Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Білім биікке бастайды

Білім биікке бастайды
Автор
Ұлты кәріс болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын Аяна Ким ұлттық құндылықтарымызды белсенді насихаттап жүрген талапшыл жастардың бірі. Қазақ халқының мәдениеті мен тілін жүрегімен сезіне білген кейіпкеріміз Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде түрлі іс-шараларға белсенді қатысып, жастар арасында ұлтаралық достық пен бірлікті нығайтуға да өз үлесін қосып жүр.

– Мен әрдайым екі ұлттың – корей және қазақ мәдениетінің ұқсастықтарын мақтанышпен айтамын. Екі халықта да қонақжайлылық, үлкенге құрмет, отбасы ұғымына ерекше мән беріледі. Қазақ халқының өнері мен мәдениеті мені ерекше шабыттандырады, – дейді Аяна.

Қоғамдық жұмыстарда да еңбегі елеулі Аяна әрбір бастамаға жауапкершілікпен қарап, әр ісіне үлкен ынтамен кірсу арқылы өзгелерге үлгі болуда. Ол жастайынан қоғамдық жұмыстарға етене араласып, түрлі жобалардан бой көрсетуде.

– Бүгінде «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесімін. Түркістан қаласында өткен «Бір ел» тарихи-танымдық экспедициясына және Көкшетау қаласындағы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумына қатыстым. Бұл жобалар арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен достар таптым.

Сондай-ақ, университетіміздегі «Алтын шаңырақ» студенттік Ассамблеясы да мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Бұл ұйымның негізінде еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайту бағытында жұмыс істейміз. Алдағы уақытта нақты жоспарлар мен жобаларды іске асыруды мақсат етіп отырмын, – дейді Аяна.

Білім алу – адамның биік мақсаттарға қол жеткізуіндегі ең сенімді жол. Білім – мықты тұлғаның іргетасы, рухани байлығы мен өмірлік қаруы. Ғылым мен өнердің тереңіне бойлай алатын, өз мақсатын жетік меңгерген адам ғана өз армандарына сенімді түрде жете алады.

–Менің өмірлік ұстанымым – сапалы білім алу арқылы биік мақсаттарға жету. Қазір көптеген жастарымыз қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады, экологиялық және әлеуметтік мәселелерге өз үнін қосуда. Солардың қатарында болу мен үшін мәртебе. Колледжді бітірген соң облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығында жұмыс істедім.

Осы уақытқа дейін «Taraz Awards» жастар сыйлығының және «Қоғамдық қызметтегі үздік жас» номинанты атандым, Астана қаласында өткен «Elim degender» шығармашылық байқауында жеңімпаз болдым, сондай-ақ «Тәуелсіздік ұрпақтары» әкім грантының иегері атандым, – дейді кейіпкеріміз.

Болашақта мемлекеттік қызметкер болуды мақсат еткен Аяна үшін халыққа қызмет ету – үлкен мәртебе. Ол ұлтқа деген сүйіспеншілігін тек сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеуді өмірлік ұстанымы ретінде қабылдаған.

–Болашақта мен өзімді мемлекеттік қызмет саласында көремін. Арманым – Ақордада жұмыс істеу. Бұл жай ғана лауазым емес, халқым мен елімнің дамуына үлес қосу деген ұлы міндет. Сол үшін білімімді шыңдап, табанды еңбек етуге бел будым.

Ал қоғамдық белсенділік өмірімнің ажырамас бөлшегі. Белсенді болу оңай емес, кейде жеке өмір мен отбасылық басқосулар мен мерекелік жиындардан бас тартуға тура келеді. Бірақ мен мұның бәрін мақсатым жолындағы кішкентай құрбандық деп білемін. Бос уақытта міндетті түрде демалуға көңіл бөлу керек екенін де жақсы түсінемін.

Негізі бала күнімде Анна Данченко секілді қазақ тілді журналист болуды армандадым. Қазақша жаңалықтарды әдемі жеткізу маған қатты ұнайтын. Шығармашылыққа жақын болған соң, әрдайым үлкен мақсаттар құрып, қиялға берілетінмін. Енді есейе келе, өз елім үшін адал қызмет ететін, халқының сенімін ақтайтын тұлға болуды мақсат етіп отырмын.

Замандастарыма айтар кеңесім, қандай жағдай болмасын арманыңа берік бол, өжет бол, адалдық пен еңбекті ту ет. Ешқашан ерінбе, себебі сенің қолыңда – өз тағдырың, өз еліңнің болашағы, – дейді Аяна Ким.

Әрбір жас өзінің бойындағы күш-жігерін, білімін, қабілетін Аяна секілді еліміздің өркендеуіне жұмсауы керек. Себебі олар тек өз болашағы үшін емес, тұтас ұлттың тағдыры үшін жауапты. Бүгінгі жастардың ұмтылысы мен талпынфсы арқылы ертеңгі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі артады.

 

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар