
Жуырда «ММ-Меркі» ойын-сауық орталығында өткен жәрмеңкеге 80-ге жуық адам қатысып, 30-дан аса бос жұмыс орындары ұсынылды. Жұмыс берушілер қатарында «Отбасы Банк» АҚ, Меркі аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы, жергілікті білім бөлімі, Жастар ресурстық орталығы, Меркі қант зауыты, Меркі ірімшік зауыты сияқты мекеме-кәсіпорындар бар. Жәрмеңкеде бос жұмыс орындарымен қатар жұмысқа орналасу және мемлекеттік қолдау шаралары туралы да ақпараттар берілді.
Жәрмеңке барысында алты азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, Меркі ірімшік зауытына 3, Меркі қант зауытына 2, «Мейірім Меркі» сауықтыру орталығына 1 азамат жұмысқа орналасты.
Жалпы, биылғы алғашқы тоқсанда 217 тұрғын еңбек дүбіріне араласты. Оның ішінде 60 жас тұрақты жұмыс тапса, 8 азамат «Бастау бизнес» жобасының жемісін көрді. Әлеуметтік жұмыс орнына 15, қоғамдық ақылы жұмысқа 113 жас жолданды. 21 жас «Жастар практикасы» бойынша еңбек жолын бастады.
Жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, қарапайым халықты еңбекпен қамтуға бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Нұрбек ЖҰМАНАЗАРОВ,
Меркі аудандық
жастар ресурстық орталығының директоры