
Жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін, құқықтық сана мен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара «Қауіпсіз қала» атты театрландырылған қойылыммен басталды.
Форумда сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ішкі істер саласында ауқымды әрі жүйелі реформа жүргізіліп, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатқанына назар аударды.
– Заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі екенін атап өтті.
Заң мен тәртіпті бұзу қоғамда хаосқа, қылмыс пен арандатушылыққа әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті, заң мен тәртіптің орындалуы тек мемлекет үшін ғана емес, әрбір азамат үшін маңызды. Жастардың тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Әділеттілік пен адамгершілікті жастардың бойына мектеп жасынан сіңіріп, олардың болашақта адал еңбекпен елге қызмет етуін бала жастан қамтамасыз ету – бүгінгі білім беру орындарының басты міндеті. Өмірдің ащысы мен тұщысын әлі сезіне қоймаған, ақ қағаздай таза беттен басталатын жас ұрпақтың санасына адалдықты мызғымас алмастай етіп құю маңыздырақ.
Өңірімізде 355 мыңнан аса жас бар. Олар жалпы облыс халқының 29 пайызын құрайды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 35 жасқа дейінгі 3 585 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Адам бағасының айрықша қасиеті – адалдық. Ол қашан да саналарыңызда сайрап, тұла бойларыңызға берік бекісе, сіздер бағындырмайтын белес болмайтыны анық. Демек, адал жас азамат – әділетті қоғамның тірегі.
Осы орайда Ұлы Абайдың «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген дана сөзі ойға оралады. Барлық салада адалдық үстемдік етсе, әділетті қоғамды сөзсіз құрамыз. Жастар еліміздің жаңа тарихи даму кезеңіне дайын болуы керек.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұранға айналуы керек. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тірегі, үкілі үміті, берік қалқаны – өздеріңіз, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан соң қатысушы жастарға құқық қорғау органдарының қызметі туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.
Келесі кезекте облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салды.
– Қауіпсіздік – әр адамның, отбасының бейбіт өмірінің кепілі. Тыныштықты сақтау – құқық қорғау органдарының ғана емес барша қоғамның ортақ міндеті. Тараз – тарихы терең, мәдениеті бай, болашағы жарқын көне шаһар. Қауіпсіз қала – жастардың болашағына, өмірлік бағытына тікелей байланысты. Жастар – еліміздің ертеңі, халықтың сенімі. Сондықтан қаламыздың қауіпсіздігі – жастардың толық дамуы мен өмір сүруі үшін аса маңызды мәселе.
Қауіпсіз қала ұғымы барлығымыз үшін қылмыстың төмен деңгейі, жол қауіпсіздігінің жоғары болуы, экологиялық тазалық және қоғамдық орнындарда өзін еркін сезіну мүмкіндігі. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы жылды «Профилактика жылы» полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Бүгінгі таңда облыстық полиция департаменті тарапынан жастар арасындағы қылмысты болдырмау, азайту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынуда. Өрендерімізден ашық сөйленіп, өзара сенім орнатқанбыз, – дейді Б.Малыбаев.
Мұнан соң ақын, жазушы Абай Қалшабек ел алдына шығып, аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының өмірбаянына байланысты тың әрі қызықты деректермен бөлісті.
Облыстық полиция департаментінің арнайы жасағының «Алға» әнінің сүйемелдеуімен көрсеткен тактикалық жаттығулары да көрермендерді тәнті етті.
Форум «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Алтын домбыра» мектебінің негізін қалаушы Ибрагим Ескендірдің «Біргеміз» және «Көк тудың желбірегені» патриоттық әндерімен аяқталды.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ