Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылда ЖИ арқылы тұңғыш қазақ ертегісі жасалды

Жамбылда ЖИ арқылы тұңғыш қазақ ертегісі жасалды
Автор
Жақында облыстық «Jambyl» телеарнасы жасанды интеллекттің көмегімен анимациялық туынды жасап шықты. Тышқан мен арыстанның достығы туралы хикая кішкентай көрермендер үшін тамаша тарту болды.

Телеарна директоры Гүлбаршын Құланбаеваның айтуынша, телеарна қызметкерлері де заман көшіне ілесіп, жұмыстарында жасанды интеллектті кеңінен қолданып жүр. Мәселен Алғыс айту күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында телеарнаның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жасанды интеллект арқылы жасалған дүниелер жариялана бастаған. Жаңашылдықты көрермендер де жылы қабылдаған.

Шығармашылық жалғыз адамның жұмысы емес, ол топтық жұмыс. Ертегіге сценарий әзірлеу, дыбыстау да оңай емес. Жаңа жобаның сәтті шығуына редакторлар, дыбыс режиссерларырың қосқан үлесі зор.

Негізгі мақтаулар жасанды интеллектті меңгерген жалғыз дизайнер маман, еңбек жолын осы «Jambyl» телеарнасында бастаған Жарас Сейсебаев деген азаматқа айтуылуы тиіс. Көптеген жақсы дүниелері жарыққа шығарып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Жарас телеарнада үш жылдан бері тер төгіп жүр. Шығармашылық топ әсіресе ең қиын жұмыс болған соң, телеарна ұжымы дыбыстау мәселесінде көмекке келген Мәдениет саласының үздігі Асқарбек Сейілхан, «Атамекен бизнес» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Нұрлан Асқар секілді әріптестеріне алғыс айтуды ұмытпады.

– БАҚ саласының мамандары үшін үнемі ізденіс керек. Қазіргі трендтен қалмау, қазіргі көрерменнің сұранысын қанағаттандырып, көңілінен шығу деген дүние өте маңызды. Ал енді «Ертегі жасау бойынша идея қалай пайда болды?» деген сұраққа жауап бере кетсем, біз көне шаһардың тарихын насихаттау, әсіресе кішкентай бүлдіршіндер арасында дәріптеу мақсатында фотосуреттерді үйлестіріп, жасанды интеллект арқылы Тараз туралы ертегі жасап шыққанбыз. Бұл жоба әлеуметтік желіде өте үлкен қаралым жинап, мыңдаған адам бөлісіп жатты. Осы арқылы кішкентай бүлдіршіндер, біздің балапандарымызға арналған дүниеге сұраныстың бар екеніне көзіміз жетті. Шығармашылық топпен ақылдаса отырып, «Қазақтың қысқа-қысқа ертегілерін неге жасап шықпасқа, «Спанч боб» секілді қаптаған америкалық басқа да мультфильмдерді көргенше, өзіміздің төл ертегілерімізді неге анимациялық фильм етіп жарыққа шығармасқа?!» деген ойға қалдық. Осылай жасанды интеллекттің көмегімен алғашқы мультфильмді жасап шықтық, – дейді Г.Құланбаева.

Бір айта кетерлігі аталмыш туынды «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында облыс әкімінің қолдауымен жарық көріп отыр.

 

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар