Жамбыл облысында Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті
- author AR-AY
- Бүгін, 12:51
- 24

Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, көпшілікті еліміздің ең басты құндылықтарының бірі – бірлік пен келісім мерекесімен құттықтады.
– Бұл күн – татулық пен достықтың, ынтымақ пен түсіністіктің символына айналған айрықша мереке. Ынтымағы жарасып, ырысы артқан елімізде бүгінде ұлттар мен ұлыстар бір мақсат, бір мүдде, ортақ болашаққа ұмтылып, киелі шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. 30 жылдық белесті еңсерген Қазақстан халқы Ассамблеясы татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысына айналды. Үш онжылдықта қоғамдық келісім нығайып, ұлттық бірлік пен ынтымақтастық тереңдеп, елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрды. Бұл жетістіктер – әрбір қазақстандықтың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бүгінде ынтымағы жарасқан, татулықты ту еткен Жамбыл облысында 80-нен астам этностың өкілі бейбіт әрі берекелі ғұмыр кешіп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Бұл – өңіріміздің ең асыл қазынасы, – деп ақжарма тілегін білдірді аймақ басшысы.
Сонымен қатар айтулы күнде өңірдегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» медалімен марапаттады.
Іс-шара барысында өңірдегі этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, әр ұлттың салт-дәстүрінен сыр шертетін сахналық қойылымдар көрсетіліп, концерттік бағдарлама жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.