Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында еркін күрестен 74 келіде бақ сынаған жамбылдық Ғасыр Тұрғынбай қола жүлдеге ие болса, 57 келі салмақта өнер көрсеткен Ғабит Есжанов күміс медальға қол жеткізді. Ғабит Есжанов бұған дейін 2013 жылғы Сурдлимпиада ойындарында жеңімпаз атанса, 2021 жылы күміс жүлдені қанжығасына байлаған. Сондай-ақ қос спортшы әлем және Азия чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көрінуде.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен салтанатты күтіп алу шарасына арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов спортшыларды жарқын жеңісімен құттықтап, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі. Сонымен қатар қос спортшының бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерназар Қонысбаев қолдау көрсеткен барша жанкүйерлер мен басшылық құрамға өз алғысын білдіріп, биік белестерді бағындыру жолында тынбай еңбек ететінін айтып өтті.
Еске сала кетейік, Жапония астанасы Токио қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында облысымыздан 7 спорт түрі бойынша 12 спортшы ел намысын қорғады. Олардың қатарында еркін күрестен Ғабит Есжанов, Ғасыр Тұрғынбай, грек-рим күресінен Абзал Досжанов, дзюдодан Айдос Түгелбаев, Анна Краморова, Фериде Кара-оглы, Эвелина Егембердиева, таеквондодан Олжас Рысжанов, Мәди Сейсенбаев, жүзуден Софья Закутняя, жеңіл атлетикадан Яна Сибирякова және үстел теннисінен Күлжамилә Әділова бар.
Байрақты бәсекеде жекелей сайыс бойынша дзюдодан 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Анна Краморова қола медаль жеңіп алып, Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салған болатын. Ал командалық сында Қазақстан ерлер құрамасы жеңімпаз атанса, әйелдер құрамасы күміс медальға қол жеткізді. Бұл құрамаларда жамбылдық Айдос Түгелбаев, Фериде Кара-оглы мен Анна Краморова өнер көрсеткен.
Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ




