Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көптің көңілінен шыққан қойылым

Көптің көңілінен шыққан қойылым
Автор
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» және «Инклюзия және театр» жобалары аясында «Жүрекпен оқыған шығарма» атты алғашқы инклюзивтік театр байқауын ұйымдастырды.

Жамбыл өңірінде алғаш рет өткен инклюзивтік балалар театры көрермендер жүрегінен жол тауып, ерекше әсер қалдырды. Ерекше қажеттілігі бар балалардың мәдени өмірге қалыптасуына үлкен мүмкіндік берген сайысқа №2 «Болашақ» мектеп-интернатының 10-16 жас аралығындағы оқушылары қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Байқау ережесі бойынша әр топ балаларға арналған спектакльдерден үзінді немесе әдеби шығарманың сахнаға лайықталған көрінісін ұсынды. Сондай-ақ сайыс барысында «Асыл Арман» өнер шығармашылық орталығы, «А-Жұлдыз» өнер мектебі, мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Драма» студиясының оқушылары концерттік бағдарламаларын ұсынды.

2022 жылдан бері №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары «Инклюзия және театр» жобасы бойынша күні бүгінге дейін түрлі шараға атсалысып, өз өнерін ортаға салып келеді. Ал ұйымдастырылған байқау ерекше балғындардың өнерге деген махаббатының шексіздігін дәлелдеді.

– Балалардың бірінің көз жанары нашар көрсе, енді бірі жарық сәулені мүлде көрмейді. Алайда мен мұндағы ерекше балғындармен табанды еңбек етіп, өнерге баулыдым. Олар қаншалықты ерекше болса, соншалықты сезімтал әрі тұла бойы өнерге тұнып тұр. Бірі ән айтса, енді бірі поэзия оқығанды ұнатады. Осындай ғажап балаларды дүниеге алып келіп, оларға қоршаған ортаны сезінуді үйретіп, болашағына сенім білдірген ата-аналары мен санасына білім нәрін құйып жүрген ұстаздарына алғыс айтқым келеді. Ерекше қажеттілігі бар балаларды сахнаға дайындау үшін бірге өмір сүріп, болмысын жан-тәніңмен сезіну аздық етеді. Оларды жақсы көруге тиіссің. Сонда ғана ісің өніп, тасың өрге домалайды, – дейді облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері әрі жоба жетекшісі Гүлзада Таласбай.

Аңғал да таза балалық шақтың даңғыл жолынан бастау алып, періште пейілді ақ жүректерінен тарқатылған әрбір көрініс көрермендер жүрегінен жол тапты. Үміткерлер тарапынан айтылған әрбір сөз, жолданған ән, оқылған поэзия сондықтан да қымбат әрі әсерлі болды.

Байқауда өнерпаздарға мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Драма» студиясының жетекшісі Айнагүл Есімбекова, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының режиссеры Саламат Мырзатаев және №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының директоры Эльмира Жақсылықова қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша инклюзивтік қойылымдар бірнеше номинация бойынша марапатталды. «Үздік актерлық шеберлік» аталымына Шархат Байгубек лайық деп танылды. «Екінші пландағы рөлді» Айсана Сағындық жеңіп алды. «Көрермен көзайымын» 9-сынып оқушылары иеленсе, «Үздік театр труппасы» номинациясын 5-6-сынып оқушыларынан құралған топ иеленді. Ең «Үздік қойылым» 8-сынып оқушыларына табысталды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар