
Ариф Самаддинұлы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында дүниеге келген. Бала күнінен қазақ ортасында өсіп, қазақ сыныбында он бір жыл бойы білім алған. Домбыраға деген сүйіспеншілігі мектеп қабырғасынан-ақ басталыпты.
– 1-сыныпта музыка сабағында алғаш рет домбыраның үнімен таныстым. Сол сәтте-ақ оның сиқырлы үніне ғашық болдым, – деп еске алады Ариф.
5-сыныпта ауылдағы мектептің жанынан ашылған балалар мен жасөспірімдер орталығы филиалындағы домбыра үйірмесіне қатысып, алғашқы өнер жолына қадам басады. Мұнда төрт жыл бойы білім алған жас өнерпаз кейіннен Тараз қаласындағы негізгі корпусқа ауысып, тағы екі жыл бойы шеберлігін шыңдайды.
Арифтың алғашқы ұстазы – Райхан Мақсұтова. Райхан Дулатқызының үйретуімен «Еркем-ай», «Біз өмірдің гүліміз» секілді шағын күйлерден бастап, «Кеңес», «Қос алқа», «Жастар биі» сияқты күрделі күйлерді меңгере бастайды. Әсіресе Құрманғазының «Сарыарқа» күйі жас домбырашыға ерекше әсер қалдырады.
– Күйді үйрену оңай емес. Әр күйдің өзіндік мағынасы, терең тарихы бар. Ол тек шеберлік емес, жүректен шығатын сезіммен ойналуы керек, – деген Ариф Самаддинұлының шәкірттерінің арасында түрлі ұлт өкілдері де бар екенін жеткізді.
Айтуынша, қазіргі таңда оның тоғыз өзге ұлттан шыққан шәкірті күйшілік өнердің қыр-сырын үйренуде.
Мектепті бітірген соң М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде музыка мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алған Ариф бүгінде Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің Гродеково филиалында домбыра пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарады.
Ариф Самаддинұлы домбыраны жай ғана музыкалық аспап ретінде емес, қазақ халқының рухани қазынасы деп біледі. Ол үшін домбыра – тек өнер ғана емес, ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Сонымен қатар кейіпкеріміз домбыраны тек ұлттық аспап ретінде емес, әртүрлі ұлт өкілдерін жақындастыратын құрал деп санайды.
– Домбыра – ұлт мұрасы. Домбырада өткеннің үні бар. Мысалы, «Балбырауын» сияқты күйлерді тартқанда, баяғы жаугершілік замандағы батырлардың рухы оянғандай болады. Ал «Тепең көк», «Ақсақ құлан» секілді күйлерді шерткенде, халықтың тарихи тағдыры көз алдыңа келеді. Біз домбыра арқылы тарихты сезіп, ұғынамыз.
Ең бастысы домбыра бізді біріктіреді. Мәселен, менің шәкірттерім әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған. Қазақ, дүнген, күрді, кәріс балалары да бар. Бірақ домбыраны қолына алған кезде бәрі бір халықтың өкілі сияқты күй шертеді. Музыка тілінде ешқандай шекара жоқ. Домбыра – достықтың да дәнекері, – дейді ол.
Ариф әр шәкіртіне домбыраның жай дыбыстан құралмағанын, әр пернесінде халқымыздың шежіресі жатқанын ұғындырып үйретеді. Оның сабағында әр күйдің шығу тарихы, күйшінің өмірі, күйдің мазмұны міндетті түрде айтылады.
– Қазіргі таңда бізге жай ғана нота үйрету аз. Баланың жүрегіне өнердің рухын сіңіру керек. Сол кезде ғана олар домбыраны жанымен тарта бастайды. Шынайы күй шерту – алдымен оны терең сезіну, содан кейін барып шеберлікті меңгеру, – дейді ұстаз.
Арифтің тәрбиесін көрген жас домбырашылар да өнердегі алғашқы қадамдарын нық басуда. Солардың бірі – күрді ұлтынан шыққан Эмир Айдаров пен дүнген ұлтының өкілі Расул Мұсаев.
– Ариф ағайымыз өте сабырлы. Сабақ барысында домбыраның қасиетін, әр дыбыстың мағынасын түсіндіріп жеткізеді. Бізге күй тартқанда тек техникаға сүйенбей, жүрекпен сезінуді үйретеді, – дейді Эмир Айдаров.
Ал Расул Мұсаев болса осындай ұстазға шәкірт болғанын мәртебе санайды.
– Ағайдың арқасында күйдің тереңдігін ұқтық. Домбыра сабағында әр күйді тыңдап, оның тарихына үңілеміз. Бұл біз үшін тек музыка сабағы емес, үлкен рухани тәрбие, – дейді Расул.
Ариф Самаддинұлы 9-сыныптан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шараларына белсене қатысып келеді. Әртүрлі фестивальдерде, республикалық мерекелік іс-шараларда, Тәуелсіздік күнінде, Алғыс айту күнінде, Астана мен Алматы қалаларында сахна төріне шығып, өнерін паш етті.
Оның еңбегі мен таланты тек ауыл-аймақта ғана емес, республика деңгейінде де жоғары бағаланып жүр.
– Ассамблея – мен үшін үлкен мүмкіндіктер әлемі. Өз өнерімді көпшілікке таныстырып, басқа ұлт өкілдерімен бауырдай араласып, қазақтың бай мәдениетін танытуға жол ашты, – дейді ол.
Оның әрбір шертілген күйі – ұрпақтар арасындағы рухани көпір іспетті. Домбыра күмбірі арқылы ол жүректерге жол тауып, ұлттық өнердің мәңгілік өмір сүруіне қызмет етіп келеді.
Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ