
Кеңейтілген отырыста өткен жылдардың қорытындысы жасалып, болашақ міндеттер айқындалды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау, ұлттың рухани жаңғыруы жолындағы маңызды бастамаларды жариялады. Сонымен қатар, экология мәселелері, «Адал азамат» тұжырымдамасы, жастардың рөлі мен жауапкершілігі секілді өзекті тақырыптар да қозғалды.
Осы орайда, Ассамблеяның сессиясына қатысқан жамбылдық делегация мүшелерін сөзге тартып, маңызы зор жиыннан алған әсерлерін сұраған едік.
Дауыл ЫНТЫҚБАЕВ,
«AMANAT» партиясы облыстық
филиалының төрағасы
Тұрақтылық бар жерде даму болады
Биыл ел бірлігінің символына айналған, татулық пен тұрақтылықтың тірегі болған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті.
Бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары екенін тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылатынын баса айтты. Сондай-ақ, Президент «Таза Қазақстан» акциясы үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді. Осы орайда, партиямыздың «Таза Бейсенбі» экологиялық акциясы облысымызда жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Партия облыстық филиалының ұйымдастыруымен жыл басынан бері 700-ден аса адам аталған акцияға қатысып, 17 тонна қоқыс шығарылды. Қазіргі таңда біз бұл акцияны челлендж ретінде қолға алып, аудан, ауыларалық жол бойын тазалауға басымдық беріп отырмыз.
Бұдан өзге, келелі жиында Мемлекет басшысы Жеңістің 80 жылдығын атап өтудің мән-маңызын айрықша атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясы аясында партия облыстық филиалының «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуені өңірдегі барлық ауданды аралап шықты.
«AMANAT» партиясы ел бірлігін сақтау, қоғамдық келісімді нығайту жолында Ассамблеямен бірге әрдайым қатар келеді. Бұл – біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Алдағы уақытта да біз әрбір этномәдени бірлестікпен ынтымақтастықта бола отырып, «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы бастамаларды қолдай беретін боламыз.
Ел іші аман, жұртымыз тыныш болсын!