
Акцияның 5 күнінде 456 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілген. Оның ішінде 386-сы қараусыз және панасыз жүрген бала екені анықталып отыр.
Полиция қызметкерлері осы уақыт аралығында 469 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Түнгі сағат 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін балаларының үйден тыс жүруіне жол берген 369 ата-ана мен заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.Үнемі түн қатып көшеде жүруді әдетке айналдырған Д есімді жасөспіріммен тілдесудің сәті түскен еді.
– Біздің отбасымызда 5 ұл-қыз бар. Мен үйдің үлкені болғандықтан, ата-анам аулада достарыммен серуендеуге тиым салған емес. Замандастарыммен түнделетіп жүруден оғаш қылық көрмедік. Ішімдік ішіп немесе темекі шегіп, әлдебір қылмыс жасамаймыз. Кешкісін шығып гитара тартып, ән салып, сосын киноға барып, тыста біраз уақыт жүріп қаламыз. Үйге оралғанда әке-шешем ұйықтап жатады. Ол кісілер отбасын асырау үшін жұмыстан шаршап келеді, сондықтан болар, менің келгенімді күтіп отырмайды, – дейді әлгі 16 жасар жасөспірім.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу мен оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамаған 50 ата-ана анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс материалдары заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Сондай-ақ 21 кәмелетке толмаған бала мен 10 қолайсыз отбасы есепке қойылды.
– Іс-шара аясында ата-аналардың өз міндеттерін орындауына, құқықбұзушылықтарды анықтауға және кәмелетке толмағандардың қауіпті ортада болуына жол бермеуге ерекше назар аударылуда. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да әлі жалғасын табады. Жасөспірімдер ата-ананың жіті қадағалауында болуы шарт, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Орынбасар Жалдығараев.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ