
Жақсы мен жаманды айырып, баласына жақсы тәрбие беру – ата-ананың басты міндеті. Дегенмен, қай ана өзінің баласын жаман болсын дейді?
Өтпелі кезеңде балалардың мінезі өзгере бастайтыны шындық. Ол кезде баланың көңіл күйінің әсершіл болуынан бөлек, есейіп, араласып жүрген ортасы да өзгереді. Мұндай кезеңде ата-ананың мақсаты жасөспірім баласымен «бала» деп емес, ересек адам секілді сөйлесуі шарт деп ойлаймын.
Кей ата-аналар жұмысбасты болып жүріп, баласына көңіл бөлмейді. Қараусыз қалған бала сондай сәттерде өзіне «түсіністікпен» қарайтын ортаны іздейді. Бұл кейде қылмыстық орта болуы мүмкін. Ата-ана баласының қалаған затын ақшасы болмағандықтан әпере алмаған жағдайда да сана-сезімі енді жетіліп келе жатқан жасөспірім түрлі жолға түсіп, қылмысқа барып жатады.
Ұрлыққа бару, буллинг жасау, әлдекімге зорлық көрсету сынды қылмыстың түрі көп. Бала сондай қысыл-таяң шақта заңға қайшы келетін іс жасап, қателікке бой алдыруы ғажап емес. Сол үшін де баланы үйдің сүйіктісі екенін сезіндіріп өсіру керек.
Оның үстіне кейде кейбір ата-ана жасөспірім баласына қатал қарайды. Мұндай жағдайда баланың еркіндікті сезінбей өсуі де кері әсерін тигізеді. Яғни бала ата-анасының тыйым салған заттарын пайдаланғысы келеді. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы айтпақшы, «Көрсем, білсем» деген сезімі оянады. Әсіресе бала үшін тиым салынған заттар ең қызық дүние болып көрінеді.
Сондықтан балауса жастардың эмоцияларын тыю – болашақта таңдауына тұсау салу деп түсінемін. Ондай балалар кейде ата-анасы жоқ жерде өмір сүргісі келетінін көп кездестірдім. Сол себептен үйінен қашатын балалар пайда болады. Кез келген жасөспірімнің тәрбиесінде ата-ананың рөлі өте жоғары.
«Досыңның кім екенін көрсет, сенің кім екеніңді айтып берейін» деген сөз бар. Баланың айналасы теріс әрекеттерге итермелейтін болса, ол да сол жолды таңдауы мүмкін. Себебі баланы қоршаған орта оның психологиясына тікелей әсер етеді. Мұның барлығы қоғамдағы өзекті мәселе.
Кейде жасөспірім достарының арасында кемсіту, намысына тию сынды буллингке ұшырағанда оның психологиясы сыр береді. Былтыр ғана облыста мектеп бітіруші сыныптар арасында төбелес болып, бір бала бас сүйек жарақатын алды. Андрей топ баланың ортасында жалғыз қалып, мектеп бітіруіне бір ай қалған досы Сергейге хабарласып, тез келуін өтінеді. Сергей мән-жайды білмей жатып досын қорғамақ болып, жиналған баланың ішінен бір баланы ұрып тастайды. Таяқ жеген мектеп бітіруші түлек жедел ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Ал Сергейдің үстінен бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін Сергейдің Алматы қаласындағы жасөспірімдерге арналған түзеу мекемесіне жіберілгенін естідім. Сол кезде мектеп бітіруі тиіс Сергей мектеп бітіруші түлек болып қайтадан 11-ші сынып оқып жатыр. Ащы суды жанына серік еткен Сергейдің ата-анасы оқушы баласына көңіл бөлген емес. Ол сондықтан үнемі көшеде, төбелестің ортасында жүретін. Ақыры сол салғырттықтың салдарынан бүгінде ата-анасы опық жеп отыр.
Алтынай СЕЙДАХАН,
№3 мектеп-лицейдің
11-сынып оқушысы,
Тараз қаласы