
Отандық өнім шекара асып, өзге елдердің нарығын жаулайтын болса, бұл біз үшін үлкен олжа. Бүгінде Қазақстан осындай көпбағытты сауда саясатын ұстанып, ел экономикасын көтеруге күш салып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет экспортты ілгерілетуге арналған маңызды бастамаларды жүзеге асырып, сыртқы сауда құрылымы жаңа сипатқа ие болып келеді.
– Мемлекет басшысы экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және сауда саясаты бойынша бірқатар міндет қойған болатын. Біріншіден, экспортты ілгерілету үшін қажетті құралдарды шоғырландыра отыра, экспортты қолдаудың бірыңғай терезесін құру.
Өткен жылдың қаңтар айында сақтандыру және қаржылық қолдау шараларының кең спектрін жүзеге асыруға бағытталған «Экспорттық несие агенттігі туралы» Заң қабылданды. Осы бағытта Қазақстанның экспорттық несие агенттігі қолдау құралдарының қатарын кеңейтті. Субсидиялауға балама ретінде кепілдік беру, экспорт алдындағы және сауда қаржыландыру құралдары енгізілді.
Көлік дәліздерінің дамуын ескере отырып, Қытай, Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыс елдері сияқты нарықтары анықталды. Сондай-ақ сыртқы сауда байланыстарын кеңейту мақсатында Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер мен инвестициялардың еркін саудасы туралы келісім ратификацияланды. Бұған қоса толық форматты келісім Біріккен Араб Әмірліктерімен жүргізіліп жатыр.
Иран және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлардың еркін саудасы туралы толық форматты келісімді ратификациялау аяқталды. Қазақстандық тауарлардың экспортын ілгерілету үшін қажетті инфрақұрылым салынып жатыр.
Инвесторларды тарту орталықтарына айналатын және көрші елдермен шикізаттық емес экспорттың өсуіне мүмкіндік беретін 5 трансшекаралық хаб салынатын болады. Сыртқы инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.
Елшіліктердің қолдауымен Қытайда 2 серіктес кеңсенің көрме алаңдары іске қосылды және Үрімші қаласында сауда өкілдігі ашылды. Дубайда «Qazaq Trade House» сауда үйі жұмысын бастады. Біріккен Араб Әмірліктері, Ауғанстан, Тәжікстан, Италия, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстанды қоса алғанда, негізгі серіктес елдерде 10 (он) сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылды.
Экспортты ілгерілетудегі маңызды қадам – аймақтандыру қағидаты бойынша жаңа тәсілі енгізілді.
Сондай-ақ Үрімшімен сауда 22 пайызға, Сычуань провинциясына экспорт 49 пайызға және Цзянсуға экспорт 4 есе өсті.
Қазақстандық компаниялардың ең ірі және танымал көрмелерге («CIFTIS», «CIIE», «Digital Expo», «Еуразия ЭКСПО») қатысуы қамтамасыз етілді. Қазақстандық тауарларды ұлттық павильондар арқылы «jd.com, Doiyin, Alibaba» халықаралық электрондық алаңдарда ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Екіншіден, Президент отандық өндірушілерді қорғау бойынша реттеуші шараларды әзірлеуді де тапсырды. Ішкі нарықты қорғау және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қорғау шаралары қабылданды.
Тарифтік реттеу шаралары бөлігінде Еуразиялық экономикалық комиссияның импорттық кедендік баж мөлшерлемелерін белгілеу және өзгерту жөніндегі 24 шешімі қабылданды. Тарифтік емес реттеу шаралары бөлігінде отандық өндірушілерді қорғау және ішкі нарықты тауарлардың жекелеген түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы импорт және экспортқа 20-ға жуық тыйым салулар мен шектеулер енгізілді, – дейді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Иә, бүгінде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен отандық өнімнің әлемдік нарықтарға жол тартуын жеделдету Қазақстанның сыртқы сауда саясатының басым бағыттарының бірі болып отыр. Нәтижесінде сыртқы сауда инфрақұрылымы біртіндеп болса да дамып, қазақстандық тауарды жаңа нарықтарға шығару, экспортты қаржылай және сақтандыру тұрғысынан қолдау шаралары кезең-кезеңімен іске асырылуда.
ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, өткен жылы шикізаттық емес экспорт көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға өсіп, 28,8 миллиард АҚШ долларын құраған. Ал қызметтер экспортының көлемі Ұлттық банктің алдын ала деректері бойынша 11,4 миллиард АҚШ долларына жеткен. 125-тен астам шет мемлекетке 4 мыңға жуық тауар позициясы экспортталыпты. Негізгі сауда серіктестері – Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германия.
– 2024 жылы «QazTrade» желісі бойынша – 500, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» акционерлік қоғамы бойынша – 96, яғни 600-ге жуық компания қолдау тапты. Оның ішінде 80 пайызы шағын және орта бизнес субъектілері. Көрсетілген қызметтердің экспорты барлық бағыттар бойынша қарқынды өсіп жатса, шикізаттық емес тауарлардың экспорты бойынша керісінше жағдай байқалады. Мысалы, уран, мыс және мыс катодтары, жануарларға арналған өнімдер сияқты позициялардың экспорты өсуде Ал мұнай өнімдері, жеңіл автомобильдер, табиғи газ және басқа тауарлар бойынша экспорттың төмендеуі байқалады.
Өткен жылы бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Дубай, Чэнду, Кабул, Нанкин, Үрімші, Душанбе, Милан, Ташкент, Уфа және Бішкек қалаларына 10 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылды. 270 қатысушы компания 386 миллион АҚШ долларына экспорттық келісімшарттарға қол қойды. Оның ішінде нақты келісімшарттар сомасы 224,95 миллион АҚШ долларын құрады. Шанхай қаласындағы жетінші Қытай халықаралық импорт көрмесіне Қазақстанның қатысуы ұйымдастырылып, 119,7 миллион АҚШ долларына келісімшарттарға қол қойылды.
Сонымен қатар шет елдерде және Қазақстанда өткен халықаралық көрмелерге қазақстандық компанияларды қатыстыру жұмысы ұйымдастырылды. Мысалы, Германияның Берлин қаласындағы «Green Week», Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы «ЭКСПО Қытай Еуразия», Францияның Париж қаласындағы «Salon International de l 'Agriculture», Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы «Korea Import Fair» көрмелеріне отандық компаниялар барған болатын. Еліміздің аумағында бизнес-форумдар да ұйымдастырылып тұрады.
Сондай-ақ «Alibaba.com» платформасында 70 компания «Gold Supplier» мәртебесі бар аккаунттарына ие болды. Сатылымдардың жалпы сомасы 87 миллион АҚШ долларын құрады. Экспорттық акселерация бағдарламасында 120 компания қатысушы атанды. Бағдарлама шеңберінде халықаралық нарықтардағы жағдайды талдау және болжау, экспорттаушыларға арналған презентациялық материалдарды дайындау, экспорт стратегиясы мен жоспарын жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Былтыр экспорттаушыларға шығындардың бір бөлігін өтеуге 6,3 миллиард теңге бөлініп, толық игерілді. Өтеу жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша 301 өтінім бойынша 129 экспорттаушының өтінімі мақұлданды.
2025 жылға арналған жоспар бойынша өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорт көлемін 29,5 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту қажет.
Мәселен, басым елдерде (TajQazTrade, UzQazTrade және тағы да басқа) сауда компанияларды ұйымдастыру және сүйемелдеу, экспорттық бағдарламалармен интеграциялау, «QazTrade Point» өкілдіктерін ашу, экспорт бойынша консультациялық және маркетингтік қолдау көрсету, бизнес-миссиялар мен көрмелер арқылы сыртқы инфрақұрылымды және институционалдық қолдауды дамытуға ерекше назар аудару керек.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда экспортқа бағытталған жобаларға инвестициялар тарту мәселесі өзекті болып отыр. Халықаралық инвесторларға экспорттық жобаларды одан әрі таныстыру үшін «KazakhInvest» ұлттық компаниясымен бірлесіп инвестициялық жобалардың жыл сайынғы портфелін қалыптастыра отырып, «Өндір – Сат» моделі ұсынылады, – дейді Қайрат Қалмұқаметұлы.
Сондай-ақ өндірістен экспортқа дейін «Жеткізу тізбегін дамыту» сияқты форматты пысықтау ісі де жоспарланыпты. Осы формат шеңберінде халықаралық нарықтардағы сұранысты ескере отырып, жаңа өндірістерді әзірлеу, маркетингтік қолдау және бизнесті дамытудың 10-15 жылға стратегиялық жоспарын дайындау көзделген екен. Сонымен қатар «QazTrade» желісін сауданы қаржыландырудың сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жөніндегі қаржы агенті ретінде айқындауды және «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» акционерлік қоғамының сақтандыруға жататын жобаларын субсидиялауды жүзеге асыруды бастау ұсынылыпты. Осылайша, жоғары технологиялық тауарлар экспортының өсуі қамтамасыз етілмек.
– Қолданыстағы құралдарға келетін болсақ, сауда миссияларының географиясын ұлғайту, сондай-ақ отандық компаниялардың негізгі халықаралық көрмелерге қатысуын қамтамасыз ету есебінен халықаралық нарықтардағы қазақстандық тауарлардың кеңейтілуі жоспарланған. Одан бөлек компанияларды экспорт алдындағы даярлаудан бастап, олардың экспорттық келісімшарттар жасасуына дейін экспорттық акселерация бағдарламасы бойынша жұмысты күшейту көзделуде.
Бүгінгі таңда экспорттаушылар арасында сұранысқа ие құралдардың бірі – экспорттық шығындардың бір бөлігін өтеу. Осылайша экспортты ілгерілету бойынша шығындарды және логистика шығындарын өтеуді жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, экспорттық-сауда және экспорт алдындағы қаржыландыру құралдарын пайдалана отырып, шетелдік сатып алушылар арасында қазақстандық өнімге сұранысты күшейтуге бағытталған қаржылық қолдау көлемін кеңейту мақсатында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын 50 миллиард теңгеге ұлғайтуды қолға алмақшымыз. Аталған жаңа тәсілдер Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі сауда саясатын дамыту тұжырымдамасының жобасына енгізілді, – дейді вице-министр.
Айта кету керек, еліміздің сыртқы сауда айналымының дамуына Әулиеата өңірі де қомақты үлес қосуда Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаменті мамандарының кеңесі арқылы қол жеткізген мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында облыстың Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 49 294,2 мың АҚШ долларын құрапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 166,5 пайызға өскенін көрсетеді. Сауда серіктестері арасында Ресей Федерациясының үлесі айқын басымдыққа ие. Екі айда көрші елмен тауар айналымы 37 779,8 мың АҚШ долларын құрап, жалпы көлемнің 76,6 пайызын құраған. Қырғыз Республикасымен арадағы сауда 10 129,5 мың АҚШ долларын (20,6 пайыз), ал Беларусь елімен тауар айналымы 1 384,8 мың АҚШ долларына (2,8 пайыз) жеткен.
Экспорт көлемі 13 536,9 мың АҚШ долларын құрап, оның басым бөлігі Ресейге, яғни 61,5 пайызы және Қырғыз Республикасына 36,9 пайызы бағытталған. Беларуське жөнелтілген өнім үлесі 1,6 пайызды көрсетіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда Ресейге бағытталған экспорт көлемі 488,1 пайызға артыпты. Импорт көлемінде де өсім бар. Жалпы тауар көлемінің басым бөлігін Ресейден жеткізілген өнімдер құрап отыр. Ол 26 451,1 мың АҚШ долларына, яғни 82,3 пайызға тең. Қырғыз елінен 5 136,2 мың АҚШ долларын, Беларусьтен 1 170 мың АҚШ долларын құрайтын тауарлар өңірге жеткізіліпті.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақтың айтуынша, былтыр Әулиеата өңірінен сыртқы нарыққа 863,8 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортталыпты.
– Шетелге жөнелтілген тауарлар ішінде 855,5 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдері Ресей, Қырғыз, Пәкістан, Өзбекстан, ал 8,3 мың тонна ет және сүт өнімдері Ресей, Қырғыз, Таяу Шығыс мемлекеттеріне экспортқа шығарылды. Бұл ретте 70,1 миллион АҚШ долларына 502 мың тонна пияз экспортталғанын ерекше атап өтуге болады. Сондай ақ сәбіз, картоп, асхана қызылшасы, жүгері, майлы дақылдар тұқымы, бақша дақылдары, мал азығы дақылдары және тағы басқа өсімдікшаруашылығының өнімдері экспортқа шығарылуда.
Малшаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өткен жылы 8,3 мың тонна ет экспортталды. Оның ішінде 3 592 тонна сиыр еті, 1 868 тонна қой еті және 982 тонна құс еті, 610 тонна шұжық өнімдері шетел нарығына жіберілді. Сыртқа кеткен өндірілген өнімнің үлес салмағы сиыр еті бойынша 12 пайызды, уақ малға тиесілісі 11,4 пайызды, құс еті бойынша 6,1 пайызды құрап отыр.
2025 жылдың 3 айында облысымыздан 196,2 мың тонна өсімдік шаруашылығының өнімдері Ресей, Қырғыз, Пәкістан, Өзбекстан, Әзірбайжан еліне жіберілді. Оның ішінде 140,9 мың тоннасы жеміс-көкөніс өнімдері, ал 1 689 тоннасы ет өнімдері. Көкөністің ішінде 118,8 мың тоннасы пияз, ет түгелдей Ресей, Қырғызстан, таяу шығыс мемлекеттеріне экспортталды.
Өңірдегі тауар өндірушілердің өнімін экспортқа шығару мақсатында жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Атап айтқанда, өнімдерді экспортқа шығару барысында экспорттаушы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мемлекеттік мекемелерден тиісті құжаттарды рәсімдеу және осы бағытта басқа да мәселелерді жедел түрде қарастыру мақсатында облыс әкімінің 2024 жылғы 10 желтоқсандағы №176-ө өкімімен «Ауыл шаруашылығы тауарларын экспортқа шығару жөніндегі жұмыс тобы» құрылған.
Бүгінгі күнге шұжық өндірісімен айналысатын жеке кәсіпкер Шамахсутовтың өнімдерін Парсы шығанағы елдеріне экспортқа шығару үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дәл қазіргі уақытта «ISO» және «Halal AHIK» стандарттары бойынша сертификаттары алынып, басқа да сүйемелдеу жұмыстары атқарылуда, – деді Тұңғыш Тынысбекұлы.
Жалпы қазіргі кезеңде ел экономикасының өркендеуі сыртқы сауда байланыстарымен тығыз байланысты болып отырғаны белгілі. Әулиеата өңірінің кәсіпкерлері мен шаруалары да бұл үрдістен қалыс қалмай, өнімдерін шетелге экспорттау арқылы Қазақстанның экономикалық қуатын арттыруға барынша күш салуда. Сауда серіктестіктерінің аясын кеңейту бүгінде маңызды міндет десек, осы ретте облыстың сыртқы нарыққа тауар шығаруға қатысты бастамалары мен іскер азаматтарға қолдау білдіруі көңіл қуантады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ