
Есімдері Қазақстанға ғана емес алыс-жақын шетелдерге танылып үлгерген блогер жұп Георгий Коваленко мен Валентина Хонның блогтары негізінен махаббат, отбасы және өмірдің қарапайым сәттеріне арналған. «TikTok» пен «Instagram» желілерінде қызықты контент жасай отырып, олар өздерінің өмірі мен тәжірибесі арқылы жастарға шабыт сыйлап, мотивация береді. Олардың блогтары көп жанның, әсіресе әйелдерің өмірге деген көзқарасын өзгертуге ықпал етуде.
Георгий Тараз қаласында өмірге келсе, Валентина өмірлік серігін кездестірген осы қалаға жеті жасында көшіп келген екен. Ынтымағы жарасқан отбасының екі қызы бар. Екеуі де тұрмыс құрған.
Өнерлі жұптың махаббат тарихы Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтында басталған. Олар 17 жасында сол оқу орнына қабылданған. Георгий сол кезде-ақ харизмасымен, тамаша әзіл-қалжыңымен және әңгімеге тарта білетін қасиетімен өзгелерден ерекшеленіп, Валентинаның назарын өзіне аударған. Кейіпкеріміз сол кезді:
«Мен оны алғаш көргенде-ақ жүрегім аттай сулап сала берді. Георгийдің бар болмысымен жүрегімді жаулап алғанын, тағдырымды осы жанмен байланыстырғым келетінін бірден түсіндім» деп тебірене еске алады.
Уақыт өте келе екі студенттің қарым-қатынастары тереңдей түсті. Бірге көңіл көтере жүріп олар бір-бірін үнсіз отырып түсіне алатын кезеңге жетті. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дегендей, сөзсіз ұғыныса алатын қасиет екеуінің арасындағы байланысты бұрынғыдан да нығайта түсті. Валентина үшін Георгий арқасүйер сенімді тірегіне айналды.
Олардың пікірінше, бақытты некенің негізі – өзара құрмет. Махаббат, түсіністік, әзіл – бәрі де маңызды. Бірақ егер екі адам бір-біріне құрметпен қарамаса, қарым-қатынасты ұзақ уақыт сақтау мүмкін емес. Сондай-ақ, әрқайсысының жеке дамуына мүмкіндік беру және әрқашан бір команда болу – берік некенің тағы бір маңызды қағидасы.
Георгий мен Валентинаның араларында келіспеушіліктер де болып тұрады. Әсіресе шығармашылық тұрғыда көзқарастары жиі үйлеспейді. Алайда олар әрдайым бірін-бірі тыңдап, пікір қайшылығын ортақ шешімге келу арқылы еңсеруге тырысады. Десе де, Георгийдің өмірге деген көзқарасы, жағымды энергиясы, айналасындағы сұлулықты көре білуі және адамдарды шабыттандыра білетін қабілеті Валентинаны әлі күнге дейін тәнті етеді. Ол өз жолдасының адалдығы мен шынайылықтан айнымаған таза болмысының жылдар өтсе де өзгермегенін жоғары бағалайды.
Өкініштісі ғашықтар оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқалы жатқан кез Кеңес одағы ыдыраған уақытқа тұспа-тұс келеді. Жас инженер-құрылысшылар жұмыс таба алмай біраз жүрген соң, басқа сала, яғни, кәсіпкерлікке кетіп, өмірлерін түбегейлі өзгертуге бел буады. Тоқырау жылдары олардың табандылығы мен іскерлігін шыңдаған кезеңге айналды деуге болады.
Осы жылдар ішінде олар жеке кәсіпкерліктерін дамытуға көп күш салады. 30 жыл бойы бірге жұмыс істей отырып, қаншама сәтсіздіктерден өтіп, табысты бизнес өкілдеріне айналды. Уақыт өте келе жаңа мүмкіндіктер ашылып, әлеуметтік желілердің дамуы ерлі-зайыптылардың өміріне тағы да тың серпін берді. Валентина цифрлық әлемнің құдіретін түсініп, блогерлік жолды бастады. Бүгінде Валентина Хонның (@valentinakhon) «Insagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында 286 000, «Tik-Tok» желісінде 325,700 жазылушысы бар. Оның жолдасымен бірге түсірген бейнероликтері кемінде 15,8 миллионнан аса лайк жинаған.
– 15 жыл бұрын қыздарымыздың ұсынысы арқылы басталған идея өміріміздің мәніне айналды. Қыздарым әлеуметтік желілерде парақша ашып «әйелдерге арналған сән, сұлулық және өзін күтудің қыр-сыры жайлы кеңестеріңізбен бөлісіп, контент жүргізіңіз» деп ақылын айтты. Уақыт өте келе кеңестермен шектеліп қалмай, жеке өмірімізден сыр шертіп, бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз, отбасылық құндықтарымыз жайында да түсіре бастадым.
Алғашында біз блогты жеңіл дүние ретінде қабылдадық. Алдымызға ешқандай үлкен мақсат қоймадық. Алғашқы шынайы жетістік күтпеген жерден келді. Үйдің террассасында көңілді музыкаға билеп түсірген шағын әзіл видеомыз миллиондаған қаралым жинап, көпшіліктің жылы пікіріне ие болды. Сол сәтте біз адамдарға мінсіз бейне емес, шынайы эмоция мен табиғилық керек екенін түсіндік.
Жаңа идеялар іздеу мен түсірілім процесінің өзі бізге шабыт пен қуаныш сыйлай бастады. Сол кезде бұл іс біз үшін жай ғана әуесқойлық емес, әлеммен өз ойымызды бөлісу, өмірдің қарапайым әрі жан жылытар сәттерін бағалауды еске салу құралына айналғанын түсіндік. Миллиондаған әлеуметтік желі қолданушылары бақылап отырған соң блог жүргізу мен үшін үлкен жауапкершілікке айналды. Өйткені сен өз өміріңді көрсетіп қана қоймайсың, өзгелерге үміт сыйлап, кейде сөзбен немесе өз мысалыңмен қиындықтан алып шығар жол көрсетуің де мүмкін. Бастысы біз халық алдында жасандылыққа барып, актерлер секілді ойнамаймыз. Роликтерімізде әрқашан өз болмысымызды сақтауға тырысамыз. Георгий екеуіміздің өмір жолымыз өзгелерді әсіресе, ғашықтар мен ерлі-зайыптыларды жігерлендірсе – біз үшін қоғамға пайда тигізу деген осы, – дейді В.Хон.
Бұл отбасында бизнес, өзара қарым-қатынас пен блог жүргізуде де ортақ үйлесім бар. Күнделікті өмірде Валентина мен Георгий біртұтас механизм сияқты. Әркім өз міндетін біледі, бірақ әрдайым бір-бірін толықтырып, қолдап жүреді. Контент жасауда да осындай тандем орнаған. Георгий – креативтің, визуалдың және көңіл күйдің шебері, ал Валентина – идеяның, видео құрылымының авторы. Кейде пікірлерімен келіспей дауласып қалғанымен, блогер отбасының ортақ мақсаты бір. Ол – шынайы әрі өмірдің шындығын көрсететін контент жасау.
– Қарым-қатынас тірі ағза тәрізді, оны сақтау үшін екі жақ та еңбек етуге, бір-бірін қолдауға және кез келген қиындықты бірге еңсеруге дайын болуы керек. Сонда ғана ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббат нығая түседі. Отбасы, бизнес пен блог, бәрін қатар алып жүруге болады. Өз-өзіңді дамыту, бір орында отырып қалмас үшін мұндай жаңашылдықтар адам өміріне керек те. Ең бастысы – өз ісіңді шын жүректен сүйіп жасап, уақытты дұрыс пайдалануды үйрену. Сол кезде шаршау мен күйзеліс сәттерінде де тоқтап қалмайсың.
Отбасым яғни, жарым мен екі қызым өмірімнің мәні. Ал ортақ бизнесіміз – отбасымыздың, қыздарымыздың қажеттілігін өтейтін адал еңбекпен табылған табыс көзі. Отбасы, қыздардың тәрбиесі мен бизнеске бірдей көңіл бөлу шынында оңай емес. Енді осыған блог жүргізу қосылды. Контент жасау әйелімнің қалауы болды, мен күйеуі ретінде қарсы келмей, қолдау білдірдім.
Валентина екеуіміз тыныш жата алмайтын адамдардың қатарынанбыз. Шабыт келгенде кешкісін немесе демалыс күндері де жұмыс істей береміз. Бұл көп адам ұстанбайтын жол болар, бірақ біз үшін қалыпты жағдай.
Отбасымызда көптен бері қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Отбасы мүшелері әрқашан Жаңа жылды бірге қарсы аламыз. Қазір қыздарым шетелде тұрады. Алайда әр Жаңа жылда бір дастарқан басында жиналып, өткен жылды қорытындылап, алға жоспар қоямыз. Бұл – отбасы бірлігін сақтаудың бір тәсілі, – дейді Г.Коваленко.
Блогер отбасының идеялары өмірдің өзінен туындайды. Күнделікті отбасы өмірінен алынған күлкілі жағдайлар, салмақты дүниелер қаншама жанға жігер сыйлап келеді. Жасаған контенттерінің авторлары да өздері. Ортаға ой тастап, идеяларымен бөліседі де солардың арасынан көңілге қонымдыларын таңдап, креативті дүние жасап шығады. Кейбір идеялар бір сәтте туындаса, кей роликтері алдын ала егжей-тегжейлі жоспарланады. Валентина мен Георгий бір бейнеролик дайындау үшін таңдаған тақырыптары мен мазмұнының күрделілігіне қарай 30 минут пен 5-6 сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Трендтер мен заманауи тақырыптарды да назардан тыс қалдырмауға тырысады.
– Халық назарында болған соң хейтпен де жиі кездесеміз. Біз Георгий екеуміз теріс пікірлерге сабырмен қараймыз, мән бермеуге тырысамыз. Кейде тек әзілмен немесе жұмсақ, сыпайы жауап береміз. Әрине, кейбір теріс пікірлер жанға тиюі мүмкін, әсіресе жеке басыңа қатысты болса. Бірақ ешқашан теріс пікір жазушымен дауласып уақыт жоғалтпаймыз, керісінше, өзімізді қолдайтын аудиторияға көңіл бөлеміз. Хейтсіз танымалдық болмайтынын түсінеміз. Егер сен біреудің эмоциясын оята алсаң, сені бақылайды, талқылайды, тіпті сынайды. Сондықтан біз олардың пікірлерін өшірмейміз. Олар да парақшаның алға жылжуына көмектеседі. Бастысы ұстанымымыз – теріс пікірге бола өз көзқарасымыздан бас тартпау.
Кейде келген хаттардан жанымыз тебіренеді. Адамдар біздің видеоларымыздың қиын сәттерде оларға қолдау көрсеткенін жазып жатады. Бұл сәттер істеп жатқан ісіміздің маңызды екенін көрсетеді. Десе де танымалдылық мінезіміздің, адамдық қасиетімізді өзгерткен жоқ. Көшеде танып, жылы сөздер айтып, «бірге суретке түссек бола ма?» деп өтініш айтатын оқырмандарымыздың қатары көбейді. Бұл жанға жағымды екенін жасыра алмаймыз. Блогымызды тамашалаған оқырмандар арасында бізге қатысты түрлі «теориялар» туындай бастағаны қызықты жағдай болды. Бірі бізді кәсіби актерлер деп ойласа, енді өзгелері контент түсіруге үлкен шығармашылық топ үлес қосып жүр деген пікірде екен. Мұндай пікірлерді қуана, кейде таңдана оқимыз, – дейді Валентина Хон.
Георгий мен Валентинаны ТМД көлеміндегі көп оқырмандары Ресей немесе өзге елдің блогерлері деп ойлайтын көрінеді. Жазылушылары сүйікті блогерлерінің тараздық тұрғындар екенін білгенде таңданыстарын жасыра алмайды екен. Қыздары шетелде тұрса да, бұл отбасы Тараздан көшу туралы мүлдем ойламайды. Себебі өз Отанына, туған жеріне деген сезімдері бәрінен биік, ол олардың жүрегінде әрдайым бірінші орында.
– Ұлтымыз өзге болғанмен – жанымыз қазақ. Тараз – біздің жетістіктеріміз мен сәтсіздіктеріміздің, махаббатымыздың куәсі. Бұл қала бауырына басып аялаған анамыз секілді ыстық. Қазақстан – қанша этнос өкілдері келісімде, ынтымағы жарасып өмір сүре алатынының дәлелі, – дейді кейіпкерлеріміз.
Валентина мен Георгийдің пікірінше, әр адамның өзіне тән ерекшелігі бар. Егер бойыңдағы ерекшелікті жоғалтпай, шынайы бола білсең, онда сен өзгелер үшін әрқашан қызықты әрі тартымды боларсың.
Қазір олардың арман туралы түсініктері мүлде басқа. Кейіпкерлеріміз дәл қазіргі уақытта биік мақсаттар мен үлкен жетістіктерге жетуден гөрі, қарапайым, бірақ шынайы қуаныштарға көбірек мән беретін болған. Алайда олардың басты арманы – артынан жақсы іс пен сөз қалдыру. Жүректері қартаймай, шабыттары сарқылмай, әрдайым осы қалпында жүруін қалайды. Ең бастысы бақытты ата-ана немере сүйіп, өмірден жинаған мол тәжірибелерін соларға беруге асығып жүр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ