
Жақында орын алған оқиғаның бірі – 38 жастағы ана өзіне бекітілген 4 кәмелетке толмаған баланы бірнеше рет бөтен адамдар мен көршілерге тастап кеткені анықталды. Сондай-ақ, әйелдің алкогольді жиі қолданатыны белгілі болды.
Ол алғаш рет былтыр қараша айында балалардың мектепке жиі бармауына байланысты полиция назарына іліккен.
Кезекті рет анасы балаларын кездейсоқ танысының үйіне тастап кеткен кезде полиция қызметкерлері балаларды отбасынан алып, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.
Анасына қатысты ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қайтадан әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ата-аналық құқықтарын шектеу мәселесі Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралатын болады.
Облыстың полиция департаменті азаматтарды балаларды қараусыз қалдыру деректеріне бей-жай қарамауға және кәмелетке толмағандарға қатысты қатыгездік немесе немқұрайдылық туралы жедел хабарлауға шақырады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ