Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлы Отан соғысы: Қазақтан шыққан Кеңес одағының батырлары

Ұлы Отан соғысы: Қазақтан шыққан Кеңес одағының батырлары
Abai.kz
Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл, ең қантөгісті екінші дүниежүзілік соғыстың, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, бұрынғы Кеңес одағының 27 миллиондай адамын жалмаған сұрапыл соғыста Қазақстаннан да көптеген жауынгер жауға қарсы жан аямай шайқасты. Осынау соғыста бүкіл Одақ бойынша 12 мыңнан астам жауынгер, командир, қолбасшы, партизан, қарапайым халық өкілдері 1934 жылы белгіленген ең жоғарғы атақ «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленді. Солардың қатарында осы үлкен атаққа ие болған қазақ ұлтының азаматтары 105 екен.

Бұрынғы деректерде, тіпті тарих оқулықтарының беттерінде осы мәлімет бірде 97, бірде 98 болып беріліп келген болатын.

Міне, осы деректерді нақтылай түсу мақсатымен көптеген томнан  12 мыңнан астам батырдың өмірбаянын сүзе қарап, қазақ азаматтарын зерделей іздеуге тура келді. Өзбек ағалар иеленіп кеткен айтулы қазақтар генерал Сабыр Рахимов пен Расул Есетов, Инаят Наурызбаевтар осы санатқа қосылды.

Дәлірек айтқанда, соғыс кезеңінде бұл атақ 100 адамға нақты берілсе, кейіннен, яғни 1946 жылы Құдайберген Сұрағановқа, 1965 жылы генерал Сабыр Рахимовқа, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін берілді.

Таза ұрыс алаңында барлығы 105 қазақ осы жоғары атақты иеленсе, соғыстан кейінгі дәуірде бұл дәрежеге қарқаралылық даңқты ұшқыш, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, ауған соғысының қаһарманы, оралдық Қайырболат Майданов ие болды. Соңғы азамат кейіннен Шешенстандағы қантөгісте «Ресей Батыры» атағын иеленді. Өкінішке қарай, соңғы бір шайқаста оның тікұшағы атып түсіріліп, өзі қазаға ұшырады.

Бұлардан тыс «Ресей Батыры» атағына Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін жетісулық ұшқыш-радист Бақтыораз Бейсекбаев та ие болды.

Біздер төменде ұлтымыздың мақтанышына айналған осы батырларымыздың нақтыланған қысқаша мәліметтерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бұл мәліметтер осыдан 30-35 жылдай бұрын шыққан көптомдық «Герои Советского Союза», «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары», «Қазақ Совет энциклопедиясы» кітаптары негізінде қорытылғандықтан олардың өмірбаяндық деректері сол кезге сәйкес келеді. Қазіргі таңда соғыста «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген азаматтарымыздың барлығы өмірден өтіп кеткендігін қаперде ұстағанымыз жөн. Сөз арасында «Кеңес Одағының Батыры» атағын бейбіт өмір кезінде алған тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтың ғана көзі тірі екендігін қаперде ұстаған артық болмайды.

Соңғы шыққан тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясында батырлар ішінара ғана қамтылып, жалпы тізім түрінде берілген. Олардың өзі, өкінішке қарай, толық емес.

Бізге ең маңыздысы –  елі мен жерін, қазақтың байтақ даласын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған  кешегі батырларымыздың тіккен ерлік туын құлатпай, асқақ ұстаған қазақ батырларын жас ұрпақ қастер тұтсын деген ізгі тілек пен асқақ аңсардың жүзеге асқаны. Тілін сүйген азамат ұлтын сүйеді. Ұлтын сүйген жан кіндік қаны тамған топырағын, Отанын сүйеді. Ал Отанын сүйгендер өз ұлтының қойнауынан шыққан даңқты перзенттерін қастер тұтатындығына еш шәк келтіруге болмайды. Соңғы бірер жыл беделінде кей баспасөз беттерінде батыр атанған азаматтарымыздың рөлін төменшіктетіп, оларды Қазақстан үшін емес, өзге жұрт үшін қан төккендер санатына жатқызып жүрген материалдар жарияланды. Тіпті әбден қалыптасқан, жоғарғы атақтар бас әріптермен жазылатын ережелерді мансұқтап, «Кеңес одағының батыры» деп кіші әріптермен жазатындар табылып жүр. Бұның барлығы көңілге көлеңке ұялатып жүргендігін жасыруға болмайды. Тарихи шындықтан аттап кеткеннен ұтарымыз шамалы. 78 жыл бойы «Кеңес одағы» деген  алып мемлекет тағдырлары ортақ елдің  Отаны болғаны ақиқат қой. Соны жоққа шығарып, соқыр сезімге бой алдырған мемлекеттердің қазір қандай күйге, қандай дағдарыстарға ұшырап жатқанына куә болып жүрміз. Отан үшін өмірлерін қиған батырлардың ескерткіштерін қиратып, бейіттерін қорлаған әрекеттері төбе шашыңды тік тұрғызады.

Қазақ қанынан жаралған жас ұрпақтың Отан үшін от кешкен аталары мен апаларының есімдерін әрдайым ардақ тұтып жүргендері абзал.  

Төмендегі тізімге енген әрбір батыр – өз ұлтының мақтанышы.

1941 жылдың 22 маусымы күні фашистік Германияның Кеңес одағына опасыздықпен басып кіргеніне биыл 84 жыл болады. 1 418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны  ащы шындық. Олардың басым көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақтатты. Ал сол алапат соғыстың жеңіспен аяқталғанына, яғни Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр.

Мына төменде беріліп отырған «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған қандастарымыздың тізімі – соның айғағы.

Кезінде бұл атаққа Бауыржан Момышұлы мен жүздеген жауды жер жастандырған атақты  сұрмергендер Ыбырайым Сүлейменов пен Төлеубек Әбдібековтер де ұсынылған болатын. Алайда соңғы екеуі тек «Ленин» орденімен ғана марапатталды.

Баукең болса, бұл құрметті атаққа бір емес, екі рет ұсынылса да көп кедергілерге жолықты.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көп күш салуымен бұл атақ 1990 жылдың соңына қарай өзінің заңды иесін тапты. Ал даңқты батыр ұшқышымыз Талғат Бигелдинов – бұл жоғарғы атақты екі мәрте иеленген тұңғыш қазақ.

Сөз орайында кеңестік дәуірде, соғыс кезеңінде генерал атанған екі қазақ туралы айта кеткен жөн. Бірі – азамат соғысының ардагері, инженер, Кеңес Армиясы химиялық әскер басқармасы бастығының орынбасары болған генерал-майор Шәкір Жексенбаев пен дивизия командирі, генерал Сабыр Рахимов.

Қазақтың жауынгерлік тарихында үлкен шайқас болар алдында алғашқы жекпе-жекке шығатын көзсіз батырларды «Алғадай» деп атаған. Олардың көзі тірісінде-ақ жаназасын шығарып, өлімге байлаған. Көп жағдайда осы алғашқы шайқастың оң шешілуі жауынгерлерді жеңіске бастар баспалдақ саналған. Өз денелерімен жаудың атыс ұяларын жапқан Сұлтан Баймағанбетов, Жанғазы Молдағалиев, Боран Нысанбаев, Ағаділ Суханбаев, Сүндетқали Есқалиев, Жұман Қарағұловтар Ұлы Отан  соғысының Алғадайлары еді. Олардың өшпес ерлігі  өз елін, өз жерін, өз Отанын шын сүйетін қазақ жастарына шынайы үлгі!

Ал үлкен зерттеуші, ұлт руханиятының айтулы жанашыры Берік Әбдіғалиев өзінің «Ұмытылған қаһармандар. Забытые Герои Советского Союза» атты танымдық, деректік, тарихи еңбегінде Ұлы Отан соғысы жылдарында 133 қазақстандық азамат «Батыр» атағына ұсынылса да, түрлі себептермен жоғары жақтан қолдау таппағанын жазады. Ұлттық құрамы жағынан қарасақ, осылардың 118-і  таза қазақ, алтауы  орыс, үшеуі  өзбек, үшеуі татар, екеуі  ұйғыр, біреуі тәжік.

Сол кездің өзінде жоғары басшылық құрамда ұлттық менмендікті бағдар тұтқандардың баршылық екеніне көз жеткізесіз. Кеңес Одағының Батыры, майор Сағадат Нұрмағанбетов екінші рет осы атаққа ұсынылғанда оған небәрі «Қызыл Ту» ордені ғана берілген. Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, 239 жаудың көзін жойған Ыбырайым Сүлейменов, 397 жауды мерт қылған мерген  Төлеуғали Әбдібеков ерліктерін «Ленин» орденімен, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен ғана марапаттаған.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың көптеген батырымыздың есімдері ел есінен көмескілене бастағанын айта келіп, қазақстандық батырларымыздың есімімен 500-ден аса көшені атау туралы ұсынысы  да көп көңілінен шыққаны ақиқат. Ерлер есімі ел жадында үнемі жаңғырып отырғаны ләзім.

P.S. Қысқаша деректің  соңында ерекшеленіп көрсетілген даталар – оларға «Кеңес Одағының Батыры» атағы қай күні берілгендігінің көрсеткіші.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Сарысу ауданы

 

КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ

 

1. Абдолов Михаил  

 1918 жылы Орал облысының Чапаев  ауданындағы Бітік қыстағында малшы отбасында туған. Атақ 1944  жылы 7 қарашада Дунайдан өту кезіндегі ерлігі үшін берілген.

                                                                               23.03.1945 ж.

 

 

2. Айтқұлов Сәлім 

 1913 жылы Орал облысының Жаңақала ауданындағы Мұқыр қыстағында туған. Кіші лейтенант. Атақ 29   қыркүйекте Днепр үшін болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін  берілген.       

                                                                        17.12.1943 ж.

 

3. Айтықов Ізғұтты  (1922-1944 жж.)   

Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында туған. Гвардия старшинасы, барлаушы. Батыс Двина өзенінде, Полоцк қаласында болған ұрыста ерлік көрсеткен.

                                                                      22.07.1944 ж.

 

4. Ақбауов Оразақ          

1908 жылы Орынбор облысында туған. Гвардия капитаны. Днепр, Припять маңындағы ұрыстарда тапқырлық, ерлік көрсеткен.        

                                                                       17.10.1943 ж.

 

5. Аухадиев Қойгелді  (1907-1943 жж.)       

Семей облысы, Көкпекті ауданында туған.  Қатардағы жауынгер. Днепр өзені үшін болған ұрыста үлкен ерлік көрсетіп, негізгі күштің кедергісіз өтуін қамтамасыз еткен.

                                                                       16.10.1943 ж.

 

6. Әбдіәлиев Қарақозы  (1908 -1943 жж.)       

Шымкент облысының Ленгір ауданында шаруа отбасында туған. Лейтенант. Атақ Мелитополь қаласында болған ұрыста көрсеткен ерен ерлігі үшін берілген. Ұрыста қаза тапқан.        

                                                                            01.11.1943 ж.

 

7. Әбдіров Нұркен (1919-1942 жж.)

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Сержант. Ростов облысының Вешенск ауданындағы болған әуе  ұрысында  жанған ұшағын жау техникасының шоғырланған жеріне  дәл бағыттап, ерлікпен қаза тапты.

                                                                            31.03.1943 ж.

 

8. Әбдіжаппаров Салық  

1925 жылы Шымкент облысының Шаян ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Атақ Батыс Двинадан жалғыз өзі өтіп, жау пулеметін және 30-дай неміс солдатын жойған ерлігі үшін берілді.

                                                                           22.07.1944 ж.

 

9. Әбеуілов Мұқатай    (1917-1944 жж.) 

Семей облысы, Шұбартау ауданында туған. Гвардия сержанты. Атақ Венгрияны азат ету соғысында көрсеткен ерлігі үшін берілді.

                                                                          28.04.1945 ж.

 

10. Әбутәліпов Әнуар 

1923 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында туған. Пулемет расчетының командирі. Тисса өзені маңында болған ұрыста 47 рет өзеннен қайықпен қатынап, рота жауынгерлерін  әскери жабдықтармен қамтамасыз еткен.

                                                                       24.03.1945 ж.

 

11. Әжімов Төлебай      

1921 жылы  Астрахань облысы, Икрян ауданында туған.  Крастностив    қаласын азат етуде,   Висла өзенінен өткенде үлкен  ерлік көрсеткен.      

                                                           29.04.1944 ж.     

 

12. Әлімбетов Абылай  

1921 жылы Шымкент облысы, Қызылқұм ауданында туған. Брянск, Украина жерлерінде өткен ұрыстарда ерлік көрсетті. Соғыстан кейін әскери академияны бітіріп,  полк командирінің орынбасары болған.

                                                                             30.10.1943 ж.

 

13. Әшіров Сейітқасым     

1924 жылы Шымкент облысы, Түркістан ауданында дүниеге келген. Қатардағы жауынгер. Белоруссия, Польша үшін болған ұрыстарда үлкен ерліктер көрсеткен ержүрек барлаушы. 

24.03.1945 ж

                                                                                                                                                 

14. Баймағанбетов Сұлтан (1920-1943 жж.)

 Қостанай облысы, Семиозер ауданында туған. Аға сержант. Ленинград үшін болған ұрыста  мықты бекінген жау амбразурасын  денесімен жауып, жауынгерлердің сәтті шабуылына жол ашып, ерлікпен қаза тапты.

                                                   21.02.1944 ж.

 

15. Баймұқанов Мұса  (1910- 1945 жж.)      

Гурьев облысы, Мақат ауданында туған. Взвод командирі.  Одер өзенін кесіп өту кезінде үлкен ерлігімен  танылған.

                                                                             10.04.1945 ж.

 

16. Балмағанбетов Мақаш    

1914 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепропетровск облысының Бородаевка қыстағы  маңында болған шайқаста қаһармандық, батылдық көрсеткен.

                                                                             22.02.1944 ж.

 

17. Бегенов Мәди    (1916-1944 жж.)          

Астрахань облысы, Ахтубинск ауданында туған. Бөлімше командирі. Днепрден өту кезінде асқан ерлік көрсеткен.

                                                                            19.03.1943 ж.

 

18. Белібаев Зәкария  

1917 жылы Семей облысы, Абай ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде асқан ерлік көрсеткен.

                                                                          10.10.1943 ж.

 

19. Бөкенбаев Мәлкаждар     

1924 жылы Ақтөбе облысы, Жұрын ауданында туған. Лейтенант. Ол басқарған взвод Буг өзені маңындағы ұрыста жаудың 102 солдаты мен офицерін қолға түсірді.

                                                                         22.02.1945 ж.

 

20. Балтабанов Иманғали    

1925 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданында туған. Сержант. Пулемет расчетының командирі. Одер өзені маңындағы Одерфельд деревнясы үшін шайқаста бір апта ішінде 120 жаудың көзін жойды. Соңғы ұрыста ерлікпен қаза тапты.

                                                                        10.04.1945 ж.

 

21. Байысов Матай  

(1903-1943 жж.)      

Талдықорған облысы, Талдықорған ауданында  туған. 136-атқыштар дивизиясының құрамында  соғысты. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік көрсетті. Киев  облысының Черняхов селосы үшін болған ұрыста қаза  тапты.

                                                                                 10.01.1944 ж.

 

22. Бекбосынов Серікғазы 

1925 жылы  Семей облысы, Абай ауданында туған. Атқыштар дивизиясының құрамында соғысып, Свирь өзенінен өту кезінде жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Соғыстан кейін Шығыс Қазақстан облысында еңбек етті.

                                                                                21.06.1944 ж.

 

23. Бигелдинов Талғат   

1922 жылы Ақмола облысы, Ақмола ауданында туған. Әскери ұшқыш, авиация генералы. Балалық шағы Фрунзе  қаласында өткен. Чкалов әскери авиация училищесін бітірген. Калинин, Воронеж, Далалық Украина, Одер, Ниджердегі ұрыстарға қатысты. Жауға қарсы 305 дүркін ұшып шығып, сан рет батылдық пен тапқырлықтың үлгісін көрсетті. «Кеңес Одағының Батыры» атағын    екі мәрте иеленген қазақтың дара азаматы. 

                                                                            26.10.1944 ж., 27.06.1945 ж.

                                                              

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар