Қауіпсіздікке мән берілмейінше қатерден құтылмаймыз
- author AR-AY
- 8 мамыр, 2025
- 28

Егер олар расында да газ құбырын немесе газ қондырғысын тексеріп, тұрақты қызмет көрсетіп жүрсе мейлі екен. Бірінен соң бірі мазаны алатын олар тұрғындар сұраған ақшасын бермегеннен кейін ақыр соңында өз жөніне кете баратын. Енді жағдай ондай болмайтын көрінеді. Анығын айтқанда, алдағы уақытта тұрғындар осындай жеке компаниялармен келісімшарт жасасуға міндеттеледі. Егер кім де кім бұл талапты орындамаса, оларға газ берілмеуі мүмкін. Мұндай міндеттеме тұрғындар қауіпсіздігі үшін қажет. Себебі жазатайым оқиғалардың дені осындай қауіпсіздікке мән бермеуден орын алады екен.
Бұл жөніндегі мән-жайға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қанықтық. Жиында баяндама жасаған «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалының директоры Бақтияр Көпбосынов облыста көміртегі тотығымен улану фактілерінің жиілегенін тілге тиек етті.
– Оқиға орын алған жерлердегі уланудың 85 пайызы мұржалардың бітелуінен, жарамсыз күйде болуынан, темір құбырлардың сыртқы оқшаулаусыз тартылуы, бөлмелердің талапқа сай келмеуі, қолдан жасалған және қауіпсіздік автоматикасы жоқ жылыту пештерін қолданудан болған. Сондай-ақ мұның қатарында газ су жылытқыштарын ванна бөлмелеріне рұқсатсыз орнату салдары да бар. Қалған 15 пайызы газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан туындаған. Бұдан бөлек Тараз қаласының аумағындағы газ құбырлары мен құрылыстарының күзет аймақтарын тексеру барысында 19 мекенжайда бұзушылықтар анықталды. Газдың ағып кетуіне және төтенше жағдай қаупіне жол бермеу үшін газ құбыры өтетін учаскелердің заңдылығын анықтау және күзет аймағын қамтамасыз ету бойынша арнайы комиссия құру керек, – деді Бақтияр Бейсембайұлы.
Оның айтуынша, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы үйішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсете алмайды. Бұл қызмет бәсекелестік ортаға берілген. Сондықтан тұрғындар қолданыстағы заңнамаға сәйкес үйішілік газ жабдықтарына, желдеткіш және түтін шығу арналарына қатысты техникалық қызмет көрсететін тиісті лицензиясы және аттестаты бар компаниялармен келісімшарт жасасуы тиіс.
Сондай-ақ жиында осы мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлер айтқандар да болды. Өзін республикалық «Мұнай-газ» қауымдастығының төрағасымын деп таныстырған Ерғали Жәнібеков облыста газ инспекцияларын құруды ұсынды.
– Қазір газ саласында ретсіздік көп. Газ тасымалдаушы компаниялар үй ішіндегі жүйелерге жауап бермейді. Ал ішкі газ жүйесіне қызмет көрсететін мекемелермен тұрғындар тікелей келісімшарт жасасуы керек. Бірақ көп жағдайда бұл талап орындалмайды. Себебі оны бақылайтын газ инспекциясы жоқ. Жергілікті билік бақылауға құқылы емес. Сондықтан кімнің қай жерде, қалай жұмыс істеп жатқаны беймәлім. Мысалы, Шымкентте кей компаниялар келісімшартсыз газ беруді тоқтатқан. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңда қауіпсіздік пен бақылау мәселесі нақты айтылған. Алайда заң талаптары орындалмай жатыр. Кейбір ұйымдар сапасыз қызмет көрсетіп жүр. Менің айтайын дегенім, әр облыста арнайы газ инспекциясы құрылуы керек. Сонда ғана нақты бақылау болады. Қазір кімнің не істеп жатқанын ешкім білмейді, – деді ол.
Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы бұл бағытта арнайы жоспар жасалып, сол бойынша жұмыс жүргізуді, жаңа талап бойынша тұрғындар арасында түсіндірме жұмысын жүргізіп, БАҚ және әлеуметтік желі арқылы жұртшылықты құлақтандыруды жауаптыларға тапсырды. Газ қауіпсіздігіне бақылауды күшейту, үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсететін компаниялардың бағасын реттеу, цифрлық төлем жүйесін енгізу қажеттігін де баса айтты.
– Газға байланысты төтенше жағдайлардың көбісі уақытылы тексеріс болмағандықтан орын алады. Пеш мұржасы дұрыс орнатылмаса, газ құрылғылары мерзімінде тексерілмесе, оның салдары ауыр болады. Тұрғындарға келісімшарт арқылы қызмет көрсететін компаниялардың бағасы бірдейлендірілуі керек. Олар бағаны әртүрлі айтып, тұтынушыларды шатастырып жүр. Олардың бірі тазалау, тексеру жұмысына 3 мың теңге сұраса, енді бірі 5-6 мың теңге ақы алады. Баға үйдің көлеміне немесе пештің ерекшелігіне қарай нақты есептеліп, ашық түрде жариялануы қажет. Тағы бір маңызды мәселе – қызмет сапасы. Кей мамандар тексеруге келген болып, үйге кірмейді, тіпті мың теңгеге газ құбырларын тексермей-ақ қол қойдырып алуға тырысады. Осыдан кейін тұрғындар мұндай компанияларға сенімсздікпен қарап, келісімшартқа отырудан бас тартпағанда қайтеді? Мұндай көзбояушылық қауіпті. Тексерілмеген үйге газ берілсе, оқыс оқиғалар туындауы мүмкін. Сондықтан, тексеріс нақты жүргізілуі керек. Сондай-ақ, кейбір қызметкерлер тұрғындардан қолма-қол ақша сұрайды. Бұл заңға қайшы. Қазіргі таңда төлемдердің бәрі электронды форматқа өтіп жатқанда мұндай әрекет күдік тудырады. Мысалы жақында газдың есептеуіш құралын тексеріп жүрген бір бақылаушының қарыз сомасын жою үшін үй иесін есептеуіш құралды кері айналдыруға үгіттегені анықталды. Сондықтан коммуналдық төлемдерді есептеу орталығының (РЦКУ) жұмысын тексеру керек және газ инспекциясы мәселесі шешімін тапқанға дейін кімнің техникалық қызмет көрсететін компаниямен келісім жасасқанын, ол компания қандай қызмет көрсеткенін бақылауды осы орталыққа жүктеу қажет. Жалпы алдағы уақытта төлем жүйесін толық цифрландыру қажет. Газ және су жүйелеріне де осы тәртіпті енгізуіміз қажет. Электр энергиясы бойынша бұл жүйе сәтті іске асып жатқаны баршамызға белгілі, – деді Қанатбек Мәдібек.
Бұдан кейін «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жамбыл бөлімшесі филиалының бас инженері Дүйсенбек Сыдықов баяндама жасады. Оның айтуынша, теміржолшылар тарапынан атқарылып жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, облыс көлемінде пойыздың адам мен мал басып кету фактілері әлі де тіркелуде.
– Облыс халқы, оның ішінде Тараз қаласы тұрғындарының саны жыл санап көбейіп келеді. Сол себепті темір жол маңындағы қауіп те артып отыр. Станса, жол дистанцияларының басшылары тұрғын үйлерді, шаруа қожалықтарды аралап, ескертпе парақшалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мектептерде оқушылармен және мұғалімдермен кездесулер өтіп жатыр. Алайда бұған қарамастан, мектеп оқушылары, жеке азаматтар мен көлік жүргізушілері тарапынан қауіпсіздік ережелерін елемеу деректері кездесіп отыр. Мәселен, жуырда Тараз қаласындағы бұрынғы Ақбидай элеваторы маңындағы теміржол өткелінде жол-көлік оқиғасы орын алды. Пойыздың бірден тоқтай алмайтынын ұмытпауымыз керек. Оның тежелу жолы жылдамдығына қарай 50 метрден 1000 метрге дейін созылады, – деді Дүйсенбек Тұрсынбайұлы.
2022-2024 жылдар аралығында машинистер адам басып кету қаупіне байланысты 32 рет шұғыл тежегіш қолдануға мәжбүр болыпты. Оның ішінде 12 жағдай адам өліміне, 7 оқиға жарақат алуға әкелген. Бұл мәселе әсіресе Тараз, Құмшағал, Мыңарал, Шоқпар стансаларында өзекті болып отыр. Пойыздар санының артуы тұрғындардың теміржолдан өтуіне кедергі келтіруде. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында 3 адам басу дерегі тіркелсе, оның бірі Шайқорық стансасындағы 4 жасар балаға қатысты болған оқиға. Мал басу деректері де Хантау, Қияхты, Жиделі, Шу стансалары мен Тараз-Түлкібас бағытындағы учаскелерде жиі орын алады екен. Бұл ретте жеке шаруа қожалықтарының жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.
Жиын соңында күн тәртібіне шығарылған мәселелердің маңыздылығына байланысты Қанатбек Қайшыбекұлы жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Орын алған оқиғаларға бейжай қарамауды, қауіпсіздік шараларын жүйелі түрде күшейтуді тиісті мамандарға тапсырды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ