Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады
- author AR-AY
- Бүгін, 11:13
- 21

"Бұл – мемлекетіміз үшін айрықша мәні бар мейрам. Жұртымыз ортақ құндылықтарға негізделген жасампаз мақсаттарға жету жолында бар күш-жігерін жұмылдырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Кең байтақ жерімізде түрлі этнос өкілдері өзара келісімде, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Осы бірегей ұйым әуел бастан еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналды. Ассамблея азаматтарымыздың өзара құрметі мен ырысты ынтымағына сүйеніп, ұлтты ұйыстыруға елеулі үлес қосып келеді", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, халықтың ауызбіршілігі мен тілеулестігінің арқасында ел дамып, реформалар сәтті іске асуда.
"Еліміз теңдікке, өзара сенімге және мәдени әралуандылықтың жасампаз әлеуетіне арқа сүйеп, ел бірлігін одан әрі нығайта түседі. Біз жұрт болып жұмыла білсек, кез-келген сынақты еңсеріп, биік белестерді бағындырамыз. Ұлтымыздың арман-мұраты – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз", – делінген президенттің құттықтауында.