мүшелерінің инновациялық оқу тәжірибелерін зерттеу мен қолдануды дағдыға айналдыру, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, желілік қоғамдастық жұмысын жандандыру, тәлімгерлік жұмыстардың жүргізілуін басшылыққа ала отырып, өз жұмыстарын жүйелі жүргізеді.
Ал мұндағы жанарында ақауы бар ерекше балғындар жыл сайын өтетін облыстық «Өнерім – бақытым», «Жарық» және республикалық «Жұлдыз-ай» фестиваліндерінде жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Ой-өрісі дамыған, еркін және білімді балаларды тәрбиелеген орта – егеменді елдің болашақ азаматын, яғни зиялы ұрпақ өмір сүретін қоғамды тәрбиелейді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ