
«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қарауловтың айтуынша, сенбілік Астана қаласында және еліміздің барлық өңірлерінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясысының бастамасымен Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.
Тараз қаласында өткен «Таза Қазақстан – болашақ үшін» акциясына қатысқан кәсіподақ мүшелері ағаш көшеттерін отырғызып, кәсіподақ ғимаратына іргелес аумақ пен Көшек батыр көшесі бойындағы сквер мен саябақты тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға 6 салалық кәсіподақтың 21 бастауыш ұйымынан 130 адам қатысты.
Бұл акцияға Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының аппарат қызметкерлері, Тараз қалалық білім мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері қатысып, табиғатты қорғау жолындағы игі бастамаға өз үлестерін қосты.
– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына кәсіподақ мүшелері де қатысып, өздерінің белсенділігін танытты. Біздің тарапымыздан ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға, қала көшелерін абаттандыруға үлес қосу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мен әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Тазалық аясында 30 тонна күл-қоқыс шығарылып, 25 қылқанжапырақты ағаш көшеті отырғызылды , – дейді Бахтияр Қараулов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
Тараз қаласы