
– «Таза Қазақстан» акциясы – өзекті экологиялық мәселелерді шешуге септігін тигізетін ауқымды жоба. Акция басталғалы бері облыста көптеген жұмыстар атқарылып, тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл тұрғындар арасындағы экологиялық мәдениетті, өскелең ұрпақ арасында табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға оң әсерін тигізуде. Біз қоршаған ортаға аса жауапкершілікпен қарауға тиістіміз, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев.
Сонымен қатар, акция аясында Меркі ауданы, Меркі тау шатқалында, Қаратау, Жаңатас қалалары мен ауылдық округтерде 28 іс-шара ұйымдастырылды.
Айта кетейік, облыс бойынша наурыздан айынан басталған көктемгі екі айлық абаттандыру жұмыстары аясында «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жасыл қала», «Болашақты бірге отырғызамыз» «Жер сағаты» сынды акциялар өткізілуде.
Облыста жыл басынан бері акция аясында 350 шақырым канал мен арық жүйесі, 48 мың тұрғын үйдің ауласы мен 1,3 мың шақырым көше тазаланып, 2,8 мың тонна қоқыс шығарылды. Биыл егілетін 195 мың талдың бүгінгі күнге дейін 128 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш бұталды. 60 тарихи-мәдени ескерткіштің және 143 саябақ пен сквердің аумағы тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға 150 техника жұмылдырылған.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ